Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек жағдайын жақсарту мен өндіріс орындарындағы апаттардың алдын алу мәселесі талқыланды. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, сондай-ақ ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары мен Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Премьер-министр өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс орындарындағы жағдайды жақсарту мен жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселесіне баса назар аударатынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы сәуір айында Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері туралы Заңға қол қойды. Еңбек заңнамасындағы қолданыстағы нормалар жаңартылып жатыр. Осы шаралардың барлығы еңбек қауіпсіздігі саласындағы заңнамалық базаны жетілдіруге, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған», деді Олжас Бектенов.
Төтенше жағдайлар министрлігінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері 570 кәсіпорында тексеру жүргізіліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 10,4 мыңнан астам бұзушылығы анықталған. Әкімшілік жауапкершілікке 523 лауазымды тұлға тартылып, салынған айыппұлдың жалпы мөлшері 62,9 млн теңгені құрады. 7 субъектінің қызметі, 695 объект пен техникалық құрылғыны пайдалану тоқтатылды. Қауіпті өндірістік нысандарда жыл басынан бері 12 апат тіркелген, оның салдарынан 5 қызметкер қаза тауып, 6 адам жарақат алған.
Премьер-министр жұмыс берушілер кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз етуге тиісті шараларды қабылдауы қажет екенін баса айтты. Осыған байланысты Еңбек министрлігі өндірістік жарақат алу көрсеткішінде барлық ірі кәсіпорындардың басшылары үшін KPI енгізуі қажет. Оның орындалмай қалуы басшылықтың жалақысы мен жалпы жұмыста қалуына тікелей әсер етеді.
Бұл ретте еліміздің жекелеген кәсіпорындарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі деңгейінде белгілі бір тәуекелдер бар. Олардың дені тозығы жеткен жабдықтарды уақтылы алмастырмау, өндірістік бақылаудың әлсіздігі, заманауи қауіпсіздік жүйелерінің болмауына байланысты болып отыр. Еңбек министрлігінің Еңбек тәуекелдері картасына барлық өндірістік кәсіпорындар, оның ішінде қауіпсіздік пен еңбекті қорғау параметрлері енгізілген. Алайда бұзушылықтар кәсіпорындарда ғана емес, сондай-ақ құрылыс нысандарында, қоғамдық тамақтану орындарында да болуы мүмкін.
Сондай-ақ профилактикалық жұмысты күшейту мен шағын және орта бизнес саласындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға баса назар аударылды. Мұндай нысандарда тіпті әрбір жұмыскердің орналасқан жерін көрсететін жүйелер де бар.
Еңбекті қауіпсіз ету мақсатында Премьер-министр бірқатар тапсырма берді. Ең алдымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілеттігін кеңейту туралы заңнамалық өзгерістер әзірлеу тапсырылды. Үкімет тұрғын үйлердің ішінде немесе оларға жапсарлас орналасқан қоғамдық тамақтану орындарындағы қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударды. Осыған байланысты әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, дәмханалар мен мейрамханаларда газ баллондарын сақтау және пайдалану талаптарының сақталуын тексереді. Сонымен қатар өңір әкімдіктеріне жұмыс берушілермен бірлесіп ұжымдық шарттар жасау жұмысын жандандыру тапсырылды. Бұған қоса құрылыс, қызмет көрсету және өзге де тәуекелі жоғары салаларда еңбек ететін азаматтарды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шараларын күшейту көзделіп отыр. Өнеркәсіп нысандарындағы бақылауды күшейту де басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді.
Премьер-министр Мемлекет басшысы өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мен еңбекті қорғау саласын толық цифрландыру міндетін қойғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
«Кәсіптік тәуекелдерді азайтуға, өндірістік қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға әрі цифрлық шешімдерді енгізуге баса назар аударылуға тиіс. Қорыта айтқанда, еңбекті қорғау саласындағы жұмысты күшейтіп, аталған мәселені тұрақты бақылауда ұстау қажет», деді О.Бектенов.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өндірістегі апаттар мен адам шығынын азайту бағытындағы істерге тоқталды. Оның айтуынша, кейінгі жылдары қауіпті өндіріс орындарында бақылау күшейтіліп, кәсіпорындардың жауапкершілігі артқан. Соның нәтижесінде өндірістегі адам өлімі 2,5 есе азайып, жарақат алу көрсеткіші 25 пайызға төмендеген. Алайда саладағы түйткілдер толық шешілді деуге әлі ерте. Биылғы бес айдың өзінде бақылаудағы кәсіпорындарда 43 оқиға мен 13 өндірістік авария тіркелген. Оның ішінде 10 дерек аясындағы тергеу аяқталса, «Востокцветмет» шахтасы мен «Қазмырыш» кәсіпорнындағы ірі апаттардың мән-жайы әлі анықталып жатыр. Алдын ала мәліметке сүйенсек, шахтадағы қайғылы жағдайға тау-кен жұмысын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болған. Ал зауыттағы жарылыс технологиялық үдерістің бұзылуына байланысты болуы мүмкін.
