Қоғам • Бүгін, 15:50

Айыппұл туралы жалған хабарлама: Алаяқтар алдаудың жаңа түріне көшті

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Қазақстанда интернет-алаяқтықтың жаңа түрі белсенді таралып жатыр. Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға және күмәнді хабарламаларға иланбауға шақырады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айыппұл туралы жалған хабарлама: Алаяқтар алдаудың жаңа түріне көшті

Фото: Polisia.kz

Алаяқтар мемлекеттік қызметтерге деген сенімді пайдаланып, азаматтардың жеке деректерін иемденуге тырысады. Жәбірленушілердің ұялы телефондарына мемлекеттік байланыс орталығының нөміріне ұқсас нөмірден хабарлама келіп түседі. Онда сізге әкімшілік айыппұл салынғаны туралы жалған ақпарат беріледі және оны тексеру немесе төлеу үшін сілтеме ұсынылады.

Сілтеме ресми порталға ұқсас болуы мүмкін, алайда бұл – жалған сайт. Алаяқтар оны «eGov» порталына ұқсатып арнайы жасайды. Ең қауіптісі – кез келген көлік нөмірін немесе ЖСН енгізген кезде де жүйе «айыппұл бар» деген жалған ақпаратты көрсетуі.

Автокөлік иелеріне қатысты интернет-алаяқтық жиілеген

Психологиялық қысым тәсілі – азаматтарды шұғыл шешім қабылдауға итермелеуге бағытталған. Жалған сайтта «төлеу» батырмасын басқан жағдайда, пайдаланушыдан банк картасының толық деректерін енгізу сұралады. Осы деректерді алған сәтте алаяқтар қаржыны заңсыз шешіп алуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, алаяқтықтың басты белгісі – қате дерек енгізілгеніне қарамастан, жүйенің әрдайым «айыппұл бар» деп көрсетуі. Бұл – қолданушыны адастырып, сенім қалыптастыруға бағытталған тәсіл.

ІІМ

Құқық қорғау органдары азаматтарға мына талаптарды қатаң сақтауға кеңес береді:

  • күмәнді сілтемелерді ашпау;
  • жеке және банк деректерін бөгде сайттарға енгізбеу;
  • белгісіз және шұғыл әрекет талап ететін хабарламаларға сенбеу;
  • айыппұлдарды тек ресми және сенімді платформалар арқылы тексеру.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдар ешқашан SMS арқылы банктік деректерді сұрамайтыны ескертіледі.

Полиция азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Сақтық – алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолы.

Интернет-алаяқтыққа қарсы нақты нәтиже: Жетісуда 600 мың теңге қайтарылды

Соңғы жаңалықтар