• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:26

Астанада автобус апаты неге жиіледі?

10 рет
көрсетілді

Астанада қоғамдық көліктер қала өмірінің маңызды бөлігіне жатады. Таксимен қатынауды қалтасы көтере бермейтін қарапайым халық үшін мыңдаған адамды діттеген жеріне жеткізетін автобустардың уақытылы жүріп тұруы ауадай қажет. Дегенмен соңғы жылдары жолақысы қолжетімді қоғамдық көліктегі қауіпсіздіктің сақталмауы елордалықтарды алаңдатып отыр. Бір жылда бірнеше рет тіркелген автобус апаттарының салдарынан зардап шегіп жатқан жолаушылар да жоқ емес. Автобус апатының жиілеу себебі неде? Egemen.kz тілшісі талдап көрді.

Соңғы үш жылдағы статистика

«Астананың жолдарында таңғы және кешкі уақыттарда көлік тығыздығы өте жоғары. Қоғамдық көліктер көбінесе мейлінше көп адам алуға асығады, ал мұндай жағдайда жолаушылардың қауіпсіздігі екінші орынға шығады. Төтенше жағдайлар мен апаттар дәл осындай қарбаласта жиі кездеседі. Оның үстіне жүргізушілер көлік жүргізіп келе жатып ұялы телефонмен сөйлеседі. Тіпті кейбіреулері видеоқоңыраумен сөйлесіп келе жатады. Жылдамдықты асырған кезде, көлік ішінде тұрған адамдар бір-біріне соқтығысып, құлауы мүмкін. Осындай кезде жолаушылар ескерту жасаса одан сайын ерегесіп, жұлқынып қатты жүретін жүргізушілер де бар», дейді қала тұрғыны Әсемай Бекбергенова.

БАҚ бетінде жарияланған автобус апаттары туралы ақпараттарды тізбелесек, өткен жылы 22 ақпанда  жолаушылар автобусы Бараева көшесінде жарық бағанасына соғылды. Куәгерлер мен видеокадрларға қарағанда, автобустың алдыңғы бөлігі қатты зақымданған. Салонда шамамен 25 адам болған. Жүргізуші мен бірнеше жолаушы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді, кейбіреулеріне хирургиялық көмек қажет болды. 2025 жылы маусым айының басында Астанадағы маршруттық автобустың жүргізушісі маневр жасау кезінде көлікті басқара алмай, ақпараттық табло тіреуіне соқтығысты. Бұл оқиға салдарынан 10‑нан астам адам жарақат алып, жасөспірім қыздың аяғы ампутацияланды. 3 шілде күні Астана орталығында автобус пен автокөлік соқтығысып, жолаушылардың бірнешеуі жарақат алды.  25 тамызда жұмысшыларды тасымалдайтын автобус жүргізушісі Қaбанбай батыр даңғылында бақылауды жоғалтып, көлік арыққа түсіп кетті. Нәтижесінде 14 адам түрлі жарақат алған. 

Абай облысында 50 жұмысшы мінген автобус апатқа ұшырады

Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасынан білгеніміздей, Астана қаласында автобустардың қатысуымен 2024 жылы – 56 жол-көлік оқиғасы, 2025 жылы – 67 жол-көлік оқиғасы, 2026 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша – 23 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

«Автобустардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы, жылдамдық режимін сақтамауы, маневр жасау қағидалары, жол және ауа райы жағдайларын ескермеуі, жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелеріне мән бермеуі және басқа да факторлар болып отыр. Автобус апаттарының 65%-ы көлік құралдары жүргізушілерінің кінәсінен болған. Оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік шаралары (айыппұл салу, көлік құралын басқару құқығынан айыру) қолданылды. Ауыр зардаптарға әкеп соққан жол-көлік оқиғалары бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша автокәсіпорындарда жүргізушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Астана қалалық полиция департаментінің аға инспекторы Эльмира Шауленова.

Еңбек режимі қалай бақыланады?

№1 автопарк басшылығынан жүргізушілердің еңбек және демалыс режимі қалай бақыланатынын, автобустардың техникалық тексерісі қандай тәртіппен және қаншалықты жиі жүргізілетінін сұрап білдік.

Ақтөбе облысында автобус апатынан бес шетелдік қаза тапты

Парктің басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сұлтан Әбдіқадырдың айтуынша қоғамның балансында 1283 автобус бар. Жол-көлік оқиғаларына негізінен жылдамдық режимін, қашықтық пен бүйірлік аралықты сақтамау, қозғалыс кезінде ұялы телефонды пайдалану себеп болады. Күзгі-қысқы кезеңдегі климаттық жағдайлар да кей жағдайда апаттық жағдайға алып келетін көрінеді.