«Тексерулер барысында бірқатар кәсіпорында тозған жабдықты уақытында ауыстырмау, өндірістік бақылаудың әлсіздігі, техникалық құжаттардың талапқа сай болмауы секілді заң бұзушылықтар анықталған. Осыған байланысты биыл өндірістік қауіпсіздікті бақылаудың жаңа тетігі енгізіліп, барлық кәсіпорынды қамтитын қадағалау жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде, тексерулер саны өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артып, 10 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған 600-ден астам өндірістік нысан мен техникалық құрылғының жұмысы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар 523 жауапты қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұл көлемі 62 млн теңгеге дейін жеткен», деді Төтенше жағдайлар министрі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, өндірістегі қауіпсіздік мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Бүгінде елімізде зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайында 479 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның 61 пайызы өнеркәсіп саласында еңбек етеді. Министр өндірістік жарақаттарды жасыру фактілері жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуына кері әсер ететінін атап өтті.
«Адам капиталы – кез келген кәсіпорынның ең басты байлығы. Сондықтан еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек заң талабы емес, жұмыс берушінің тікелей жауапкершілігі болуға тиіс. Қазір біз еңбек қатынастарының ашықтығын арттыруға, өндірістік жарақаттарды жасыру деректерінің алдын алуға және қызметкерлерді әлеуметтік-еңбек кепілдіктерімен толық қамтуға басымдық беріп отырмыз. Кейінгі уақытта жүргізілген бақылау мен алдын алу шараларының нәтижесінде өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 4,5 пайызға, ал адам өліміне әкелген жағдайлар 7,9 пайызға азайды. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты әлсіретуге болмайды. Біз цифрлық бақылау жүйелерін кеңейтіп, еңбек тәуекелдерін ерте анықтау тетіктерін жетілдіру арқылы әрбір жұмыскер үшін қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруды жалғастырамыз», деді министр.
Бүгінде «HR Enbek» жүйесінде 6,7 млн еңбек шарты тіркелген. Сонымен қатар еңбек тәуекелдері картасы арқылы 98 мың кәсіпорынның әлеуметтік-еңбек ахуалына мониторинг жүргізіліп отыр. Бұл еңбек заңнамасын бұзу белгілерін ерте анықтауға және еңбек жанжалдарының алдын алуға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өндіріс орындарындағы қауіпсіздікті күшейту, апаттардың алдын алу бағытындағы үдеріске тоқталды. Былтыр Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелерін жаңғыртуға инвестиция тарту жоспары қабылданып, оның аясында 55 шахта мен кен орны тексерілген. Нәтижесінде, бірқатар кәсіпорында персоналды іздеу және позициялау жүйелерінің жоқ екені анықталып, қауіпсіздік жабдықтарын жаңарту қажеттігі белгілі болды.
«Өндірістегі қауіпсіздік мәселесі ең алдымен адам өміріне байланысты. Сондықтан кәсіпорындарды техникалық тұрғыдан жаңғыртуға және заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен металлургия саласында жаңғыртуды қажет ететін 50 ірі кәсіпорын айқындалды. Осы кәсіпорындардың жұмысын бақылау үшін арнайы техникалық қайта жарақтандыру картасы әзірленді. Бағдарлама іске асқалы бері өндірісті жаңғырту мен техникалық қайта жарақтандыруға 550 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Бүгінде ERG, «Қазақмыс» және Qarmet кәсіпорындарында жасанды интеллект, бейнеаналитика, персоналды позициялау және қашықтан басқару жүйелері енгізіліп жатыр. Мұндай технологиялар өндірістегі тәуекелдерді азайтып, апаттар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді», деді министр.
Жалпы, үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.