Қазақстандық заманауи музыканың басты мерекесі – Beu Fest фестивалі өзінің бес жылдығын кең көлемде атап өтеді. Ауқымды іс-шара 6 маусым күні «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде ұйымдастырылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Осы жылдар ішінде Beu Fest Қазақстанның мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, тек жергілікті тұрғындардың ғана емес, ел қонақтарының да назарын аудара алды. Фестивальдің бір басты ерекшелігі – бұл еліміздегі Beu FM радиостанциясының тікелей қолдауымен өтетін жалғыз музыкалық фестиваль. Радио мен тірі музыканың мұндай синергиясы жобаға бірегей статус беріп, оның ауқымын одан әрі кеңейте түседі. Бүгінде бұл – музыкалық трендтерді қалыптастыратын және ондаған мың адал тыңдарманның басын қосатын негізгі алаң», делінген хабарламада.
Биыл ұйымдастырушылар елдің басты хитмейкерлерін бір алаңға жинайды. Сахна төрінде Ninety One, Қайрат Нұртас, Shiza, ALEM, Yenlik, M'Dee, Ayau, Ghetto Dogs, Жанар Дуғалова, Bonapart, сонымен қатар Ulukmanapo және Мирбек Атабеков өнер көрсетеді.