Таңғы сағат 07.00-де Ақтөбе қаласындағы №119 учаскеде 18 жастағы Абзал Боранбай алғаш рет дауыс берді. Жергілікті университетте құқықтану мамандығы бойынша білім алып жатқан 2 - курс студенті Абзал ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысып, дауыс беру бюллетенін алғаш қолға алғанда ерекше сезімде болғанын жасырмады.
Таңмен таласа келген қараторы да қағілез жігіт өзі оқитын университеттегі әзіл-сықақ үйірмесі қойылымдарының сценарийін жазып, клиптер түсіреді, футболмен айналысады. Заң саласын жүрек қалауымен таңдаған студент болашақта қылмыстық салаға маманданғысы келеді. «Әке-шешемнің тұңғышымын. Отбасымызда менен кейін екі інім бар. Әкем Атырау облысындағы Теңіз кенішінде вахталық жұмыста, анам бастауыш сыныптарға сабақ береді», дейді жас таңдаушы.
Өз құрдастарын саяси науқанда белсенді болуға шақырған Абзал Боранбай қоғамды өзгертетін жастар деген сенімде. Айта кету керек, жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан референдумда Ақтөбе облысында 577 053 азамат дауыс беру құқығына ие.
Ақтөбе облысы