Ербол Хамитов Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды, деп сүйіншілейді Egemen.kz.
Отандасымыз пара биатлон жарысында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ербол Хамитов 4,5 шақырымдық із кесу жарысында (отырып жарысу санаты) үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды.
Жарыста қара үзген жеңімпаз украиналық Тарас Радты, қытайлық Цзысюй Люді шаң қаптырды.
Айта кетейік, бұған дейін Ербол Хамитов осы Паралимпиада ойындарында пара шаңғы жарысынан қола медалді жеңіп алған еді. Осылайша қазақстандық спортшы бір жарыстың өзінде екі жүлде қоржынға салды.
Ербол параспортқа 2018 жылы келген. Содан бері қысқы спорт түрлерінде табанды дайындалып, халықаралық жарыстарда көзге түсті. 2022-2023 жылғы қысқы маусымда пара биатлон мен пара шаңғыдан әлем кубогі кезеңдерінде бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Кейін әлем чемпионатында да үздік шығып, Қазақстан спорты тарихында осы бағыт бойынша жаһандық деңгейдегі алғашқы чемпион атанды. Бұған дейін бұл белес отандастарымыз үшін алынбай келген еді.
2024-2025 жылғы маусым қорытындысында Ербол пара биатлоннан әлем кубогінің жалпы есебінде көш бастап, араға 31 жыл салып елімізге мәртебелі Хрусталь глобусты әкелді. Ал қазір Миланда өтіп жатқан қысқы Паралимпиада ойындарында топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстанның көк туын биікке көтерді.