• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:48

Өмірзақтың өнегелі жолы

30 рет
көрсетілді

Әкесі Қажымғали 1941 жылы қаралы майданға аттанғанда, артында аманаттай болып сол жылдың 9 сәуірінде өмірге келген жеті айлық ұлы Өмірзақ қалған еді. Қосағы Сәмиян ұжымшардың қара жұмысына жегілсе де, перзентін бесігінде тербеп, әлдиімен уатуға уақыт тапты.

1943 жылы Қажымғалидың оққа ұшқаны туралы қаралы қағаз келді. Қанша жыласа да, артында қалған тұяғы Өмірзақтың барына шүкір деді. Өмірзақ 1957 жылы тұрғыластарының маңдайалды болып, Абай атындағы білім ордасын бітірді. Оның бойындағы қабілеті мен әдебиетке құмарлығы осы кезде көрінді. Әсіресе студент шағында жалт етті де, кейін шаруашылықпен бірге өлтірмей ала жүргенінің өзі ерлік деуге тұрарлық. Әкесі Қажымғалидың туған бауыры Батырғали ағасы соғыстан аман оралып, ішкі істер қызметіне жұмысқа орналас­ты. Ол жалғыз ұяласынан қалған көзді өз қаным деп, Өмірзағына өз балаларынан бұрын бәйек болды. Өмірзақ әке орнына әке болған ағасы Батырғали мен анасы Сәмиянның ортақ ұйғарымына қарсы келе алмады. Сөйтіп, Гурьевтегі (Атырау) зоотехникалық мал дәрігерлік техникумына оқуға түсті.

Техникумды бітіріп, мал фельдшері деген диплом алды. Жас маман Сүйіндік кеңшарына жұмысқа жіберіліп, алмастай жарқылдады. Қабілет-қарымына дүрбі салып қарайтын сол кездегі партия билігі оған «Правда» мал дәрігерлік учаскесінің басшылығын сеніп тапсырды. Ал 1962 жылы ауданның Құрманғазы атындағы кеңшарына ферма басқарушысы етіп жіберілді. Осында сегіз жыл үзбестен үлкен фермаға жетекшілік еткен ол малдың мың-мыңдап төліне төл қосты. Құрманғазы (Теңіз) ауданының үздік фермасы дәрежесіне жеткізді.

1974 жылы қайыра Азғыр өңіріне келіп, осындағы Балқұдық аталатын үлкен кеңшарда төрт жыл қатарынан бас мал дәрігері болып жұмыс істеді. Аудан, облыс, республикадағы озық кадрлар сапына ілік­кен Өмірзақ Қажымғалиұлы аудандағы Калинин атындағы кеңшарға партия комитетінің хатшылығына тағайындалды. Арада екі жыл өткенде, яғни 1976 жылы осы шаруашылықтың директоры болды. Осы Калинин атындағы кеңшарды 1987 жылға дейін басқарып, атын республикаға мәлім етті. Алғыр да алымды, көппен жұмыс істеу тәжірибесі жинақталған Өмірзақ Қажымғалиұлы Теңіз (Құрманғазы) ауданы Агроөнеркәсіп кешенінің төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін алға жетеледі. Ал 1992 жылы осы ауданның «Коммунизм жолы» кеңшарының директоры атанды.

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет болып құрылғанда, аудандағы бірнеше кеңшар тарады. Ал Өмірзақ «Коммунизм жолы» кеңшарын «Мақаш» ұжымдық шаруашылығы етіп қайта құрды. Арада бес жыл өткенде өндірістік кооперативке айналдырды. Өмірзақ Қажымғалиұлы осы кооперативтің жұмысын алға жетеледі. Сонымен қатар ол халқына еңбегі сіңген, кеңестік жүйеде тұмшаланып келген тарихи тұлғалардың жарқын істерін ел жадында сіңіруге мән берді. Студент кезінде қылаң беріп, кейін де шаруашылықпен қоса елеусіз алып жүрген шығармашылығын да өркендеткен жемісті жылдары еді бұл. Өзі басқарған өндірістік ұжымға туған халқына адал қызметімен танылған көрнекті тұлға Мақаш атауын беруі кеңестік жаттанды, қасаң қағидадан арылып, адамдардың санасына баба рухын сіңірудің таңғажайып үлгісі-тұғын. Сондай-ақ бірегей қайраткер тұлғаның атына арнайы қор құрып, оның басына айшықты ақ кесене тұрғызудың басы-қасында бо­лып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.

