• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 15:53

Делиберациялы демократия – дамудың бір даңғылы

40 рет
көрсетілді

7 сәуір күні «24.kz» арнасынан танымал заңгер, Мәжіліс депутаты Марат Бәшімовтің «По закону» атты авторлық бағдарламасы берілді. Тақырып – жақында қабылданған Конституцияға сәйкес құрылатын жаңа институт Қазақстан Халық Кеңесі. Сарапшы ретінде қатысып, ойымызды ортаға салдық.

Экраннан көре салысымен-ақ əріптесім хабарласып тұр. «Қысқа бол- са да тұжырып біраз жайды айта алдың. Бірақ эфирдің аты эфир ғой, мүмкіндік шектеулі. Осындағы жайларды мақала етіп жазбайсың ба? Мысалы, саясатта жүрген менің өзіме сен айтқан «делибе- ративная демократия» ұғымы қазірше онша ұғынықты еместігін жасырмаймын. Сырым Датұлы құрған Халық Кеңесі туралы да тарата түскенің дұрыс болар еді», дейді. Несі бар, жазайық.

«Бізге қоғамның дамуына қатысты барлық мәселе бойынша жал­пы­халықтық диалог өткізу үшін жаңа, за­манауи және ауқымды платфор­ма қажет. Осыған орай, мен жаңа институт – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсынамын». Бұл сөзді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында, Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен бесінші отырысында айтты. Өздерінің тарихи миссиясын табысты орындап шыққан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай арқауында құрылатын Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік құрылым болатынын мәлімдеген Мемлекет басшысы басқа елдердегі осындай тәжірибені ескере отырып жасақталатын жаңа органның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіретінін айтып, Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуге тиістігін де жеткізді. Бұл ұсыныс Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тарапынан қолдау тауып, Негізгі заң жобасына «Халық Кеңесі» аталатын арнаулы бөлім енгізілді. Билік трансформациясының осынау жаңа моделін ел халқы республикалық референдумда мақұлдады.

Халық Кеңесі – Қазақстан Респуб­ли­касының жаңа Конституциясын­дағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды шешімнің бірі. Негізінен стратегиялық мәселелер кешенін шешумен айналысатын биік лауазымды бұл органның құзыретіне мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзір­леу, елдегі қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті және ынтымақтастықты нығайту тетіктерін қалыптастыру, мемлекет­тің бас­ты қағидаттары мен ұлттық құндылық­тарды ілгерілету секілді іргелі міндеттер жатқызылып отыр. Халық Кеңесі жалпыхалықтық маңызы бар мәселелер бойынша республикалық референдум өткізуге де бастамашылық жасай алады. Ал бұл органға заң жобаларын Парламентке тікелей енгізу құқығының берілуі іс жүзінде оның өкілеттілігін Үкіметпен теңдестіріп тұр. Демек, бұл қадам қоғамның саяси үдеріске қатысу мүмкіндігін анағұрлым арттыра түседі. Басқаша айтар болсақ, осындай институттың дүниеге келуі елдегі демократиялық мәдениетке тың тыныс ашады, азаматтардың белсенділігін арттырады, жауапкершілігін күшейтеді.

Қазақстан Халық Кеңесі қоғамның бүкіл палитрасын қамтиды. Оның құрамына кіретін 126 адам «үш тең квота» қағидаты бойынша іріктеледі, яғни 42 адам этномәдени бірлестіктерден, 42 адам ірі қоғамдық бірлестіктерден, 42 адам мәслихаттардан және аймақтық қоғамдық кеңестерден өкіл болады. Оларды Президент тағайындайтынының мән-маңызын қосымша түсіндіріп жатудың қажеті жоқ.

«Делиберациялы демократияның» – мәнісіне келейік. Бұл жаңа органды қандай қажеттілік дүниеге әкелді? Қазіргі қолда бар қоғамдық диалог алаң­дары кей жағдайда тұтас жалпыұлттық мүддені қамтамасыз ете алмай келеді деген ойды Парламент депутаттарының өзі неге айтып жүр? Әлеуметтанушы ғалымдардың арасында мәселенің бәрін дауысқа салу жолымен шешу ынтымақтастықтан гөрі бәсекелестікке, бақталастыққа көбірек бастайды, өйткені ондай жағдайда қабылданған шешім жеңгендер мен жеңілгендер деп қарай салатын дихотомияға (гректің екіге жаруды белгілейтін «дихо» сөзі мен бөлуді белгілейтін «томия» сөзінен құралған ұғым) негізделеді, мұндайда ымыраға келу немесе басқа шешім іздеу мүмкіндігі ескеріле бермейді дегенге бейім тұратындар неге аз емес? Консенсусты, яғни бәтуаға келуді, мәмілеге тоқтауды жақтайтындардың «көпшілік тираниясы» қоғамдастықтың ауызбірлігін бұзуы да мүмкін дейтіні неліктен екен?

