Елімізге білікті кадрларды тарту мақсатында шетелдік мамандарды жұмысқа орналастырудың жеңілдетілген тәртібі енгізіледі. Бұл орайда сұранысқа ие 50-ден астам мамандық иесін шақырту көзделіп отыр. Оның ішінде ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, инженерия, креативті индустрия сынды салалардағы жоғары білікті мамандар бар.
Тізімге енгізілген мамандыққа ие шетелдік жоғары білікті кадрларға елімізде тұрақты тұруға рұқсат алу мүмкіндігі беріледі. Бұл тетік басым бағыттарға қажетті мамандарды тартуды көздейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі деректерге сәйкес, биыл да бірқатар мамандыққа кадр тапшылығы сақталып отыр.
Мәселен, Enbek.kz порталының мәліметінше, «акушер-гинеколог» мамандығының 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме жіберілген. «Педиатр» мамандығында 448 штат бос, оған 139 түйіндеме түскен. «Анестезиолог-реаниматологтің» 300 бос орнына 75 түйіндеме ғана тіркелген. Сонымен қатар онколог, неонатолог, эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.
Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарға да қажеттілік артып келеді. Атап айтқанда, қолданбалы бағдарламашылар (509 бос жұмыс орны), графикалық дизайнерлер (355 бос жұмыс орны) сұранысқа ие. Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің деректеріне сәйкес, сұранысқа ие мамандық иелерімен 45 мыңнан астам еңбек шарты жасалған. Оның ішінде бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілері шамамен 8 мың, акушер-гинекологтер – 4,6 мың, педиатрлар –
4,1 мың, қолданбалы бағдарламашы-лар – 3,5 мың адам еңбек шартымен жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар шетелдік жұмыскерлермен 55 еңбек шарты рәсімделген. Олардың басым бөлігі «автоматтандыру инженері» мамандығына тиесілі.
Былтыр Enbek.kz порталында сұранысқа ие мамандар қажет деп 9 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланды. Деректер ішкі еңбек нарығы сұранысқа ие мамандықтардың басым бөлігі жөніндегі қажеттілікті қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді. Дегенмен, медицина мамандары тұрақты түрде жоғары сұранысқа ие, салада кадр тапшылығы әлі де өзекті.