28 Маусым, 2016

«Дәуір» «Дәуір» болғалы қағаз – қат, бояу – қымбат

1195 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
111-4Бірақ, республикалық баспа кешені бастапқы бағытынан әсте тайған емес Қазір тек бір ғана Алматының өзінде 200-ге жуық баспахана бар десек, «Дәуір» республикалық полиграфиялық баспа кешені жауапкершілігі шектеулі серіктестігі солардың бірі, ірілендірілген бірегейі. 80-ші жылдары кеңестік «Дәуірде» журналистер қауымын қосқанда 3500-дей адам қызмет атқарса, бүгінгі кешенде 600 адам еңбек етеді. Қазіргі «Дәуір» қазақстандық байырғы кәсіби жетілген полиграфиялық дәстүрдің лайықты жалғасы саналады. Тарих беттерін парақтасақ мекеменің негізгі қызметін Алматыда 1932 жылдан бастағанын байқаймыз. Байланыс және ақпарат құралдары саласының қызметкерлері күні қарсаңында газет тілшісі республикалық кешенді баспаның бас директоры Светлана НАЗАРБАЕВАМЕН сұхбаттасып қайтқан еді. – Светлана Мырзахмет­қызы, баспахана өндірісінің о заманнан бері қарай пайдаланатын негізгі шикізаты – қағаз, қорғасын, бояу еді. Оларға деген өндірістің зәрулік талаптары мезгіл-мезгіл туындап, баспа мамандарын әурелеп, әбігерге салатыны да болушы еді. Бүгінгі жаңа технологиялар заманындағы баспа ісінің мазмұны мен мәні өзгергені анық. Бір кездегі көкейкесті мәселелер де оңтайлы шешімін тауып үлгерген шығар?! – Бірден ашып айтайын, қазіргі баспа ісінде қорғасынды материал ретінде мүлдем пайдаланбаймыз... Ал қағаз мәселесіне келсек, оның жайы жыл өткен сайын күрделеніп, қиындаған үстіне қиындай түсуде. Мен «Дәуірге» қызметке келгеннен бері қарайғы өткен 14 жылдың ішінде қағаз бағасы талай рет көтерілді. Сенесіз бе?! Шикізат атаулыға сондай бай-бақуат рес­публикада, жерінен Менделеев кестесінің барлық элементі табылатын елімізде полиграфия өндірісі айтарлықтай тапшылық әрі таршылық көріп отыр. Қағазды әдеттегідей Ресейден сатып аламыз. Олар монополист-өндіруші кәсіпорын ретінде бізге айтқанын істетеді. Қаласақ та, қаламасақ та бірінші болып өз шарттарын алға тартады. «Біздің талабымыз жақпай жатса, өнімімізді алмай-ақ қойыңыздар», деп кесіп айтады. «Ағайынгершілік жасап, қағаздың бағасын аздап болса да арзандатуға болмас па екен», десек: «Біздің қағаз өндірісін шетелдіктер сатып алған. Оларға құзырымыз жүрмейді, сөзіміз өтпейді» деп құтылады. Ондай уәждің қаншалықты шындыққа жанасып жатқанын да білмеймін, бірақ, тоқсанына бір рет Ресей тарапы бағаны міндетті түрде еселеп көтеруден әсте жаңылар емес. Біз олардың алдында мүлдем қауқарсызбыз. Менің өз басым сан рет Мәскеуге, Соликамскіге, Сыктывкарға, Санкт-Петербургке барып, қағаз өндіруші өнеркәсіптің жетекшілерін тікелей келісімшарттарға отыруға шақырдым. Дөңгелек үстел басында белгілі бір мөлшерде шегініс жасағанмен, келесі тоқсандарда бағаны бәрібір көтеріп жібереді. Ашқарақ монополист компаниялардың араны толып бітетін күн қашан туады, о жағы беймәлім... – Түсінікті, бізге бұл баяғы кеңес заманынан өте-мөте таныс белгілі «опера әні...» Ал, бояу туралы не айтасыз? – Бояу туралы айтқанда, кешіріңіз, әлгі айтқанның бәрін ұмытып... жылағың келеді! Бояуды, пластина