• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:43

«Дәридайлап» жыр төккен

20 рет
көрсетілді

Мұқаш (Мұханбетқали) Сейтқазинов ағаның айтысын тұңғыш рет 1990 жылы Алматы қаласында көргенмін. Біз онда ҚазМУ-дың соң­ғы курсында оқитын едік. Әр облыстан таңдаулы ақындар, термешілер, жыр­шылар қатыс­қан үлкен өнер аламаны өтті. Сол жолы сахнаға домбырасыз шығып, «Дәридай» деп ай­тысқан Мұқаңа таң-тамаша қалғанбыз. Бұл аздай, Керекуден келген Серік Құсанбаев ағамыз домбыраны солақай тартатын болып шықты. Бірі домбырасыз «дәридайласа», бірі домбы­раны со­лақай ұстап шыққаны, жасыратыны жоқ, басында күлкілі көрінген. Кейін ақындардың табан астын­да сөз тауып кеткен тапқырлығын, сөз саптауын, тегеурінін көргенде, талантына қайран қалдық.

Республика жұртшы­лы­ғына «Дә­ри­дай» деп танылған Мұқаш ақы­нға кездескен қарсыластың бәрі: «Дом­быра тарта алмайсың», дей беріпті. Сонда Мұқаң:

«Ақынмын, домбырам жоқ – есесінде,

Тағдырдың бұл жұмбағын шешесің бе?

Жаратқан бірін берсе, бірін бермес,

Құлағын Жаратқанның кесесің бе?», деген екен.

Содан бері отыз алты жыл өтіпті. Қазіргі Ұлы­тау ауданының Шеңбер ауылында туған Мұқаш ағаның есімі «Дәридай» ақын аталып, республика деңгейінде танымал болды. 1989–2003 жылдары бірнеше республикалық, халықаралық айтыстарға қатысып, жүлдегер атанды. Кезінде Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Айтақын  Бұлғақов, Шорабек Айдаров, Дүйсенбай Жұмасейітов, Елена Әбдіхалықова сынды ақындармен айтысты. Мұқаңның үлкен додаға алғаш барғандағы тұңғыш қарсыласы талдықорғандық Айтақын Бұлғақов болған екен. Сонда қарсыласының «тебеген» екенін көрген Мұқаш ақын:

«Алматы – рас, әсем, жасыл қала,

Өкшелер, беймезгілдеу тасырлама.

Сахна тақыр-тұқыр болып кетті

Шабытың бақайыңның басында ма?», деген екен.

Мұқаш Сейтқазинов ат жалын тартып мінгелі өнерден қол үзген жоқ. Қазір Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлытау ауданының құрметті азаматы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері. «Ақтұма», «Қара кітап», «Дәридай-жүрек» жыр жинақтарының авторы. Есімі «Қа­зақ­стан айтыс ақындары» эн­цик­ло­пе­дия­­сы­на енген.

Жет­пістің жотасына абыроймен жеткен ақынды ұлытаулықтар алақанына салды. Ақынның мерейін тасытып Жетісудан – Айтақын Бұлғақов, Шығыстан – Серік Құсанбаев, Сырдан – Елена Әбдіхалықова, Арқадан Қойлыбай Асан келді. Театрда өткен «Дәридай-дәурен» атты шығармашылық кеште ақынның «Дәридайдың дәптерінен» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді. Онда автордың өлеңдері, түрлі басылымда жарияланған мақалалары, танымал тұлғалардың автор туралы жазбалары, сұхбаттары еніпті. Жинақ Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабековтің қолдауымен Астанадағы «Кәусар» баспасынан жарық көрді.

Салтанатты кешке Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысып, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар ақынға Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаты мен ықылас гүлін табыс етті. «Мұқаш ақын­ның жырларын мәнерлеп оқу» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары марапатталды. Осы кеш аясында Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейі «Айтыстың ақтаңгері – Дәридай» атты көрме ұйымдастырып, көрермен назарына ұсынды. Көрмеге ақынның жыр жинақ­тары, жеке құжаттары, фото­сурет­те­рі, марапаттары, Айтақын Бұлғақов сыйлаған домбырасы қойылды.

 «Мұқаң екеуміз Алматы сахнасында айтысып көрмесек те, аймақтарда өткен ірі жыр додаларында жолымыз сан мәрте түйісті. Мұқаңның сахнада отырып табан астында суырып салып айтатын жыр шумақтары, сөз саптасы, ұйқастары, ұлы Абай айтқандай, теп-тегіс, айналасы жұп-жұмыр боп келетін.

Айтыстан тысқары жерлердегі Мұқаң­ның азаматтық ұстанымы, ағалық қамқор­лы­ғы, кісілігі мен кішілігі жайлы да ауыз толтырып айтуға болады.

Жезқазғанда өткен «Ұлытау үні» фести­ва­лінде айтысып отырып:

«Ауылы бұл Мұқаңның Шеңбер деген,

Шеңберге ризықты Алла кем бермеген.

Сол елдің қандыбалақ қыранысың,

Талайды сахнада шеңгелдеген», дегенім бар еді. Сол қандыбалақ қыран Мұқаш жетпіс дейтін құзар шыңға қонақтады», дейді Серік Құсанбаев.

 

Ұлытау облысы 

Соңғы жаңалықтар