Біз Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментіне «Өзі оқымас – оқытпас» атты («Egemen Qazaqstan» 07.05.2026) мақалаға байланысты хат жолдаған едік. Мақалада қазіргі балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдерінің оқу мәдениеті, балалар әдебиетін, балалар басылымдарын пайдалану деңгейіне қатысты қоғамды алаңдатқан мәселені көтергенбіз. Осыған орай, аталған министрліктен «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Д.Қамзабекұлының атына жауап келді.
Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Г.Искакова жауабында Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 мамырдағы №216 бұйрығымен «Орта білім беру ұйымдарына арналған жекелеген пәндер бойынша оқулықтар мен базалық оқулықтардың, мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің (бұдан әрі – ОӘК), оның ішінде электрондық нысандағы тізбесін балалардың жас ерекшеліктеріне қарай басшылыққа алынғаны туралы жазылған. Аталған нормативке сәйкес педагогке әдістемелік көмек ретінде ОӘК, көркем әдебиет бойынша әдістемелік нұсқаулық, үлестірмелі материал, хрестоматия қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін жоғарылату бағытында әдістемелік сүйемелдеу жұмысы, семинарлар, тренингтер, республикалық конкурстар, біліктілікті арттыру курстары, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
«Оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетіне қызығушылығын арттыру, олардың шығармашылық қабілеттері мен танымдық қызығушылықтарын анықтап, дамыту, дарынды балаларды қолдау мақсатында олимпиадалар мен байқаулар өткізіледі. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы PIRLS критерийлері негізінде мұғалімдерге әдістемелік ұсынымдар әзірлеп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында балалардың кітапқа құштарлығын арттыру және кітапханаларды әдебиеттермен қамтамасыз ету мақсатында республика деңгейінде «Балалар кітапханасы» бағдарламасы жүзеге асырып келеді. Бағдарлама аясында Шымкенттегі №145 мектепте «Менің сүйікті кітабым» республикалық челленджі өткізілген, сондай-ақ балалардың каникулдағы бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы көркем әдебиеттер тізімі мен әдістемелік гайдбуктер әзірленіп, білім беру ұйымдарына жолданды. Ұлттық кітап күні қарсаңында ұйымдастырылған «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы» онкүндігіне республика бойынша 1,3 млн адам қатысып, мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізілді», делінген хатта.
Жауап хатта жазылғандай, министрлік білім алушылардың оқу сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатқаны, бұл шаралар білім мазмұнын жаңартуды, оқулықтарды сапалы іріктеуді, бағалаудың заманауи тәсілдерін енгізуді қамтитыны айтылған.
Оқыту ісіне жауап жоғары ұйым осылайша балаларды газет-журнал, кітап оқуға баулитын науқандық іс-шаралар есебін бергендей болған. Ал біздің мақалада сол балалар мен оқушыларды көркем әдебиет, басылымдар оқуға баулитын тәрбиешілер мен мұғалімдер дағдысының кемшін екені көрсетілен еді. Бұған қатысты жауапты аталған хаттан көзіміз шалмады. Газет оқымаған мамандар ұрпақты қалай тәрбиелемек? Дегенмен кері байланысқа бейжай қарамаған министрлік өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз. Бұл мәселені газет ұжымы алдағы уақытта да жіті назарда ұстайды.