Еліміздің барлық өңірлерінде «Заң және тәртіп» жобасы аясында 1 000-ға жуық мектеп пен колледжде құқықтық мәдениет сабақтары қолға алынды. Оқу-ағарту министрлігінің бастамасы жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға және олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.
Жобаны кең көлемде енгізу туралы шешім Алматы облысы Талғар ауданында жүргізілген пилоттық кезеңнің оң нәтижелерінен кейін қабылданды. Ол жерде жүргізілген мониторинг оқушылар арасындағы буллинг пен құқық бұзушылықтың айтарлықтай азайғанын көрсетті.
Бүгінде жоба еліміздің бірқатар өңірінде кеңінен жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Шымкент қаласында – 100-ге жуық, Қарағанды облысында – 190-нан астам, Павлодар облысында – шамамен 110 білім беру ұйымы қамтылған. Сабақтарды өткізуге құқық қорғау органдарында тәжірибесі бар 600-ден астам тәлімгер тартылған. Жоспарға сәйкес, мұндай сабақтар екі аптада кемінде бір рет өткізіліп отырады.
Пилоттық жоба Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледжде іске асырылып, 9 000-нан астам оқушы қамтылды. Нәтижесінде буллинг пен кибербуллинг жағдайлары 18%-ға төмендеген, ал мінез-құлық тәуекелі төмен оқушылардың үлесі 31,9%-ға артқан. Сонымен қатар ерекше назарды қажет ететін жасөспірімдер саны 30%-ға қысқарған.
Құқықтық мәдениетті нығайтатын қадам
Жобаның басты мақсаты – оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу. Осы арқылы білім алушылардың заңға құрметпен қарауы, жауапкершілігі мен тәртіп дағдылары нығая түседі.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл бастама алдағы уақытта ел көлемінде кезең-кезеңімен енгізілмек. Нәтижесінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алудың бірыңғай жүйесі қалыптасып, құқықтық мәдениет деңгейі артады.
Балабақша мен колледждерде дау-дамайды реттейтін медиация қызметтері құрылады