28 Маусым, 2016

Белбұлақта досым бар еді

380 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Ерага-2Алматыдан күншығысқа қарай Талғар қаласына дейін іркес-тіркес жатқан ауылдардың бәрі де өмірден озған адамдарын тау бөктеріндегі төбелерге жерлейді. Әлішер марқұмға да орын сондай төбелердің бірінен бұйырды. Мәшинелер тізбегі Белбұлақтан шыққан бойда тау шатқалымен біраз жүріп барып, кері бұрылып биік төбені қапталдай тартты. Біздің сыныптастар мінген мә­шине тізбектің ең соңында келеді. Үнсіз­біз, әркім өз ойымызбен отырмыз. Жаңа ғана жаназа оқылып, мәйітті ашық жүк мәшинесіне көтерер кездегі сансыз әйелдердің «көкемайлап», «аға­май­лап» салған дауыстарының ішінде жалғыз қызы Құтжанның «папамайлап» шыр­қырағаны құлағымда қалып қойыпты... Бірде Әлішер үйге хабарласты. Бұрын мұндай әдеті жоқ болатын. – Шөп сындыратын шығармыз, ешқашан хабарласпайтын едің, – деп қалжыңдап жатырмын. – Сендер елу жастарыңда келін тү­сіріп, қыздарыңды ұзаттыңдар, сөйтіп, алпыс жастарыңда үш-төрт немерелі бол­дыңдар. Мен алпыс­тан асқанда қызым­ды ұзатайын деп жатырмын, Жа­қан екеуіңді сол қуанышымызға шақырамыз. – Құтжан кетсе, Несіпкүл екеуің қалай отырар екенсіңдер... – Қайтейін енді, құдайдың бергені осы қыз ғана... – Әлішердің көңіліне келетін сөзді айтып қалғанымды енді түсіндім, даусы тарғылданып кетті. Жаңағы сөзді жуып-шаю үшін енді жұбатпақ болып: – Е-е, бір балаң екеу болған екен, құтты болсын. Өзің жалғыз да болса, қырық ұл-қызға татиды дейтін Құтжаныңның тойына қалайда барамыз, – дедім. Әлішер мен Несіпкүлдің үй салып жатқаны есіме түсіп: – Үйлеріңді бітірдіңдер ме? – деп қостым. – Білесің ғой, үйді салып жатқаныма оншақты жыл болды. Әбден шаршатты. – Өзіңнен де бар, бір колхоздың білдей есепші-бухгалтерісің, естіген жұрттан ұят шығар... – Есіңде ме, баяғыда Оразбек үшеу­міз анттасатын «Алтайский адалдық» дегеніміз бар еді ғой. Сол адалдық ештеңе алғызбайды. –  Қалың ақшаның ішінде жүріп, ештеңе алмауың – нағыз ерлік, нағыз адалдық екен! – Рахмет. Атамыз қазақ: «Тек жүр­сең, тоқ жүресің, домаланып көп жүре­сің», демей ме. Несіпкүл екеуміздің ұйқымыз тыныш. Қы­зымыздың алдында жүзіміз жарқын. Соған қуанамыз. Ал үй дегенің әйтеуір бір бітетін шығар. Сөйткен қыз ұзату тойында бол­ғанбыз. Әлішер дүрілдетіп той өткіз­ген. Біраз сыныптастар бір тамашалап қалғанбыз, құда-құдағилармен таныс­қанбыз. Салып жатқан үйіне кірген қуанышын да көргенмін. Сол ойларымды мәшиненің алдыңғы жағына, бәріміздің ортақ жолдасымыз Мұсақанның жанына отырған Бостан бұзды. – Не ойлап кеттің? – Артыңда іні-қарындастарыңның көп болғаны тірлікте ғана емес, өлгеніңде де жақсы екен ғой. Жаңа мәйітті мәшинеге көтергендегі Несіпкүлмен және Құтжанмен бірге қарындастары мен келіндерінің да­уыс салғаны қабырғаны қайыстырып жіберді. – Сол көп іні-қарындасқа жақсы аға да бола білу керек шығар. Мар­құм бәріне қамқор болып жүрді ғой. – Бұрын сен өлген соң жылады-жыламады – бәрібір деуші едің, жетпіске жақындағанда ақылың кірейін деген екен. – Вильян бір қағытып өтті. Бұл кезде мәшинеміз қабір-төбенің ба­сына да шыққан екен. Төбенің үсті тол­ған молалар. Тау жақ, сонау биік­тегі ақ қар-мұздақтар суықтығын көрсет­се, одан беріде қалың қарағай қарауы­тады, төмендегі түрлі бұталар, айнала төңіректегі шөптер жап-жасыл, көбелектер ұшып-қонып