Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға білім беру орталықтары тарапынан автокөлік, пәтер және өзге де қымбат сыйлықтар беріліп жатыр. Аталған жайтқа қатысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутат мұнда заңға қайшы әрекет жоқ екендігін атап өтті. Алайда ол жетістіктердің басты себебі білім орталықтарының емес, мектеп мұғалімдерінің еңбегі екендігіне тоқталды.
«Бұл тек НЗМ, БИЛ немесе Назарбаев университетіне түсуге дайындайтын орталықтардың нәтижесі емес. Бұл – ең алдымен біздің мектептегі мұғалімдердің жүйелі еңбегінің жемісі. Өйткені мұндай нәтижеге үш аптада, үш айда немесе бір жылдың ішінде жету мүмкін емес. Мұғалімдердің үлкен еңбегінің нәтижесінде біздің балаларымыз Гарвардқа, Кембриджге, Оксфордқа және басқа да әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсіп жатыр», деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ ол берілетін сыйлықтардың негізінен маркетингтік құрал екендігіне тоқталды. Халық қалаулысының сөзінше, орталықтар жаңа оқушыларды тартуға тырысып, шәкірттердің жетістігін өз жұмысының нәтижесі ретінде көрсетеді.
Көлік, пәтер немесе 50 млн теңге: Тараздық талапкер ҰБТ-дан 140 балл жинады
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістанда ҰБТ-дан екі сыныптас оқушының ең жоғары 140 балл жинағанын жазған болатынбыз.