Қызылжардың «Sensitive» (сезімтал) би театры туралы талай жазғанбыз. Бұл ұжым қазір би әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылып, шетелдерде мойындалып жүр. Еуропа, Азия елдерінің талай байқауларына қатысып, үнемі жүлделі орындар алып, бірнеше бас жүлде иеленді.
Бұл театрдың ерекшелігі сонда, оның бишілері құлағы естімейтін жандар. Осыдан жиырма жылдай бұрын бойында ұйымдастырушылық қасиеті зор екенін сезінген өнер колледжі би бөлімінің студенті Ольга Ростовщикова қаладағы құлағы естімейтін балалар тәрбиеленетін мектеп-интернатқа барып, биге ыңғайы бар балалардан ансамбль құрған. Содан бері ансамбльдің жұмысы жалғасып келеді. Труппаға жаңа үміткерлер де сол интернаттағы би үйірмесіне қатысатын жастармен толықтырылады. «Құлағы естімейтін жандармен жұмыс істеу оңай болған жоқ. Мен алдымен ыммен сөйлесудің тәсілін де білмей, қағазға жазып айтатынмын. Бірақ бұлардың өнерге құштар екенін, бойларындағы бимен байланысты бұла күштерін сыртқа шығаруға ұмтылатындарын көріп, қанша қиын болса да тастап кетпедім», деп еске алған еді Ольга Павелқызы өзінің бір естелігінде.
Sensitive-тің алғашқы тобы мектеп жасынан асып, енді олардың труппасын қайда жібереміз, кімге қосамыз, бөлек театр салуға қаражат жоқ деген мәселе тұйыққа тірегенде С.Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драмалық театры өзінің қанатының астына алған. Театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Жалғасбаев труппаның өте еңбекқор екенін айтты. «Таңғы сағат тоғыздан келген олар түнгі 10-11-лерге дейін репетиция жасайды. Таңғаламыз», деді ол. Әуелі дарын, сосын еңбекқорлық қосылған соң алынбайтын қамал жоқ екені белгілі, жоғарыда айтылған табыстың қайнар көзі сонда болып тұр.
Ал енді «Ботай» этнопластикалық перфомансына келейік. Перфоманс (performance) ағылшын тілінен аударғанда орындау, ойнау деген сөз. Театрлық көркем қойылымның бір жанры. Ал бидегі этнопластика дегеніміз этностың сипатын ашуға ұмтылып, өнердің пластикамен орындалуы.
Сөзіне қарағанда, Ольга Ростовщикова бірде Париждің әлемдік көрмесінде болып, онда Қазақстанды жылқымен ұштастырып, ассоциация жасаған композиция көргенін айтады. Ал астында адамзаттың жылқыны алғаш қолға үйретуі Қазақстанның «Ботай» деген мекенінде басталған деп жазылған екен. «Оның үстіне «Ботай» Қазақстанның солтүстігінде деген анықтама беріліпті. Туған жерім аталған бұл сөздер маған тоқ ұрғандай әсер етіп, «Ботай» туралы қойылым жасауым керек деген ой жаныма маза бермеді. Содан драматург Қолғанат Мұраттың шығармасын қолға алып, оны сахналауға республикалық корей театрының режиссер-хореографы Анна Цойды шақырып, театрдың директоры Біржан Жалғасбаевтың қолдауымен айналасы бір айдың ішінде қойылымды сахнаға шығарып отырмыз», деді ол перфоманстың алдында журналистерге берген брифингте.
Осыдан 5 жарым мың жыл бұрынғы адамдар өмірі, олардың өзара талас-тартысы, жауларымен айқасы, табиғаттың дүлей күшімен алысуы пластикалық бимен көркем бейнеленді. «Қадамым өнбейді, жылдам жүре алмаймын, аңға жете алмаймын» деген мұңлы күңірену де күйкі тірліктің құтын қашырып тұрады. Жалғыз-ақ өмірден үміт үзбей еңбек қылуға ақыл берген Ұмай ананың ақылы да тайпа тұрғындарын біраз серпілткен болады. Осындайда үйірінен адасып, қасқыр талаған буаз бие адамдар арасына келіп құлындайды да өледі. Дәл осы күні тайпадағы бір келіншек дүниеге ұл бала әкеледі. Сөйтіп, екі құлын бірге өсіп, адамның жылқыны алғаш рет аналық махаббатпен қолға үйреткені бимен айтылады. Әрине, Күн мен Жер бейнесіндегі киелі әлемнің де әсері, фантазия мен қиял да оқиғаны бірде шиеленістіріп, бірде жаймашуаққа тартып, көркемдеп отырады. Ақырында «Ботай елі ерледі, асау мініп терледі» деген сарын шығып, қасындағы қолғанаты, ішсе қымызы, жесе қазысы, жауға мінсе пырағы, алысқа апаратын қанаты болған қасиетті жылқы мен адамның достығы әйгіленіп, перфоманс тамаша шешіммен ақталды.
Қойылым бір жарым сағаттай уақытқа созылғанымен қызық болған соң тез аяқталғандай әсер қалдырды. Бидің үнін, айтпақ болғанын толық түсінбесе де орындау шеберліктеріне сүйсінген көрермендер өнерпаздарға шынайы алғыстарын жеткізді.
Дәл осы күні Халықаралық театр күні аталып өткен еді, соған байланысты «Алтын сақа» деп жарияланған театрішілік байқаудың түрлі аталымдары бойынша жеңімпаз болған әртістерге құрмет қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
ПЕТРОПАВЛ