Батыс Қазақстан облысында кейінгі жылдары қоғам белсенділерінің күресі нәтижесінде заңсыз беріліп кеткен жер телімдері мемлекетке қайтарылды.
Шаған жағасындағы шұрайлы алқап
Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжан кейінгі жылдары бірнеше жер дауына қоғамдық бақылау жасап, мемлекеттік органдардың назарын аударған. Сөйтіп, жер инспекциясы мен сот органдарына шағым түсіріп, прокуратураның көмегімен бұдан бұрын заңсыз жекешеленіп кеткен бірнеше жер телімінің мемлекет пайдасына кері қайтуына қол жеткізді.
2017 жылы Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылдық округі аумағынан Нұрлан Есчанов деген азамат 19,6 га жер телімін «туризм, ат спортын дамыту мақсатында» деген санатпен алған екен. Айта кетейік, бұл жер Орал қаласымен іргелес, Шаған өзенінің жағасындағы аса қымбат, шұрайлы аймақ болатын.
«2023 жылы көктемде OLX қосымшасынан Шаған өзені жағасында орналасқан 10, 20 сотық жер телімдері сатыла бастады. Бұл жер қалайша жеке адамдардың қолына түсті, саудаға шықты деп зерттеп, талдау жасадым» дейді Бауыржан Зәкиұлы.
Сөйтсе, нарықтағы құны 1 309 195 734 теңге болатын 19 га жер телімі небәрі 42 893 542 теңгеге сатылған екен. Яғни мемлекет 1 шаршы метр жерді 219 теңгеге сатса, жекеде оның бағасы 6 666 теңге, 30 есе қымбат болған.
Тағы бір айта кетерлігі, 2017 жылы Нұрлан Есчанов алған жер 2021 жылы Кәрім Жақыповтың иелігіне өткен. Ал бұл азамат 2013–2017 жылдар аралығында Зеленов (қазіргі Бәйтерек) ауданының әкімі болған еді.
Б.Ахметжанның тиісті орындарға жазған арыз-шағымынан кейін тексеріс жүргізген прокуратура органдары тағы да басқа заңбұзушылықты анықтаған.
Біріншіден, аталған жер телімі әу баста Жер кодексінің 48-бабына қайшы, яғни конкурссыз берілген. Екіншіден, жерді беру туралы шешімді ауыл әкімі қабылдаған. Заң бойынша, яғни Жер кодексінің 17-бабына сәйкес бұл жер аудан әкімінің қаулысымен берілуге тиіс болған. Тағы бір қызығы, жерді алғаш алған Нұрлан Есчанов сол 2017 жылы 26 маусымда Германияға көшіп кеткен. Оның орнына құжат жұмысымен Дәурен Қабенов айналысыпты. Ал ол жоғарыдағы Кәрім Жақыповтың туған інісі екен.
«Тиісті құжаттары жоқ болса да, Жер комиссиясы 2020 жылы 18 қыркүйекте Н.Есчановқа жерді сату туралы қорытынды берген», дейді Б.Ахметжан.
Әу баста Н.Есчанов ол жерді «туризм, ат спортын дамыту мақсатында» деп алғанын айтқан едік қой. 2015 жылы әкімдікке ұсынған жобада бұл жерде киіз үйлер, сәкілер қойылып, көпшілік демалатын дәмхана, әкімшілік ғимарат салынуы керек болған еді. Би алаңы мен шағын сарқырама, сауна, бассейн, аквапарк қызмет етпек болған. Ішінде карп, форель, тұқы бар ашық аквариум көздің жауын алып, шие, алма, алмұрт, өрік жемістері өскен бау-бақша жайқалуы керек еді. Сөйтіп, Орал қаласының іргесінде халық жаяу жүріп серуендейтін, атқа мініп қыдыратын тамаша туризм нысаны пайда болуы керек еді. Алайда оның бірі де болмады. Шұрайлы жер тілім-тілім бөлініп, әркімге сатылып кете жаздады. Бауыржан Зәкиұлы бастаған белсенді азаматтардың күресі ғана әділеттің туын жықпай сақтап қалды. Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы мен Жер ресурстарын басқару департаменті істі әділ тексеріп, қоғамдық бақылаудың уәжі дәлелді деп тапты. Әділ сот мемлекет мүддесін қорғауға көмектесті. Сөйтіп, бұрынғы аудан әкімі Кәрім Жақыповтан нарықтық құны 1,3 млрд теңге тұратын заңсыз алынған жер мемлекет меншігіне қайтарылып алынды. 2023 жылы 17 қараша күні судья Александра Сидорова батыл шешім шығарды.
Ескі әуежай аумағы
2011 жылы желтоқсан айының бірінші күні Орал қаласының әкімдігі алматылық «Oil Real Estate» ЖШС-не «қонақүй, әкімшілік, сауда-ойын-сауықтыру ғимаратының құрылысы» үшін «Ескі әуежай» шағын ауданынан 3,3 га жер телімін беруге шешім қабылдаған. Арада 3 жылдай уақыт өткенде, яғни 2014 жылы 24 қазан күні қала әкімдігі жер учаскесінің мақсатын «көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына» ауыстырып берген.