жүр. Бейнебір Әлішерді жерлеуге емес, баяғыда оныншы сыныпта Күләш апай беретін кітапханатану сабағынан бәріміз қашып кетіп, тауға шыққанымыздай. Бізге келесі көліктегі Құрбан мен Құрмаш, ауылдастарымыз Бейсентай мен Төлік қосылып, қазылып жатқан көрге қарай жақындадық. Бұл кезде ауыл жігіттері имамның айтуымен мәйітті ақымға түсіріп жатыр екен. Ақ кебінге оралған денесі жұп-жұқа болып көрінді. – Алпамсадай жігіт еді, құр сүлдесі қалыпты ғой, – деп күбір­леген сияқты едім, даусым шығып кетсе керек, Төлік: – Бір жылдан аса жаман аурумен ауырды ғой, – деді. Бәріміз екі жігіт ұсынған күректерге бір-бір уыс топырақтан салып, кейін шегіне бердік. Бұрын ақымның аузын кірпіш қалап бекітуші еді, енді бірнеше мөшекке жартылап топырақ салып қойыпты. Соларды қалап жібереді, мұның өзі қолайлы екен. – Әлішер қанша ауырса да қайыспады, қашан келсек те, қашан телефонмен хабарлассақ та күліп отыратын, – дейді Бостан. – Айналасындағыларды қорқыт­пайын дегені шығар. Ал енді сондай дертпен ауырған талай адамды көрдік қой, өздерін қоярға жер таппайтын, – деді Құрмаш. – Әй, жігіттер, өмір шіркін көзді ашып-жұмғанша өте шығатын бір жалған екен ғой, – деп әңгімемізге Құрбан араласты. – Күні кеше ғана мектеп бітірген сияқты едік... – Сол кезде өмір қандай ұзақ болып көрінетін... – Себебі, жас кезде өлемін-ау деп, тіпті ауырамын-ау деп ойламаймыз ғой. – Иә, жас кезде қайғы-мұңмен шатағың жоқ, ал қартайғанда ауру дегеннен басқа атағың жоқ. – Е-е, десеңші. Әлішер қандай көрікті жігіт еді, Айбас ағайдың он ұланының ішінде қыздарға ең өтімді болғанымыз да осы Әлішер еді ғой... Осы кезде Белбұлақ ауылының түрік имамы дауысымыз қаттырақ шығып кеткенін естіген болуы керек, ескерту жасап қалды: – Ағайындар, марқұмды Жер-ананың қойнына беріп жатқанда пендәуи әңгімелерге берілмеңіздер, одан гөрі білетін аят-дұғаларыңызды іштен қайталап тұрыңыздар, сол сауап болады. Ішіміздегі намазға жығылған, дін жолына жақын Бостанның «кешіріңіз» дегені естіліп, әңгімеміз сап тыйылды. Үнсіз қалсақ та Ви­льян айтқан жаңағы сөздің жетегінен шыға алмадым. Әлішер шынында да көрікті жігіт болатын. Бәріміз де жоғары сыныптарға көшкен соң шаш қойып, жейдеміздің жеңін түріп жүруге әуес болдық. Қыздармен қалжыңдасуға, солардың көзіне түсуге тырысатынбыз. Әсіресе, оныншы сыныпқа келгенде мектептегі ең үлкендер екенімізді сезінгендей, қыздар жаққа көп қарайтын болғанбыз. Сол тұста ғой Әлішердің аптасына бір қызға сөз айтатыны. Ол бұл кезде интернаттан кетіп, Оразбектің  үйінде жатып оқитын. Ал интернаттан кетуіне Әлішер­дің комсомол қатарына өтуге әрекеті себеп болды. Ол кездегі комсомол жиналыстары интернаттың асханасында көбіне кешке қарай өтетін. Сондай бір жиналыста Әлішер Тоқтарбаевтың комсомол қатарына өткісі келетін өтініші оқылды. Ешқашан мұндай ойымен бөліспеген оның бұл қылығы таңдандырғанымен, түсінікті еді. Ол комсомолдың бір белсенді қызына жақындаңқырап, би кештерінде оны биге шақырып жүретін. Оған әдемі қыздың әсер еткенін түсіндік. Устав, комсомолдың міндеттері жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Енді қабылдау мәселесін дауысқа салайын деп тұрғанда тәрбиеші апайлардың бірі Әлішердің қыздарға көп қарайтынын, мұның өзі тым ерсі екенін айтты. Тілінің ұшына келгенді тежей алмайтын Әлішер: «Сіз өзіңіз жас болмап па