• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әскер Бүгін, 09:25

Күзге дейін 21 мыңнан астам азамат әскер қатарына шақырылады

Елімізде Президент Жарлығына сәйкес 2026 жылғы 17 наурыз бен 30 маусым аралығында өтетін көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 1 маусымдағы жағдай бойынша Қарулы күштерді, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметін, Мемлекеттік күзет қызметін және Төтенше жағдайлар министрлігін жасақтау жоспары толық көлемде орындалған.

Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің мәліметінше, жаңа шақырылған сарбаздардың басым бөлігі жас сарбаздар курсын аяқтап үлгерген. Олар жалпы әскери жарғыларды меңгеріп, саптық және атыс дайындығының негіздерін оқып, қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларымен танысқан.

Қазіргі уақытта мерзімді қызметтегі сарбаздар әскери өмірге бейімделіп, өз міндеттерін атқаруға кіріскен. Несие міндеттемелері бар әскери қызметшілер заңнамаға сәйкес төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдаланып жатыр. Сонымен қатар, олардың бір бөлігі қызметті аяқтағаннан кейін мемлекеттік білім беру гранттарына арналған конкурсқа қатыспақ.

Эстонияда әйелдер әскерге шақырылуы мүмкін

Ел өңірлерінде әкім орынбасарларының басшылығымен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары жұмысын жалғастырып жатыр. Негізгі күш Ұлттық ұлан бөлімшелерін жасақтауға бағытталған, жоспарға сәйкес оның қатарына 7 мыңнан астам жас шақырылмақ.

Азаматтарға шақыру SMS-хабарламалар және eGov порталы арқылы электронды форматта, келу күніне кемінде үш күн қалғанда жіберіледі. Электронды хабарлама ресми шақыру мәртебесіне ие. Шақырту алған азаматтар әскерге шақыру пунктіне келуге міндетті, ал дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік, ал әскерден жалтарған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Жалпы көктемгі әскерге шақыру аясында Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдарға 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат шақырылады.

Еске сала кетейік, 2014 жылдан бері Қазақстанның 900-ден астам әскери қызметшісі БҰҰ миссияларына қатысқан.

Соңғы жаңалықтар