• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Кеше

Мәскеуде Әлихан бюсті ашылды

20 рет
көрсетілді

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына орай Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақстан павильонына ұлт қайраткерінің бюсті орнатылды.

Қазақстанның Ресейдегі ел­шісі Дәурен Абаев Әлихан Бөкейханның Бірінші Мем­лекеттік дума депутаты болғанын алға тартып, Алаш қайраткерінің бюсті Ресей мен Қазақстан халықтарының ортақ тарихына қосқан үлесіне құрмет ретінде қойылғанын айтты. Сонымен қатар елші Әлиханның мұрасы бүгінде екі ел арасындағы стратегиялық әріп­тестік қағидаттарында көрініс тауып жатқанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ қайраткердің бюстін орнатуға бас­тамашы кәсіпкер Жанболат Надыровқа алғысын жеткізді.

Өз кезегінде Жанболат Надыров Әлиханның өмірі мен қызметін әрдайым үлгі тұтатынын айта келіп, Алаш көшбасшысына ескерткіш орнатудың маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, енді Мәскеуге келген меймандар Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрме­сіндегі Қазақстан павильонына барып, Әлиханның бюстін көре алады. Ал аталған павильонның басшысы Тамара Бабакова көрмеге келушілердің көп екенін атап өтіп, бюсті көруге келетіндер қатары арта түсетінін жеткізді.

Сонымен қатар бюстің ашылуына Әлиханның немере інісі, профессор Нұрым Бөкейханов та қа­тыс­ты. Ол атасының ел үшін орасан зор еңбек сіңіргенін айта келіп: «Әлиханның бастамасымен Абайдың өлеңдері жинақталды. Ол тұңғыш абайтанушы болды, көрнекті ақын әрі философтың мұрасын халыққа жеткізді», деді.

Әлихан бюстінің Мәскеуде ашылуының мәні бар. Себебі Әлихан 1922–1937 жылдар аралығында 15 жылдай Мәскеуде тұрды. Сол аралықта «Күн­шығыс» баспасының қазақ басқар­масында әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. 1937 жылы нақақ ату жазасына кесіліп, өртелген сүйегі Мәскеудегі Дон зираты аумағындағы шұқырға тасталды. Бұл – күрделі кезеңнің үлкен трагедиясы еді. Бір айта кетер факт: осыған дейін Әлекеңе ескерткіш Санкт-Петербордағы Мемлекеттік Дума ғимараты – Таврия сарайына орнатылғаны мәлім. 

Соңғы жаңалықтар