Мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында көтерілген мәселелер еліміздің саяси жүйесін одан әрі жаңғырту және өңірлік дамуды жаңа деңгейге көтеру тұрғысынан ерекше маңызды деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде жергілікті өкілді органдардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың анық нәтижесі.
Бүгінде елімізде мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту бағытында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Президент бастамасымен қолға алынған реформалар аясында мәслихаттардың өкілеттігі кеңейіп, олардың қоғам өміріндегі орны нығая түсті. Әсіресе, жергілікті деңгейдегі шешімдерді қабылдау барысында халықтың пікірін ескеру, қоғамдық бақылауды күшейту және өңірлердің дербестігін арттыру мәселелері ерекше назарға алынып отыр.
Сенат депутаты ретінде айтарым, Парламенттің жоғарғы палатасы өңірлердің мүддесін қорғауда және жергілікті бастамаларды қолдауда маңызды рөл атқарады. Сенат пен мәслихаттардың өзара тиімді байланысы елдегі заңнамалық бастамалардың сапасын арттырып, өңірлердегі өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді. Өйткені біз өңірлердегі нақты жағдайды, халықтың сұранысын ең алдымен жергілікті депутаттар арқылы білеміз.
Мәслихат депутаттарына маңызды міндет жүктелді
Қазіргі таңда еліміздің аймақтарында әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері, инфрақұрылымды жаңарту, ауылдық елді мекендерді дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғындардың өмір сапасын арттыру сияқты маңызды міндеттер тұр. Бұл міндеттерді тиімді іске асыруда мәслихат депутаттарының белсенділігі мен жауапкершілігі айрықша маңызға ие. Себебі мәслихат – халықтың сенім мандатына ие болған өкілді орган.
Тоқаев: Мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет
Сонымен қатар жергілікті басқару жүйесін жетілдіру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі, жергілікті бюджеттердің мүмкіндігін кеңейту, өңірлердің экономикалық дербестігін арттыру секілді бастамалар еліміздегі демократиялық институттардың нығая түскенін көрсетеді. Мұндай өзгерістер халықтың мемлекет басқаруына деген сенімін арттырып, қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Мәслихат депутаттарының республикалық форумы – тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді ашық талқылайтын маңызды алаң. Мұнда айтылған ұсыныстар мен пікірлер өңірлік саясатты жетілдіруге, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару институттарын нығайтуға бағытталған нақты шешімдердің қабылдануына негіз болады деп сенемін.
Президент: Мәслихаттар толық цифрлық мемлекет құру мәселесіне белсенді атсалысуы қажет
Ең бастысы – біздің барлық жұмысымыздың түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және әділетті қоғам құру екендігін ұмытпауымыз керек. Осы бағытта Парламент Сенаты, мәслихаттар және атқарушы билік органдары бірлесе жұмыс істегенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Бекболат ОРЫНБЕКОВ,
Сенат депутаты