Ақын, ғалым, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығы туралы бес кітап жарық көрді. Еңбектерді даярлаған – белгілі журналист Ескендір Ертай. Жинақтың таныстырылымы ақынның 90 жылдығына арналған халықаралық форум аясында өтті.
Олжас Сүлейменов туралы «Олжас – Он молодой» атты еңбек 2016 жылы жарық көрген еді. Кейін бұл ізденіс жалғасып, жаңа кітаптармен толықты. Ақынның 90 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Өсіріс заңы» мен «Жер әлемінің Елшісі» кітабының тұсауы Алматыда өткен халықаралық форум барысында кесілді.
Көрнекті ақын, қоғам қайраткері әрі «Невада–Семей» халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшысы Олжас Сүлейменовтің мерейтойына арналған «Өз жерінің елшісі» атты VII халықаралық Еуразия мәдениеттерін жақындастыру форумына Қазақстанмен бірге Франция, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай мен АҚШ сынды елдердің мәдениет, ғылым мен әдебиет өкілдері қатысты.
Форумның пленарлық отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне жолдаған құттықтауын жеткізді.
«Олжас Сүлейменовтің өмір жолы – Отанға адалдықтың, жоғары азаматтық ұстанымның және жалпыадамзаттық құндылықтарға беріктіктің жарқын үлгісі. Оның шығармашылығы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік руханияттың да маңызды құбылысына айналды», делінген құттықтауда.
«Қазақ оқырманына Олжас Сүлейменовтің болмысын кеңінен таныстырғым келді. Оның ғаламдық ойлау жүйесі, адамзат тарихы мен болашағына қатысты пайымдары қызықтырды. Әсіресе «Өсіріс заңы» еңбегіндегі тың көзқарастар ерекше әсер етті», дейді аудармашы Ескендір Ертай.
Қаламгердің айтуынша, «Байтақ» партиясының Олжас Сүлейменовті Нобель сыйлығына ұсыну бастамасын қолдау мақсатында кезекті жинаққа «Жер әлемінің Елшісі» деген атау берілген.
Олжас Омарұлының шығармашылық және қоғамдық қызметін насихаттауға үлес қосып жүрген Ескендір Ертай түркі дүниесі кеңістігін нығайтуға атсалысқан әріптестеріне алғыс айтып, барша журналист қауымын кәсіби мерекемен құттықтады.