• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:40

Аида Балаева: Жеңіс күні – келер ұрпаққа тағылым беретін қасиетті күн

40 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«9 мамыр – халқымыздың жадында мәңгі сақталған ұлы күн. Ерлік пен елдіктің, қайсар рух пен отаншылдықтың мерекесі. Осы күні біз бабаларымыздың өлшеусіз ерлігін зор ризашылықпен еске алып, майдан даласында қаза тапқан қаһармандардың рухына тағзым етеміз. Адамзатқа фашизмнен азат болашақ сыйлаған ардагерлерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан ортақ Жеңіске, жер бетінде әділет пен еркіндіктің салтанат құруына орасан зор үлес қосты. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бегелдинов, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Сергей Луганский, Хиуаз Доспанова, Сағадат Нұрмағамбетов және басқа да көптеген батырлардың есімі Ұлы Жеңіс шежіресіне алтын әріппен жазылды.

Жүздеген қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанып, мыңдаған жауынгер майдан даласында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды», деді Аида Балаева.

Осы ретте ол соғыс жылдарында мәдениет пен әдебиет те ерекше миссия атқарғанын сөз етті.

«Ұлы жеңіс кезінде қазақ қаламгерлері қалам мен қаруды қатар ұстап, майдан шебінде де, шығармашылықта да халықтың рухын көтеруге зор үлес қосты. Мәлік Ғабдуллин, Кемел Тоқаев, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Аманжолов, Қасым Қайсенов және басқа да майдангер жазушылар өз шығармаларында соғыс жылдарындағы ерлікті, отаншылдықты және өмір шындығын көркем бейнелеп, келер ұрпаққа құнды әдеби мұра қалдырды. Бүгінде елімізде майдангерлер ерлігін ұлықтау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді.

Осы мақсатта Мәдениет және ақпарат министрлігі өткен жылы майдангерлер туралы деректерді жинақтауға, жүйелеуге және сақтауға, сондай-ақ олардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жөніндегі ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған бірегей «Батырларға тағзым» онлайн-порталын іске қосты», деді министр.

Оның айтуынша, сайтта 705 488 ардагер туралы мәлімет орналастырылған. Олардың қатарында 365 Кеңес Одағының Батыры, 4 екі мәрте Кеңес Одағының Батыры және 19 «Даңқ» орденінің иегері бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнімен құттықтады

Сондай-ақ, қоғамда батырлар есімін ұлықтау ісіне де айрықша мән беріліп келеді. Жеңістің 80 жылдығына орай екінші дүниежүзілік соғыстың 500-ден астам ардагерінің есімін көшелер мен даңғылдарға беру туралы шешім қабылданды.

«Қадірлі достар! Жеңіс күні – өткенге тағзым ететін ғана емес, келер ұрпаққа тағылым беретін қасиетті күн. Біздің ортақ парызымыз – соғыс туралы тарихи шындықты сақтау, жастардың бойына отаншылдық, бірлік және ата-баба ерлігіне құрмет құндылықтарын сіңіру. Баршаңызды Жеңіс күнімен тағы да құттықтаймын! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын!», делінген құттықтауда.

Соңғы жаңалықтар