«Күн сайын кетуден 30 минут бұрын барлық жүргізушілер рейс алдындағы медициналық тексеруден өтеді. Денсаулығының ауытқуы немесе ауыр симптомдары болған кезде маршрутқа отыруға жол берілмейді. Әр маршруттың кестесінде демалу және тамақтану үшін 2-3 технологиялық үзіліс қарастырылған. Сол сияқты автобустардың техникалық жай-күйін бақылау жүзеге асырылады, атап айтқанда, қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ететін параметрлерге назар аударылады. Әр 6 ай сайын көлік құралдары мамандандырылған орталықтарда техникалық тексеруден өтеді. Техникалық байқаудан өту кезеңінің мониторингін Қоғам мамандары жүргізеді. Жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жасанды интеллект енгізу мәселесі қаралып жатыр. Сол арқылы жүргізушілердің қозғалысы желіде бақыланып отырады», дейді Сұлтан Әбдіқадыр.

Суретті түсірген – Данил Копанев

Жүргізушілердің жүктемесі көп

Дегенмен бұл пікірлерге көлік жүргізушілерінің де айтар өз уәждері бар. 

«Әрине, автобуста отырған әр адамның тағдыры, діттеген жеріне аман-есен жетуі, жүргізушінің жауапкершілігінде болады. Оны қаладағы әр жүргізуші жақсы түсінеді. Алайда, кейде жұмыс барысында жүйкені тоздырып жіберетін жағдайлар кездесіп жатады. Қаладағы кептелістің кесірінен, бір нүктеден екінші нүктеге жету уақыты созылып кетеді. Көп жағдайда жүргізушілердің ұйқысы дұрыс қанбайды. Өйткені, олар 16-17 сағат рульде отырады. Бұған қоса жүргізушіге орынсыз талап қойып, мазасын алатын жолаушылар да кездеседі. Осының барлығы жүйкеге әсер етіп, жол апатының орын алуына себеп болады», дейді автобус жүргізушісі Орынбек Тілепов. 

Суретті түсірген – Данил Копанев

Автотасымалдаушылар Одағының Бас директоры Сәбит Аманбаевтың айтуынша еліміздегі автобус жүргізушілері айына 300 сағаттан артық жұмыс істеуге мәжбүр.

«Негізгі норма бойынша адамның рөлде 176 сағаттан артық отырмағаны жөн. Бірақ жалақы төмен болған соң жүргізушілер 2 есе артық жұмыс істеуге дайын. Қоғамдық көлік айдайтындардың күніне 13-14 сағатын жолда өткізуіне тағы бір себеп маман тапшылығы», дейді ол.

Осындай пікірді «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Ашық алаң» бағдарламасында Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин де атап өтті.

«Еңбек адамы бір аптада 40 сағат жұмыс істеуі тиіс. Қоғамдық көлік жүргізушілері айына 200 сағат, аптасына 50 сағаттан орындаған. Жүргізушілердің жұмысын өте ауыр деп есептеймін. Кептелісте тұрады, таңнан бері жүрген соң жұмыс аяғында шаршайды. Жолаушылар тарапынан жүргізушілерге шабуыл жасайтын сәттер де болып тұрады. Мұның барлығы қауіпсіздіктің әлі де толыққанды шешілмегендігін көрсетеді», дейді депутат.  

Жүргізуші тапшылығы қалай шешіледі?

«City Transportation Systems» ЖШС мәліметі бойынша, қоғамдық көлік жүргізушілерінің орташа жасы – 45 жас. 50-65 жас аралығындағы жүргізушілердің үлесі 30%-дан асады, ал 25-29 жас аралығындағы жастар тек шамамен 2%-ды құрайды. Еуропа және басқа шетелдерде де жүргізуші тапшылығы байқалады. Онда шетелдік азаматтарды тарту немесе жүргізушілерді жедел оқытатын курстар арқылы шешу әдістері қолданылады. Дегенмен, бұл тәсілдер әрдайым тиімді болмай, кейде қоғамдық көліктер қатысқан жол-көлік оқиғаларының өсуіне әкеледі.

Алматыда автобус апатқа ұшырап, кішкентай бала зардап шекті

Компания мәселені шешудің жолдары ретінде «D» санатын 21 жастан бастап және кемінде бір жыл тәжірибесі бар адамдарға жеңілдетілген шарттармен беруді, жүргізушілердің еңбекақысын арттыруды, теориялық және практикалық дайындық жүргізілетін, өз полигоны бар мамандандырылған қоғамдық көлік жүргізушілерін даярлау орталығын құруды ұсынады.

Мақаланы түйіндей келе ұққанымыз автобус апаттарының жиілеуі – тек бір ғана себептен туындап отырған мәселе емес. Оған жүргізушілер тапшылығы, олардың шамадан тыс жұмыс істеуі, қоғамдық көлік парктерінің техникалық жағдайы, жол инфрақұрылымы мен қозғалыс мәдениеті сияқты бірнеше фактор қатар әсер етеді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін тек жазаны күшейту жеткіліксіз. Ең алдымен жүргізушілердің еңбек жағдайын жақсарту, кадр тарту жүйесін күшейту, көліктердің техникалық бақылауын қатаңдату және жол қауіпсіздігін арттыру бағытында кешенді шаралар қажет. Сонда ғана қоғамдық көліктегі қауіпсіздік деңгейін көтеріп, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік туады.

Соңғы жаңалықтар