Сұрақ аз емес. Сол көп сұрақтың бір жауабын делиберациялы демократиядан іздеп көруге де болады. Латынның «deliberare» (ойласу, кеңес беру), ағылшынның «deliberation» (талқылау, кеңесу, ойластыру) сөздерінен шыққан бұл термин демократияның бір теориясын танытады. Интернетке жүгінсеңіз, алдыңызға «Делиберативті (талқылаушы) демократия – бұл сая­си шешімдерді қабылдаудың негізі ретінде азаматтардың еркін және ашық талқылауын, пікірталасын (делиберациясын) қарастыратын демократия моделі. Бұл тұжырымдаманың басты мақсаты – тек дауыс берумен шектелмей, шешімдердің сапасын, негізділігін және халықтың қажеттіліктеріне сәйкестігін арттыру» деген анықтаманы көлденең тартады. Термин анықтығы мұндайда өте маңызды. Делиберацияның арғы түбіндегі мақсаты «талқылаудан» гөрі «кеңесуге» көбірек жақындығын көріп отырмыз. Орыс тіліндегі философиялық әдебиетте «делиберативная (совещательная) демократия» деп тегін алынбаған ғой. Делиберациялы, яғни кеңесуші демократия өкілдік демо­кратияның дағдарысына қарай пайда болған деген сөздің жаны бар. Делиберациялық модельде азаматтар шешім қабылдау үдерісіне тікелей араласатыны айдан анық. Демократияның бұл тұжырымдамасын негіздеген Юрген Хабермастың айтуы бойынша, қоғам талқылауға еркін араласуға негізделетін диалог арқылы дамиды. Жалпы игілікке бастайтын шешімдер моральдық және саяси тұрғыдан тең деп танылатын адамдардың арасындағы еркін әрі көкейге қонымды талқылау ресімінің нәтижесінде ғана қабылдана алады. Демек, өзінің тарихи міндетін ойдағыдай орындап шыққан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың арқауында құрылатын Халық Кеңесі елдегі демократиялық үдерістерді жаңа арнаға көшіруге тиіс.

Алдағы кезде этномәдени бірлестік­тердің, қоғамдық кеңестердің, азаматтық сектордың, қоғамдық ұйымдардың қызме­тіне араласудың, жалпы белсен­ді ұстаным иесі болудың бәсі арта түсетіні осы бастан-ақ белгілі. Өйткені ол құрылымдардағы адамдар мемлекетті басқарудың жаңартылған архитектурасына арқа сүйейтінін, бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың саяси салмағы енді қоғамдық диалогке жүгінетін жаңа органға ауысатынын жақсы біледі. Президент ұсынған, халық қолдаған осы трансформация арқылы елдегі этнос­тар өкілдері заң шығару ісіне бұрынғы саны шектеулі депутаттар арқылы емес, өздері әлдеқайда кеңінен әрі тікелей араласуға мүмкіндік алып отыр. Осылайша, Ассамблея жаңа сипатқа ауысып қана қоймайды, халықты ортақ ұлтқа ұйыстыратын тарихи миссияға жаңа жол ашады дей аламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа қоғамдық институтты Халық Кеңесі деп атауы – төл тарихымызға табан тірететін тамаша шешім. Неге бұлай дейміз?