«Аталған 33 340 шаршы метр жердің кадастр құны 52 010 400 теңге болғанымен, оның нарықтағы бағасы 1 667 000 000 теңге болатын. Сонда шаһардың 1 шаршы метр жерін сол кездегі әкім 1 560 теңгеге сатса, жеке саудада дәл сол жер телімі 50 мың теңге, яғни 32 есе қымбат еді», дейді заңгер.
2022 жылы Б.Ахметжан «Әділдік жолы» ұйымының атынан зерттеу жүргізіп, осы жердің бос тұрғанын, игерілмегенін, Жер кодексі 92-бабының талабы бұзылғанын анықтаған. Яғни жер телімі мақсаты бойынша пайдаланылмаған және уақытында игерілмеген болып шықты.
Әрине, бұл заңсыздық жайында бірден Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Берік Есенғалиевке арыз жазылды. Олар тексеріс жасап, «Oil Real Estate» ЖШС-не 2023 жылдың 7 қарашасына дейін жерді игеру жайында нұсқама берді. Бірақ ол талап орындалмады. Мұнан кейін департамент игерілмеген жер телімін мемлекет пайдасына мәжбүрлеп қайтару жайында сотқа арыз берді. 2025 жылы 13 мамырда судья Сабыржан Есжановтың шешімімен талап қанағаттандырылды. Мемлекет меншігіне мәжбүрлеп алу туралы шешімді Әділет департаменті атқарды.
Осылайша, 11 жыл бұрын көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына алған «Oil Real Estate» ЖШС жерді кейін қайтаруға мәжбүр болды.
Болашақ ауылының қазынасы
2017 жылы 5 маусым күні Досым Кәрімов деген азамат бұрынғы Зеленов, қазіргі Бәйтерек ауданына қарасты Болашақ ауылы аумағынан 217 га жерді ауыл шаруашылығы мақсатына 10 жылға жалға алған екен. Бірақ 2022 жылдың 18 қазан күні әлгі жерді «Аграрлық қызметі» ЖШС-не сатып жіберген.
Бір қызығы, аталған жер ауыл тұрғындары ортақ пайдаланатын жайылым екен. Ауыл тұрғындары 2024 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесіне шағымдана бастаған. Олар ауыл маңындағы жеке малға қажет жайылым Досым Кәрімовке заңсыз берілген деп санайды. Өйткені көлемі 217 га жер учаскесі ауылдың жерінде жатыр. Сонымен қатар жер шекарасы үлкен көлге тиіп тұр, соның кесірінен ауылдың жеке малы суға өте алмай қалған. Заң бойынша ауыл шаруашылығы жерін, оның үстіне әкімдіктен жалға алған учаскені жекеге сату заңсыз болатын.
«Болған жағдайды зерттеп, саралай келе заң бұзылғанын анықтап, Жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолдадым. Өйткені Жер кодексінің 26-бабы мен «Жайылымдар туралы» заңының 13-бабына сай халықтың қажетіне пайдаланылатын жайылымдар жекеменшікке берілмейді. Ауылдың малын жаю үшін халық мұқтажына ғана пайдаланылуға тиіс», дейді Бауыржан Зәкиұлы.
Міне, бірнеше айға созылған сот отырысынан кейін ауыл тұрғындары аталған жайылымды кәсіпкер Досым Кәрімов пен «Аграрлық қызметі» ЖШС-нен қайтарып алды. 2025 жылы 22 шілде күні судья Асиля Биссалиева жер дауын жан-жақты қарап, заңды шешім шығарды.
Осылайша, кейінгі үш жылда Батыс Қазақстан облысында қоғамдық бақылаушылардың табандылығы арқасында үш жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жердің кадастр құны 511 млн теңге деп бағаланғанымен, нарықтағы шын бағасы 3,4 млрд теңге болатын. Бұл істе ауыл тұрғындары да белсенділік танытты. Заңгерлермен кездесулер өтті, құжаттар зерттелді, aisgzk.kz және map.gov4c.kz порталдары пайдаланылды. Прокуратура мен ЖРБД-ға және сотқа тиісті мәліметтерді ұсынылды. Сөйтіп, әділдік үстемдік құрды.
«Осы күресте мемлекет қызметшісінің антына адал болып, істі соңына дейін жеткізген Жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері Берік Есенғалиев, Тахир Нұрахметов, Есенқұл Беріков, Еркебұлан Сисенов, Бәйтерек ауданы прокуратурасындағы Алмас Меңлібаев пен Дінмұхаммед Ысмайлға ризашылығымды білдіремін», дейді Б.Ахметжан.
Батыс Қазақстан облысы