металдар мен полиграфияға қажетті барлық құра­маларды шетелден аса қымбат бағаға сатып аламыз. Әрі олармен тек қана доллар, еуро арқылы есеп айырысамыз. Біздің кешенде өндірістік қажетіміз үшін теңгеге сатып алатын бірде-бір зат жоқ. Өндіріске күнделікті қажетті шпагат-жіптің өзіне шетелге тапсырыс береміз. – Бүгінгі баспаның үшінші, негізгі өнімі – алюминий тілімшелері өзіміз­дің Павлодардан шығады емес пе?! Отандық өнімнің қызығын молынан көру мәртебесіне қаншалықты ие болдыңыздар? – Оныңыз рас, алюминий  елімізде молынан өндіріледі. Оған сөз жоқ. Бірақ, біздің зауыттар алюминийді қорытпа күйінде шығарады. Сондықтан да оларға тауарды шетелге сол қалпында, саф күйінде сатқан әлдеқайда тиімді де пайдалы. Жалпы айтсақ, Қазақстанның алюминийі шетелде полиграфиялық алюминий тілімшелері болып түрленіп, бастапқы бағасына едәуір мөлшерде баға қосып, елімізге қайтып келіп жатыр. Оны біз мұқтаждықтан, бағасының удай екендігіне қарамастан сатып аламыз. Кейде, Қытайдағы немесе Германиядағы секілді бізде де осынау алюминий қорытпалардан полиграфиялық тілім­шелер жасауға әбден болар да еді-ау деген ойда қаламын. Бірақ, әзірге жүрегі дауалап, ондай қадам жасайтын кәсіпкер күллі еліміздің ішінен табылмай тұр. Оны айтасыз, осы салада мен еңбек еткен 14 жылдың ішінде тиісті орындар полиграфистердің басын қосып, бұл жайында кәсіби тұрғыда бір-ақ рет «ақылдасу» жиналысын өткізіпті. Бұл мәселені Үкімет өз назарына алса артық емес. – Қазақстанның баспа ісі саласы Ресейден басқа қандай шет мемлекеттерге тәуелді? – Германия, Қытай, Италия, Үндістан, Жапония... дер едім. Тіпті, Украинаға по­ли­графиялық инелерге тапсырыс береміз.. – Сіздің айтқандарыңыздан аң­ғарғаным, бүгінгі «Дәуір» бастан-аяқ әлемдік жаңа сатыдағы ең үздік технологиямен – техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген... Яғни, барлық баспа техникасы шетелдерден сатып алынған, солай ғой? – Иә, полиграфиялық машиналарымыз түгелдей дерлік Германиядан әкелінген. Барлық қосалқы бөлшектер де сол елден тасымалданады. Жұмысымыздың сапасы да сол машиналарға тікелей байланысты. Осыған сәйкес маман кадрларды – баспа ісінің жаңа буындарын, тиісінше сол мемлекеттерде немесе сол мемлекеттің машиналарын жасап шығаратын туыстас елдерде оқытып аламыз. – «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгідей сыртқы екі бетінен тыс бар­лық беттері түрлі-түсті қанықты бояумен шығатын күн де таяу. Демек, бұл үдеріске қатысты «Дәуірдің» мүм­кіндігі жеткілікті ғой. – Біздің баспа машина­ларымыздың барлығы да қазіргі заманғы супер-технологиялық талаптарға жауап береді. Ден қоятын тағы бір жайт, әрбір жаңа машинаны сатып аларда ертеңгі күнімізді, болашағымызды алдын ала ойладық. Мұндай жаңашылдық сәттің ерте ме, кеш пе есігімізден сығалайтынына көзіміз жетті. Мәселен, бүгінгі таңда біздің цехтар «Егемен Қазақстаннан» басқа 60 газет басып шығарады, олардың 40 пайызы елге әлгі айтқан түрлі-түсті бояумен таралып жүр. Бірақ, осы арада өзгедей бір ғана парадокс айтуға мәжбүрмін: кітап пен газет өнімі қай заманнан бері бір министрліктің қарауында