Жыл басында Өзбекстанға барып, бұрын жол түсе қоймаған Бұхара, Хиуа, Үргеніш қалаларын аралағанымызда халқымыздың ұлы биі, жаужүрек батыры Сырым Датұлының өмір көші сол өңірде өкінішпен тоқтағанын талай рет еске түсірген болатынбыз. Сырым елді халық өкілдерінің қатысуымен басқару жүйесін енгізгенде оған «Халық Кеңесі» деген ат берген еді. Оның съездері 1785, 1786, 1787 және 1897 жылдарда өткен еді. Батыр бидің өмірінен «Болашаққа аманат» атты тарихи драма жазған классигіміз Ғабит Мүсіреповтің 1983 жылғы, яғни Сырым көтерілісінің екі жүз жылдығына арналған «Асыл арман, ардақты ер» деген мақаласындағы мына жолдар жан-жүрегімізді тебірентеді, дала демократиясының даңқты дәстүрлерін асқақтатады. Ғабең былай жазған: «Алдақашан... Бұдан екі жүз жыл бұрын! Екі жүз жыл!.. Бұған дейін Шығыс елдері түгіл Батыс елдерінің қоғамдық тіршілігінде кездеспеген, кездесу түгіл елес бермеген, заты да жаңа, аты да жаңа, қалада емес далада, қазақ даласының батысында, қадірлі аты сом алтыннан құйылып, қазақ тарихының қоймасында сақталар «Халық Кеңесі» деген өкімет құрылды, өкімет!.. Орысша аты – Народное собрание! Құрылған жері – Батыс Қазақстан, құрған ері – Сырым, Сырым батыр Датұлы. Қолдаған – қалың қазақ бұқарасы».

Сырым құрған Халық Кеңесінің сырлы сипаты тағы бір тамаша қаламгеріміз – Қажығали Мұханбетқалиевтің «Тар кезең» атты тарихи романында айқара ашылған.

Мүсірепов мақаласындағы «Бұған дейін Шығыс елдері түгіл Батыс елдерінің қоғамдық тіршілігінде кездеспеген, кездесу түгіл елес бермеген...» деген сөздерге зер салып көрейікші. Сонау он сегізінші ғасырда билікті көкейге қонымды етіп шектеудің, ханға халық үнін жеткізудің, елді алқалық басқару үлгісін енгізудің нақты тетігін тапқан, бүгінгі тілмен айтсақ, қазақ қоғамындағы алғашқы саяси реформалардың бірін жүзеге асырған, сөйтіп ұлт-азаттық қозғалысының саяси тірегіне айналған, маңызды шешімдерді бірлесіп қабылдауды бастап берген сол Халық Кеңесі дәл сол атауды қайта тудырып, жаңа заманда, жаңарған қоғамда жаңаша жанданатыны талассыз.

Халық Кеңесі атауының дәл сол күйінде Әділетті Қазақстанда, 243 жыл өткеннен кейін қайтадан жаңғыруы, Ата заңға енгізілуі қандай ғанибет десеңізші. Бұл сөз егемендіктің елең-алаңында жас мемлекетіміздің парламентаризмін қалыптастыруды бастаған қайраткер депутаттардың ойына оралғаны, сөйтіп сонау 1990 жылы Жоғарғы Кеңестің баспасөз органы құрылғанда жаңа газетке «Халық Кеңесі» деп ат берілуі де көп жайдан хабардар етеді.

Делиберациялық демократияның үлгісі әлемде аз емес. Өзімізге ең жақын мысалды айтайық та тоқтайық. Қытайдың халықтық саяси консультативті кеңесі сонау 1949 жылдан бері Қытай Халық Республикасы басшылығының жанындағы кеңесші орган ретінде, қытай халқының патриоттық біртұтас майданының ұйымы күйінде жемісті жұмыс істеп келеді. Ол орган – Қытайдың саяси жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі. Бар жағынан да алып адыммен дамып жатқан ұлы көршіміздің ұлағатты тәжірибесі бізге де өз пайдасын тигізері талассыз.

Делиберациялық демократия мемлекет пен қоғам арасындағы диа­логті нығайтады. Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесі қоғамның мемлекетті басқаруға қатысуын ке­ңейтетін аса маңызды қадамға айналады. Түптеп келгенде осынау жаңа саяси институт мемлекеттің жаңартылған, жаңғырған институциялық моделі­нің басты сипаттарының бірі болады. Қоғамдық пікірге құлақ түретін, ұсыныстар мен бастамаларды жүйелі түрде талдаудан өткізіп, билікке кеңес қосатын органның келешегі кемел боларына сенеміз. Парламент сайлауы­нан кейін жасақталатын Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына халқымыздың таңдаулы перзенттері қосыларына, олар қалыптастыратын ұстанымдар ұлттық дамуымыздың жаңа парағын ашарына да сенеміз.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Соңғы жаңалықтар