едіңіз, сізге жігіттер қарамап па еді?» деп қойып қалғаны. Бұл да ештеңе емес секілді болатын, сонымен қоя салмай, жаңағы ойын әрі қарай жалғады: «Әлде комсомолдағылар қыздармен ойнап-күлмей ме?» Жаңағы тәрбиеші апайы­мыз да тартынып қалмады: «Сен өзі комсомол қатарына сол үшін өтейін деп пе едің?» «Егер комсомол қыздарға қарауға болмайды десе, мен өтпей-ақ қояйын», деп Әлішер де тұрып алды. «Мұндай бала комсомолға лайық емес болар», деп тәрбиеші апай дауысқа салынатын мәселенің алдын орады: «Ондай оқушы интернатта қалай жүр десеңші». Әлішермен бірінші сыныптан бірге оқып, мінез-құлқын білетін мен оның комсомолға өтемін деп интернаттан кететінін түсіндім. Солай болды да. «Комсомол да өздеріңізге, интернат та өздеріңізге», деп Әлішер жиналыстан шықты да кетті. Сол кеште ол Оразбектің үйіне барып орналасты. Апайымыздың дауысқа салу арқылы шешілетін мәселені бір өзі шешкенін, Әлішерге де ұстамдырақ болу керектігін айтып едік, ол: «Кеше қайда қалдыңдар» деп өзімізге ренжіді. Сөйтіп, ресми бұйрық берілмей-ақ Әлішер «домашний» атанды. Келесі көктемде интернаттан мен шығарылып, бөл­меде қамығып отырғанымда Оразбек пен Әлішер келіп: – Интернаттан шыққан сен бірін­ші де, соңғы да емессің, жүр үйге, – деп ертіп әкеткен еді. Осылайша, үшеуміз бір үйдің баласындай болып бір жарым жылдай бірге жүріп, он бірінші сыныпты тауысқанбыз. Әлішер екеуміз қыстыгүні екі көр­­пемізді қабаттап, біріміздің арқа­мызды біріміз құшақтап ұйық­тайтынбыз. Адалдық антынан ба, әлде оныншы сыныптың соңында үшеуіміздің педсоветке түсіп, мұға­лімдер талқысынан өтуімізден бе, он бірінші сыныпта Әлішер техникаға, музыкалық аспаптарға ден қойды. Біраз уақыт бокспен айналысты. Әйтеуір тәртіпті балалар болып шықтық. Оразбектің әкесі Мұқатай аға соғысқа қатысқан, қадірлі ақсақал еді, анасы Әспет апа кішкентай ғана пысық кісі болатын. Үш қыздан кейін сағынып көрген ұлдарына екеуі де «қой, тек» деп ештеңе айтпайтын. Ал Оразбек тым шолжаң мінезді болмай, қарттарға жақсы қарады. Кейін оның келіншегі Ләйла да иманжүзді адам болып кездесті.  Ол кеше келіп, Әлішердің отбасына көңілін білдіріп кетті. Үшеуміз еш ажырамастай едік, алайда өмір деген үлкен сынақ­шы бізді әрқалай жолдарға салып жіберді: Әлішер халық шаруа­шылығы институтының есептеу-экономика факультетіне оқуға түсті. Оразбек үйленді де біраз уақыт автоклуб жүргізді, сосын орман шаруашылығы саласында жұмыс істеді. Мен алдымен қой бағып, сосын әскери-теңіз флотына үш жылға азаматтық борышымды өтеуге кеттім. 1971 жылы университетке түскенімде оның Күрті аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас экономист болып жүргенін естідім. Бостан мен Жұмағыз да сол жақта екен. Кейін «Лениншіл жас» газетінде бас редактордың орынбасары болып жүргенімде ауылға бір барғанымызда сыныптастар «Әлішер үйленді» деп, Ақшиге бармақ болып жатыр екен. Мен де қосылдым. Ұмытпасам, Қаншайым Исасымен, Бағыбай Меруертімен, Малыбай, Жақсылық, Тұрсын және мен екі мәшинемен бардық. Бізді келеді деп ойламаса керек, Әлішер ішіп алыпты. Несіпкүл бойшаң келген көрікті келіншек екен. Бәрімізге ұнады. Әлішерге ептеп жұқалап ішпе дегенді айттық. Қайтар жолда әңгімені Малыбай бастады: «Бір-екі балалы болған соң Әлішер ішуін қояды, қашанғы ішеді дейсің». «Кеше – сенбі, бүгін – жексенбі, жалғыз өзі ішпейді