еді. Қазір ше? Газет – Ақпарат пен коммуникациялар министрлігіне, ал кітап шығару – Мәдениет және спорт министрлігіне бағынышты болып қалды. – Есесіне екі министрліктің өнімі бір баспадан шығады дейсіз ғой... – Иә... Екі министрлікке қажетімізге қарай, істің байыбына сай кезек-кезек хат жазуға да машықтанып алдық. – Қазақстандағы бас баспа санатында елдегі өзге баспалармен сала­­­лық, ынтымақтастық қарым-қаты­настарыңыз қалай? – Полиграфия саласына алғаш келген күннен бастап Қазақстандағы танымал барлық баспаның басшыларымен танысып, әріптестік жолда қызмет етуге шақырдым. Нәтижесіз емеспіз. – Сізден, атақты «Дәуірден» көмек сұрайтын әріптестер көп пе? – Бұрындары министрлік мемлекеттік тапсырыс берерде баспаға алдын ала 30 пайыз ақшасын төлейтін. Қазір бәрі де жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң талаптарының аясында жүргізіледі. Бізбен ең кемі 18 баспа одақтаса жұмыс істеуге мүдделі. Ешқандай пайыздық түсім алмай, олардың тапсырысын орындаймыз. Кәсіби тұрғыдан сатылап қойылған кедергілерді көріп-біліп отырып, өзіңіз ойлаңызшы, әріптеске қалайша қол ұшын бермейміз, қиянат емес пе?! Осы қызметіміздің өзі оларға үлкен көмек деп ойлаймын. Газеттердегі ахуал да осыған ұқсас. Біз басып шығарып жатқан газеттердің дені сол баспалар секілді ақшасын үнемі кешіктіріп төлеп жатады... Соның өзінде, біздің қызметімізді пайдаланбай кейбір азаматтар кітапты, атап айтқанда мектеп оқулықтарын сонау Қытайға барып түптетіп әкеледі. Мұнысын менің өз басым түсіне алмай-ақ қойдым. – Неге олай? Әлде сіздердің өнім­деріңізді жарнамалау жағы кемшін түсіп жатыр ма? – Жарнама жеткілікті. Уақыт жет­пейді. Тапсырыс берушілердің өз ісіне жанашырлығы жоқ, құлқы төмен. Әйтпесе, кәдімгі бір жапырақ шақыру қағазынан бастап, оқулықтар мен әдеби шығармаларды, фотоальбомдар мен том-том кітаптарға дейін мүлтіксіз дер уақытында басып шығарып жатырмыз. Оның барлығына да кәсіби әлеуетіміз жетеді. Ал енді оқулықтарға қатысты жеке дара айтарым, тапсырыс берушілер бұрынғы кезде жылдың басында бізге қолқа салушы еді, қазір оқу жылының басталуына екі ай қалғанда өтініш айтып, жанталасып жатады. Неге өйтеді? Сол тұста ғой өндірістік сәйкессіздіктер туындап қалады. Содан соң олар «суға кеткен тал қармайдының» амалымен асығыс түрде Қытайға, Ресейге тапсырыс жасайды. Ал енді өнімдер сапасы жағынан біздің машиналарымыз сол Қытай мен Ресейдің машиналарынан асып түспесе кем емес. Бір сөзбен айтқанда, сапа жағынан кепілдік бар. Екі айдың ішінде оқулықтарды басып шығып, оны жаңа оқу жылы басталғанша тиісті жеріне тасымалдап жеткізу де оңай шаруа емес қой, сондықтан да әріптестер осы жағын ерте бастан ойлағаны жөн. – Түсінікті. Рахмет. Баспалар мен басылымдардың басынан өткен бір халықаралық оқиғаны есіңізге салайын. Хабардар болуыңыз да мүмкін. Америкалық атақты Ньюсуик (Newsweek) апталығы 1932 жылдан үзбей шығып келе жатқанына қарамастан 2012 жылы мойнындағы 30 миллион доллар қарызына байланысты жарыққа шығуын тоқтатты. Газет шығару қай заманда арзан болып еді, өзіңізге мәлім жайт. Түрлі-түсті жылтырақ басылымның жаңа иесі апталықтың 