• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 14:15

Шұбартаулықтарды шулатқан жол

40 рет
көрсетілді

Абай облысы қайта ашылғалы аудандардың ахуалы да айтарлықтай жөнге түсті. Алайда кезінде өрісі малға, қойнауы кенге толған шұрайлы Шұбартау елді мекені сол төлежіген күйі түлей алмай тұр. Оның басты себебі – жол. Күре жол өркениеттің күретамыры десек, Шұбартаудың тамыр соғысы солғын. Неліктен?

Әуезовше айтсақ, естіген өтірік, көрген шын. Шұбартаудан облыс орталығына яки аудан орталығы Аягөзге қатынайтын жолдың ахуалы туралы көп естіген едік. Алайда былтыр жазғытұрым облыс әкімінің жұмыс сапарымен бірге барып, жолдың жайын өз көзімізбен көргенбіз. Көрген деген жай сөз, көрешекті көрдік. Ойқы-шойқысы шыққан, отыз жылда бір жамау көрмеген шұрық-тесік жол іші-баурымызды езіп, Аягөзден Баршатасқа дейін сілеміз құрып, әзер жеттік.

Ертеңінде облыс әкімі Берік Уәлиұлы Шұбартау жұртшылығымен кездесу өткізіп, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған-ды. Сонда шұбартаулық қаламгер Марат Жұмабаев ағамыз жолдың жайын жылармандай қылып айтқан. Осы сәтте, жұртшылықтың және облыс әкімінің алдында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі тұрып, келесі жылға дейін жол салынатынын, жағдай «кезең-кезеңімен шешілетінін» айтып, уәде берген.

11 мың шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Міне, содан бері бақандай бір жыл өтті. Әрине, бір жылдың ішінде Шұбартау мен Баршатастың арасындағы жолды айнадай қылып қоюға жалпы мүмкіндік бар ма, жоқ па оны нақты айту да, айыптау да қиын. Бірақ сол біз көрген жолдың одан кейін оңалып кетпегенін көріп отырмыз. Бұл сөзімізге «Шұбартау-Аягөз жолы» деген 300-ге жуық адам құралған WhatsApp-тағы топтағы шұбартаулықтардың шырылдаған дауысы куә. Шұбартаулық белсенді Өміртай Лақанұлының айтуынша, Аягөз–Шұбартау жолының мәселесі ондаған жылға созылып, халықтың үміті сарқылған. Жол жөнделеді деген үмітпен талай буын өтті, бірақ нақты нәтиже шықпаған.

Тұрғындардың сөзінше, бұрын бұл жол сапалы болған: Баршатастан Аягөзге екі сағатта жететін, ал жолдың басым бөлігі тегіс еді. 1972 жылы салынған жол 30 жылға жуық бұзылмай қызмет еткен. Алайда кейін 80-90 тонналық ауыр жүк көліктері, әсіресе Қытайдан өтетін транзиттік тасымал, жолды толықтай жарамсыз күйге түсірген.

Қарағанды–Боғас бағыты арқылы өтетін бұл күре жол – Қытайдан Мақаншы, Үржар арқылы Астанаға баратын ең қысқа бағыттардың бірі. Соған қарамастан, жыл сайын жүргізілетін бөлшектеп жөндеу жұмыстары толық нәтиже бермей, көбіне Аягөзге жақын бөліктермен шектеліп, Баршатасқа дейін жетпей келеді.

«Баршатас – Аягөз бағытындағы жол мәселесі жылдар бойы шешілмей келеді. Жекелеген бөліктерде (Айғыз–Қарабұлақ, Баршатас–Қосағаш) 10-15 шақырымдық жөндеу жүргізілгенімен, сапасы төмен болып, уақыт өте қайта бүлінді. Өткен жылы Малгелді–Баршатас арасына 30 шақырым жол салу басталғанымен, құрылыс материалдарының Аягөзден тасылуы ауыр техниканың көбейіп, бұрынғы жолды одан әрі жарамсыз күйге түсіруіне әкелді. Соның салдарынан Баршатас–Аягөз арасындағы 180 шақырым жол әбден тозып, шұңқыр мен үйіндіге толды. Көлік апаттары көбейіп, тұрғындар материалдық шығынға ұшырады. Биыл да Мәдениет–Бидайық бағытында жөндеу жүріп жатыр, бірақ бұрынғы қателік қайталануда: ауыр жүк көліктері жолды тағы да бүлдіріп жатыр. Жөнделген бөліктердің өзі сапасыз – асфальт пен цемент аралас қиыршық тез ұшып, жол қайтадан жарамсыз күйге түскен», дейді Өміртай Лақанұлы.

Тұрғындар бірнеше рет шағымданғанымен, нақты нәтиже жоқ дейді. Жол құрылысына бөлінген қаржының тиімділігі мен жауапкершілігі де күмәнмен қарайды. Жыл сайын жамап-жасқаумен шектелген бұл жұмыс өңірдің әлеуметтік жағдайына кері әсер етіп отыр. Тіпті жол көлік оқиғасы да жиілеген.

Жолдың ушығып тұрғанын ауыл тұрғындары Сарыбұлақ кен орынын руда таситын ауыр жүк көліктерімен байланыстырады. Расында үлкен жүк көліктерінің жолды бүлдіріп қана қоймай, өздері де балшыққа белшесінен батып жатқан фотолары әлеуметтік желіге тарады. Алайда кен орны ол көліктерді өздерінікі екенін мойындамайды.

«Бұл көрініс Сарыбұлақ деп аталатын  (алпауыт) кен орынан кен тасып жүрген  көп алып автокөліктердің бірі. Шұбартау мен Аягөздің арасындағы жолға жөндеу жұмысын жасаған семейлік «Горстрой» деген алпауыт компания барлық қажетті қиыршық тас, цемент, т.б заттарын осындай ауыр көліктермен тасып, жолдың «миын» шығарған еді, енді мынау...» дейді тұрғындар. Сонымен қатар олар бұл арыз-шағымдарын облыс, аудан әкіміне жолдағанын айтады.

Ақылы жол: Тариф өсті, сапа қайда?

Бұл оқиғаға қатысты Аягөз ауданының әкімдігіне хабарласып, мән-жайды сұрадық. Олар да бұл жағдайдан хабардар екенін жасырмады. Аудандық ішкі саясат бөлімнің өкілі «ҚазАвтоЖол» компаниясының берген жауабын берді. «Қарағанды–Боғас» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 611-615 шақырым аралығының жол жабыны айтарлықтай тозып, қазіргі таңда қанағаттанарлықсыз күйге түскен. Осыған байланысты аталған учаскеде ДЭУ-71 мекемесі тарапынан ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде», деген тілдей жауап алдық. Ал аталған «Сарыбұлақ» кен орынының өкілдерімен сөйлескен едік, алайда олар жауап беруден жалтарды.

Аудандық әкімдіктің өкілдерінің айтуына ақарағанда, 16-сәуір күні «Сарыбұлақ» кен орнының өкілдері, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері және ауыл тұрғындары, аудандық әкімдік бірлескен жиын өткіздеді, мәселе содан кейін шешіледі-міс. Алайда шұбартаулық ағайындар жол мәселесі жуыр маңда шешім таппаса Президентке шағымданамыз, я болмаса жолды жабамыз деп ашынып отыр.

Абай облысы,

Шұбартау

Соңғы жаңалықтар