15 наурызда елімізде «Референдум – 2026» атты ауқымды онлайн марафон өтеді. Таңғы 09:00-де басталатын тікелей эфир түнгі 00:15-ке дейін жалғасып, ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаның барысын жан-жақты қамтиды. 15 сағатқа созылатын марафон барысында референдум күнінің негізгі сәттері, қоғамдағы көңіл күй, сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің пікірлері жедел әрі заманауи форматта көрерменге ұсынылады, деп жазады Egemen.kz.
Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған бұл жоба тек ақпарат тарату алаңы емес. Марафон қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын, жаңа идеялар мен технологиялық бастамаларды таныстыратын пікір алаңы ретінде жоспарланған. Іс-шараға саяси қайраткерлер, қоғамға танымал азаматтар, өз саласында табысқа жеткен мамандар, өнер мен мәдениет өкілдері, сондай-ақ стартап жобаларын жүзеге асырып жүрген жас кәсіпкерлер қатысып, ел дамуының маңызды бағыттары жөнінде ой бөліседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды референдумға белсене қатысуға шақырды
Марафон барысында көрермендерге технологиялық шешімдерге негізделген ерекше бағдарламалар ұсынылады. Отандық өнертапқыштар жасаған роботтар жүргізушілермен бірге эфирге қатысып, голограмма-шоу арқылы Қазақстанның соңғы жылдардағы жетістіктері көрнекі форматта таныстырылады.
Жоба аясында бес түрлі алаң жұмыс істейді. Сахнада қоғам қайраткерлері, өнертапқыштар мен қайырымды істерімен танылған азаматтар пікір алмасады. Сонымен қатар концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен өзекті тақырыптарға арналған пікірталастар өтеді. Инновациялық жобалар мен отандық стартаптар таныстырылып, қонақтармен блиц-сұхбаттар жүргізіледі. Бұдан бөлек, ел аймақтары мен шетелден тікелей қосылымдар ұйымдастырылады.
15 наурыз күні «Инватакси» қызметі тегін болады
«Референдум – 2026» онлайн марафоны республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей көрсетіледі. Жобаға қатысты жедел ақпараттар мен жаңалықтар «Референдум – 2026» телеграм арнасында тұрақты түрде жарияланып отырады.
Халықаралық миссия: ашықтық пен жариялылық