3 миллион 160 мың оқырманын «аяғаны» шығар, Ньюсуикті веб-сайт арқылы шығарып амал тапты. Арзан. Осыған орай, сіздерде күні ертең қымбатшылықтың ауыртпашылығын көтере алмаған газеттер сайттарды жағалап кетеді-ау, сонда баспа машиналары жұмыс таппай тоқтап қалады-ау деген үрей жоқ па? – Жоқ. Біріншіден, америкалықтармен біздерді салыстыру әлі де тым ертерек. Рас, дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердегі интернет мәселесі, компьютерлер жетімділігі туралы сөз басқа. Шикізатына ғана малданып отырған Қазақстанда жұрттың бәрі бірдей газеттің ғаламторлық үлгісін оқиды дейтін уақытқа, ол мәдениетке де әлі ерте. Көптеген ауылдың немесе шалғайдағы аймақтардағы елді мекендердің интернетке жете алмай отырғаны да ақиқат. Одан соң, біздің ұрпақ жаңа дәуірге бейімделе қалып, баяғыдай газетті айқара ашып тастап оқу әдісінен бірден қол үзе салады десек, тағы қателесеміз. Айтпақшы, сіздің айтып отырған Ньюсуик (Newsweek) апталығының жаңа иесі 2014 жылдан бастап басылымды қайтадан ежелгі дәстүрмен баспадан басып шығаруды қолға алды емес пе?! – Солайы солай... – Көрдіңіз бе, ендеше газет те, журнал да оқырмансыз, баспалар да жұмыссыз қалмайды. Әлгінде айтып өттім, іссапармен шетелге көп шығамын,  сіз мәселе етіп көтеріп отырған «үрей» менде де жоқ емес, әуежайға түскен бетте жан-жақты сүзіп, дүңгіршектерді іздеймін. Қай жерде кідірмейін, қай тұста аялдамайын сол интернет пен ІТ-дың майын ішіп отырған алдыңғы қатарлы елдің барлығында да газет-журнал сө­ре­лерде аузы-мұрнынан шыға толып тұрады. Осыны көзбен көрген соң барып, көңілім орнына түседі, білдіңіз бе?! – Сіздің «Егемен Қазақстан» газетіне деген көзқарасыңыз туралы білгім-ақ келіп тұрғанын қараңызшы... Мұны менің төл мереке қарсаңындағы әрі сол газеттің қызметкері – патриоты ретінде сізге жеке өз атымнан қойып отырған сауалым деп түсініңіз... – «Егемен Қазақстан» – ел газеті. Менің білетінім, бұл тарихи басылым біз көз ашқалы еліміз газеттерінің көшін бастап келеді. Бізге өте жақын басылым, сондықтан да ылғи іш тартып тұратынымызды да жасырмаймын. Жақсы көреміз. Оқимыз. Кең-байтақ еліміздің әр бұрышында оның өз оқырманы барын да білеміз. Еліміздегі болып жатқан барлық саяси-қоғамдық оқиғалардың бірден бір хабаршысы, жеткізушісі ғана емес, өзінің ой орамы, бай болжамы, нақты ұстанымы бар газет деп санаймыз. Біз «Егеменмен» қай дәуірде де тізе қосып, ел игілігі үшін бір мақсатта бірлесе еңбек етіп келеміз. – Светлана Мырзахметқызы, елі­міздегі полиграфия саласына байланысты ащылау айтқан жоғарыдағы түйткілді мәселелерге тағы да қо­сарыңыз бар ма?! – Өте дұрыс еске салдыңыз, бар. Мәселен, осы таяуда бөлшек саудада лайықты өз орны бар, БАҚ өнімдерін бірден-бір таратушы «Номад-Пресс» ЖШС бір күнде жабылды да қалды. Ол осының алдында ғана белгісіз себептермен қызметін тоқтатқан бұрынғы «Казпресс»-тің міндетін адал орындап жүр еді. Халық осы ұйымның дүңгіршектері арқылы қалаған газетін сатып алатын. Ендігі жерде мұндай зиянкестік тосын әрекеттің «жер астынан қалайша... екі құлағы тік шыққанын» күні бүгінге дейін біле алмай, дал болып қалған