Жәдігер • Бүгін, 08:38

Жоғалып табылған сурет

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мына бір көпке танымал сурет 1921 жылы 5 мамыр күні Ташкент қаласының қарапайым шайханасында түсіріліпті. Бейнеде өзбекше киінген үш адам отыр. Бұлар сол тұстағы қазақтың бетке ұстар арыстары. Ортада отырған Міржақып Дулатұлы. Оған қорқор тұтатып беріп жатқан – Ғазымбек Бірімжанұлы. Ал оң жақта ақ шәйнектен шай құйып беруші – Ахметсафа Юсупов.

Жоғалып табылған сурет

Бұл фото туралы М.Дулатұлының артында қалған асыл тұяғы Гүлнар апай Міржақыпқызының естелігі бар. Онда: «Папам 1920 жылдары Ташкентке келіп, Түркістан республикасының органы «Ақ жол» газетінде қызмет істеп жүрген тұста шаһар тұрғындары, оның ішінде өзінің пікірлес, қаламдастары, бауырластары бір-бірін жақын тартып сыйласып тұрыпты. «Өзбек халқы меймандос, кеңпейілді, өте сыпайы, адамды тез баурап әкететін майда тілді жандар» деп айтып отыратын папам. Папам суретке түскенді тәуір көретін, өзінің айтуынша, бір күні өзбек жолдастары: «Мирякуб әфенді, қызық болсын, сіздер Шәйхантәуірде кейіфленіп қорқор тартып, жайылған дастарқан басында көк шай ішіп, Ғазымбек, Ахметсафа мырза үшеуіңіз гәпләшіп отырғандай суретке түсіп, бізге ескерткіш етіп қалдырыңыз деген соң осы суретті қалдырған екен. Суреттің төменгі жағына папам өз қолымен «Осартившиеся киргизы в чайхане, 5.V.1921 г.» деп жазыпты. Өзбек салты бойынша шапан киген адам мойнын жаппай, төсін ашық ұстайды екен. Оны білетін Ғазымбек Бірімжанов пен Ахметсафа Юсупов осы салтты сақтапты. Ал папамның көйлегінің жағасы шапанының ішінен көрініп тұр. Осы жа- йында папам: «Қасымдағы Ғазымбек пен Ахметсафа бәрін аңғаратын жастар емес пе, менің есіме салмағандықтан өзбекше киінгеніммен қазақтығым бір бүйірінен бұлтиып көрініп тұрғанын көрмейсіңдер ме?», деп мәз болып, қарқылдап күлетін», деп жазыпты (Ғазымбек Бірімжанов. Шығармалар жинағы. – Алматы: 2021 ж. 180-б).

Қысқасы, бұл сурет – Торғай топы­ра­ғынан шыққан үш азаматтың бір-біріне деген жақындығының, достығының белгісі іспетті. Ол күндер туралы Алаш арысының қызы Гүлнар апамыз: «Ғазымбек аға бес-алты жастағы менің шүлдірлеген тілімді қызық көріп, оны-мұны айтқызып, сөйлете береді екен. «Мына Гүлнардың мұрны біздің арғындарға тартпаған, сірә, түнде тістеп тастауым керек шығар», депті. Мен ағаның сөзін шын көріп, бүркеніп ұйықтап қалыппын. Ертеңіне ояна: «Мама, мама, мұрным өзімде», деп қуаныппын» деп жазады.

Өткен ғасырдың 30-жылдары заман өзгереді. «Қазағым дегенде жүрек майын шам қылған» (С.Торайғыров) арыстардың басына күн туады. Алды түрмеге қамалып, көбі жазықсыз атылды.

Содан бертінде Міржақып атамыздың жары Ғанижамал (Гая) өзі дүниеден өтерінен бір тәулік бұрын, яғни 1940 жылы 15 қыркүйек күні 25 жастағы жалғыз қызы Гүлнарды шақырып алып: «Гүлнар, сенің көңіліңе қарап, айтар сөзімді кейінге қалдыра беруші едім, соның реті бүгін келген сияқты, сен мені тыңда!  Сөзімді жадыңа мықтап сақта! Менің халім бітті. Соңымда жалғыз қалып барасың. Сүйенер кісің де жоқ. Бірақ қолың аузыңа жетті. Міржақыптың мұрагері сенсің. Папаңның киім­дерін, құжаттарын, суреттерін қолың­нан шығарып алмай сақта!» деп ақыр­ғы өсиетін айтып, қолындағы сақинасын сыпырып алып, қызының саусағына кигізеді де бір дүркін терең дем алып, бақиға аттанған екен («Жұлдыз» журналы. 2015. №10. 172 - б).

Осы оқиғадан кейін Гүлнар апамыз әке мұрасынан көз жазып қалмау мақсатында қолынан келгеннің бәрін істеп баққан. «Бұл құнды дүниелер өз қолымда тұрса, тіміскілеген біреулердің қырына шалынып, айырылып қалармын» деген күдік­пен, Шымкентте тұратын анасының үл­кен апасы Сара мен әкесінің бажасы Ах­метсафа Юсуповтың қызы – өзінің бө­лесі Ләйліге сақтап беріңдер деп аманаттайды.

Кейін, шамамен 1960 жылдары болса керек, Гүлнар апамыз нағашы апасы мен бөлесіне сақтауға берген жәдігер­ле­рін алуға барады. «Сақтауға берген дүние­лерімнің тізімін көрсем, әкемнің «Азамат» атты өлеңдер жинағы және Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабының 1927 жылы шыққан алғашқы нұсқасы, сонымен қатар әкемнің 1921 жылы достарымен (Ғазымбек, Ах­метсафа) бірге түскен осы суреті жоқ болып шықты. Туыстарына қатты рен­жідім, әсіресе суреттің жоғалғаны жаныма батты» деп жазыпты апамыз кейінгі естеліктерінде.

Үздіксіз іздестірудің нәтижесінде Гүлнар Міржақыпқызы 1985 жылы Шымкентте тұратын бөлесі Серік Юсу­повтың үйінен мына фотоны тауып алыпты. «Қуанғаным соншалық, сол жерде сурет­ті фотостудияға барып бірқанша нұсқа көбейтіп, түпнұсқасын өзім алдым да, кө­шір­мелерін туысқандарға таратып бердім», деп еске алыпты апамыз.

Соңғы жаңалықтар

«Ғалия» кітапханасының мөрі

Жәдігер • Бүгін, 09:05

Көкше көшетімен көрікті

Талбесік • Бүгін, 08:55

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:52

Әбіштің қолтаңбасы

Мирас • Бүгін, 08:50

Өмірзақтың өнегелі жолы

Руханият • Бүгін, 08:48

Су сүзгілері өндіріледі

Ғылым • Бүгін, 08:45

«Дәридайлап» жыр төккен

Руханият • Бүгін, 08:43

Ән-аманат

Тұлға • Бүгін, 08:40

Жоғалып табылған сурет

Жәдігер • Бүгін, 08:38

Академик, ұстаз тағылымы

Тағзым • Бүгін, 08:35