Жылдар өтіп, жапырағын молынан жайған ел ағасы тұсында Өмірзақ Қажым­ғалиұлының бал бұлақтай сыздықтап аққан екі-үш прозалық кітабы шықты. 1986 жылы жарық көрген тұңғышы – «Биіктерге беталыс». Бұл кітабы – өзі басқарған шаруашылық өмірі, жетістіктер сыры, адамдармен қарым-қатынас, түрлі-түрлі мінез иелері жайында баяндалатын публицистикалық шығарма. Қаламгер қайнаған шаруаның бел ортасында жүріп, 2001 жылы «Жолдар-жылдар» деп аталатын қалың кітабын шығарды. Аты айтып тұрғандай, өткен жылдарда, кешкен жолдарда кезіктірген тағдыр сыйы, өмір бастауынан азаматтық шақ арасындағы қилы-қилы бастан кешкендері. Мұнда еңсе басқан ездер де, етектен тартқан енжарлар да, қолтықтан демеп, шалыс басудан сақтандырған салиқалы жандар да кездеседі. Алғашқы міндет арқалаған күндер, ел таныған, жер киесін сезінген, алғашқы махаббатпен, атойлап соққан жүрек лүпілі, мастанған, мақтанған, жасқанған сәттер эссе, естеліктер, әңгімелер түрінде баяндалады. Өмірзақ Қажымғалиұлы жазба дүниесі деген киелі босағаны осы кітабын қолтықтап келіп аттады. Бұдан кейін текті тұлпар тұяғымен тас атып, бірте-бірте бауы­рын жаза, еркін көсіле түсті. «Нарынның нар ұлдары», «Мүслимат», «Дариға-дәурен» романы, «Самғау» деректі хикаяты, «Мақашпен қауышу» кітабы, «Жанкешу» романы, «Қиял... Үміт...» хикаясы, «Қыран қияда» деректі хикаясы, «Кемел» романы, «Ғашық зар» хикаясы, «Жаңғырық» трилогиясы, «Орындалған арман» жарық көрді. Осы кітаптары кезінде әдеби ортадан жоғары бағасын алды.

Қаламгер Қажымғалиұлының про­залық шығармаларының қай-қайсы­сында да өмірде болған адамдардың тағдыры баяндалады. Кейіпкерлердің бастан кешкен жайларында сол кезеңнің тынысы кең қамтылады. Тарихи тұлғалар өмірін публицистикалық тұрғыда көрсетеді, әрқайсысына бір-бір көркем шығарма арнауы – жанкештілік. Автор өз түйсігіне тоқығандарын Астрахан, Қазан, Орал, Орда мұрағаттарында шұқшия отыруы арқасында толық дәлелдеп, тың мәліметтермен байыта түскен. «Алаштың Батырхайыры», «Нарын не дейді?», «Нарындық дворяндар», «Республиканың тұңғыш прокуроры», «Алтынды тот бас­пайды», «Дәуір жыршысы», «Жайсаң жандар», т.б. тақы­рыптармен берілген тарихи-танымдық шығармалары солай деуімізге негіз бола алады.

«Мақашпен қауышу» – жоғымызды түгендескен, төл тарихымызға қосылған сүбелі үлес. Мақаш – патша үкіметінің жымысқы саясатының ара-арасынан сыналап жарық тауып, туған халқының бақыты мен болашағы үшін талай тәуекелге барып, ел мен жердің қорғаны бола алған сұңғыла жан. Ұлы сазгер Құрманғазы осы Мақаштың арқасында даудан басы, кісеннен қолы босап, жасы ұлғайғанда біраз уақыт қуғын-сүргінсіз еркін өмір сүрген. «Мақашпен қауышуда» осы және басқа жайлар мұрағат деректері негізінде көркем тілмен баяндалады.

«Жанкешу» романы бастан-аяқ соғыс тақырыбын қаузайды. Сол бір қасіретті жылдардың барша қазақ ауылдарына салған ортақ ауыртпалығына жанымыз күйзеледі. Көлемді роман сол бір қиын-қыстау жылдардағы ел еңбеккерлерінің қайсарлық күресін, әйелдер мен шолақ белсенділердің қырғиқабақ текетіресін, ауыздағысын жырып, алдындағысын сыпырып майданға берген, жарым көңіл, жүдеу жүз ауыл бейнесін айнақатесіз көз алдыңа әкеледі. «Дариға-Дәурен» романы да – көнермес тақырып, өлмес дүние. Белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев аталған роман туралы кезінде былай депті: «Дариға-Дәурен» – роман-эссе. Шешен тіл, шежірелі тағдыр. Қыр жайлап өскен иен дала перзенттерінің адал махаббаты. Ақтарылған сезім, аяулы сыр-сұхбат, аңдаусыз айыптар, құлаш жыртар қызу еңбек – бәрі-бәрі жазғы рахман жаңбырдан кейін көкжиекке керіле қалған кемпірқосақ бояуындай көз қорықтырады, көңіл қуандырады. Шалқар мен Самал арасындағы іңкәрлік, бұл – мәңгілік махаббат жыры. Түнде берген уәдеден күндіз таятын ұшпа сезім емес, кәнігі қазақы мінезге сай мінсіз сезім. Шығармадағы Ажар, Гаухар, Меруерт, Мақпал, Тотылар – замана бейнелері жүйесін күшейтіп, толықтырып тұрған тұлғалар. Сөзбен соғылған ескерткіштің құрамдас бөліктері. Роман-эсседе мұнымен қоса сол даланың қыр асып кеткен қоңыраулы керуендей өткен тарихы, бабалар сөзі, байламы, еңбек ырғағы, сол кездегі елдің қоңторғай тірлігі, жастардың алуан мінезі, болмыс-бітімі, ғашықтық хикаясы тұтасып келіп, кең көлемді көріністі көз алдыңа әкеледі. Міне, сөзден бұйда ескен шеберлік деген осы! Ендеше, сәт сапар, сағынышқа толы сыр, жастықтың жалауы».