жайымыз бар. Кешегі газет-журналдар сатылатын дүңгіршек-киоскілер сан алуан сигарет пен сусындарға сықиып толтырылып қойылды. Бұл сонда қалай болғаны? Қазір дүңгіршектегі газет-журнал сату ісі толықтай тоқырауға ұшырады. Бұл газет-журналдар мен бас­па ісінің одағына көпе-көрінеу қолдан жасалған қастандық дер едім. Газет-журнал халыққа тек қана жылдық, айлық мерзімге жазылу науқаны арқылы тарайды деген ой болса, мұны мен саланың қайраңға батқанына балар едім. «Казпрестің» мұрагері «Номад прес­тің» иесі кім екенін де білмейміз, ондай қадамға не үшін барғаны да біз үшін жұмбақ. Бұған тағы бір қосарым бар, аталған ұйымның редакциялар алдында миллиондаған қарызы да төленбей қалып қойды... – Өкінішті-ақ екен, қоғамдық ортада ашықтан-ашық туындаған бұл «жанайқайды» кімге айтып мұң шағып, кімге ресми түрде бағыттау жөн деп ойлайсыз? – Бұл – тек қана Үкіметтің құзы­рындағы іс, Үкіметтің тікелей араласуы арқылы ғана оң шешімін табатын мәселе. Сондықтан да біз осынау ащы да болса ақиқаттың барлық жай-жапсарын қағазға түсіріп, әлгі жоғарыда аттары аталған екі министрлікке арнайы хат жолдадық. Министрліктер біздің «дабылымызға» құлақ асар деген үміттеміз. «Төртінші билік» пен халық арасындағы байланыстың тамырына дәл бұлайша аяусыз балта шабуға болмайды ғой?! – Бүгін – кәсіби мереке... Осыған орай тынымсыз еңбек істеп, полиграфия өндірісінің алғы шебінде жүрген әріптестеріңіз, ұжымыңыз туралы не айтар едіңіз? Үлкен ұжымда тыңғылықты қызмет атқару жолында сіздің өз басыңыз, атап айтқанда, кімдерге арқа сүйейсіз? – Үлкен ұжымның басшысы болған­дықтан да, қарамағымдағы әрбір инженер-баспагерден бастап, әрбір жұмысшының, тіпті, аула сыпырушының да тағдыры менің жауапкершілігімде. Солар «жалақысыз болмасын, қиналып қал­масын» деген мақсат аясында еңбек етемін. Осы жылдар ішінде шамамыз жеткенше алатын айлықтарын бір күн кешіктірген емеспіз, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын зерделеп, сараптап, жіті бақылауда ұстап отырамыз. Бұл істе менің орынбасарым, байырғы Мәскеу полиграфия институтының түлегі, осы салада табан аудармай 50 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Есет Қожамұратов, мәскеулік дипломы бар тағы бір сүйенішім – еңбек өтілі 55 жылға толған Зоя Рябко, сервистік қызметтің жетекшісі Орал Өкшебаев және басқалары көмегін аяған емес. Қолға алған ісіміздің баянды болып, тек қана алға басуына бұл кісілерден тыс олардың төменгі буын көмекшілерінің, бөлім жетекшілерінің қосқан үлесі де зор деп санаймын. Ұйымшыл әрі еңбекқор ұжымды басқарып отырғанымды мәртебе санаймын. – Рахмет, енді бүгінгі ортақ мерекеге сай бір ауыз жылы лебізіңізді біл­дірсеңіз?! – Әрі ортақ, әрі кәсіби төл мерекемен барлық БАҚ өкілдерін, оның төңірегінде атсалысып жүрген сала қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын. Бір ға­сырға жуық бұқара өмірінің айнасы болған «Егеменге» тұғырынан таймасын деген тілек айтамын. – Светлана Мырзахметқызы, сали­қалы әңгімеңіз, жылы тілегіңіз үшін сізге де үлкен рахмет! Төл мереке құтты болсын!  Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»  АЛМАТЫ