«Қыран-қияда» деп аталатын повесі де – оқырмандар арасында дүбір туғызған шығарма. Кітаптың басты кейіпкері – Мақсым Ізбасов. Повес­тен гөрі бір романның жүгін көтерерлік шығармалардағы бүкіл оқиға желісі осы бір кейіпкердің төңірегінде өрбиді. Әрине, шығармада басқа да адам бейнелері шеберлікпен ашылған: олардың портреттік бет-бейнесі, мінез-құлқы, сезім-түйсігі, өзі өмір сүріп отырған қоғамда жеке тұлға ретінде қалыптаса алғаны жазушының қаламымен шебер суреттелген. Бейне сол кейіпкерлермен күнбе-күн кездесіп, сөйлесіп, олардың жандүниесін де терең білетіндей сезінесіз өзіңізді. Көргені де, түйгені де мол Шафих ақсақал, баладай аңғал қарапайым Ақбал апа, қазақ әйелдерінің үлгісіндей сұлу да парасатты Тамара, тіптен сонау бағзы жаугершілік заманындағы батырлар образы – бәрі де шынайы сомдалған. Алайда, бағамдап қарасаңыз, олардың бәрі де бір ғана басты кейіпкердің төңірегінде, сол кейіпкердің образын сомдауға қызмет жасап отырғанын да аңдайсыз. Бұл да жазушы шеберлігінің бір қырын көрсететіндей.

Қалам тартқандардың көпшілігі бара бермейтін трилогия жанрын тайсалмай қолға алып, сәтті шығарды. «Жаңғырық» трилогиясының «Кемел» кітабы жайында белгілі ақын Ғалым Жайлыбай: «Бұрқыраған бұлттай көшіп жатқан мынау аумалы-төкпелі дүниенің қабағын бағып, қара судан қаймақ қалқығандай, қара сөздің түбін түсіретін жазушы дегеннің өзі – шынымен де адам жанының инженері екен-ау! Алмағайып заманда елдің рухани дүниеден гөрі материалдық байлықты игеру үшін жанталасып жатқан кезеңде қаламды серік етіп, ақ қағаз бетіне елдің өткені мен бүгінін саралап жеткізетін үлкен кітап жазу оңай іс емес. Өткен өмір баспалдақтарына қайта үңіле отырып, өткен шаққа айналған естеліктерді жадында тірілтіп, өткен белестерін кітап етіп, жас ұрпаққа ұсыну екінің біріне бұйырмаған. Бізді осындай ойларға сүңгітіп жіберген – жазушы Өмірзақ Қажымғалиевтың «Кемел» романы», деп жазған болатын. Трилогия желісінде қоғам дамуының, адам өмірінің сан саласын жан-жақты қамти отырып, бір ауылдың тыныс-тіршілігі арқылы сол ғасырдағы заманның құбылысын мөлдіретіп жеткізген. Жастық шақтың жарасымға толы сәттері жүрегіңді шымырлатып, сезім иіріміне тартып әкетсе, қызғанышқа бой алдырғандардың тасадан тас атып, домалақ арыз жазуға машықтанған пенделік психология­сы жаныңды жаралайды. Көрнекті жазушының басқа да роман, повесть, эссе, хикаяттарына берілген баға, баспасөз беттерін тапқан рецензия, сыни пікірлер молынан жетерлік.

Санаулы жылдар ішінде әдебие­тіміздің қорына мол үлес қосып үлгер­ген жазушы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Атырау облысының, Құрманғазы ауданының құрметті азаматы атанды. 2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденін иеленді. Жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы әлі де тынымсыз ізденіс үстінде. Қаламы қолында, жақсы мен жайсаң соңында, қарбалас қам-қарекет үстінде дүниені қажымас тұлпардай дүбірге бөлеп, алысқа ұзап барады.

 

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 

Соңғы жаңалықтар