ғой, айналасындағы жолдастары нашар болар», деп Қаншайым төрт жыл бірге оқыған курстасының қылығын жуып-шаймақ болды. «Ішіп алса, тым мазасыз екен, біз келгелі бері аузы бір жабылмады ғой», деп Меруерт шықты. «Әлішер қазір отыздан асты, келіншегі енді екі-үш жыл шыдаса, ішкенін қойғызады» дейді Бағыбай. Осы соңғы сөзге бәріміз де тоқтағандай болдық. Содан он жылдан соң кездестік. Өткен ғасырдың сексенінші жыл­дарының аяғы болатын. Жақан екеу­міз Талғарға, Бостан мен Жұ­мағызға барып, қайтар жолда Ми­чурин атындағы колхоздың орта­лығына соққанбыз. Мұнда ауысып келгендеріне үш-төрт жыл болыпты. Ескілеу бір үйді сатып алыпты, соның алдына жаңа үй салмақ ниетте екенін білдірді. Несіпкүл қатты қуанды, дереу шай әзірлеп, емен-жарқын әңгімеге көшті. Сәлден кейін үшінші сыныпта оқитын Құтжан қыздары келді. Келген бойда омырауы ашылып кеткен әкесінің жейдесін түймелеп, тершіп тұрған маңдайын орамал алып сүртті. – Менің қазіргі қуанышым да, бастығым да осы қызым, – деп Әлішер Құтжанның бетінен сүйген. Бұл көрініске біз де қуанып қалдық... Бұл кезде топырағы биіктей түскен моланың соңғы шеңберлете үймелету шаруасын Әлішердің күйеу баласы Ержан атқарып болып, Белбұлақ және Бірлік ауылдарының үш имам-молдасы бірінен кейін бірі құран аяттарынан дұғаларын оқуға кірісті. Қасымдағы Бостанға қарап: «Әумин!» деген тұста бет сипап отыр­сам да ойым моланың жанында Әлішердің Асқар бастаған төрт інісімен қатар жайғасқан Ержанда болды. Ауырып жатқанда көңілін сұрай бір келгенімде Әлішер күйеу баласы туралы жылы лебізін білдіріп еді: «Құдай және Зиба құдағиым берген осы баламның қолынан бәрі де келеді». «Құдайдың бергені түсінікті, Зиба құдағиың бергені қалай?» деп жөн сұрадым. – Ержанды бұрын да көріп жүрдім. Енді қыз бала болған соң Құтжанымның кететінін білмедім емес қой. Бірақ соны ойласам, жү­ре­гім өрекпіп, аузыма келіп тығыл­ғандай болатын. Содан құда түсуге келді ғой. Шынымды айтайын, әкесі болған соң амалсыздан отыр­дым. Зиба құдағиым көпті көрген иманжүзді адам екен. Бәрін сұрастырып алды. Біраз үнсіз отырды да: «Құда дейін, құдандалы болмай, екі бала солай ұйғарып тұрған соң қайда барамыз. Барың да, нарың да жалғыз қызың екен, сені жылатып, оны Шымкентке алып кеткенде қай мүйізім шығады дейсің? Шүкіршілік, он екі ұл-қызым бар, көп демеймін. Осылардың бір де бірін бөтен адамға емес, құдайға да беруге жоқпын. Ұлдарымның ең кішісі – осы Ержаным. Кішінің ата-анаға қандайлық ыстық екенін білесің. Мына сөзді айтқызып тұр­ған, аузыма салып тұрған құдай шығар. Құдам, жалғызыңды жүрегің­нен жұлғандай болып, сен қолым­нан ұзатамын деп тұрғанда, мен де көзім­нен жасымды ағызып тұрып, осы ұлымды саған бала етіп береті­німді айтқым келеді», деді. Содан бері Ержанымды құдай мен Зиба құдағи берген деймін, – деп Әлі­шер құдалардың арасындағы кере­мет бір түсіністік жайын айтып еді. Ерага-3Кеше күйеу баламыздың үлкен ағасы Ералымен әңгімелесіп қалған­быз. «Анамыз өле-өлгенше бізге «Ер­жаным екі үйдің ортасында жүр­сін. Құдайдың алдында құдама бердім дегенмін. Құтжан келінім құдама тартқан, ақжарқын да ақылды екен. Олардан екі немеремді көрдім. Екеуі бір-бірін жақсы көрсе, әлі де бола жатар», деп еді», деп көңіл түкпіріндегі бір сырды ақтарған. Иә, Әлішер құдағиы көрген Арнұрмен және Айданамен қатар Ернұр мен Ерсұлтанын көріп кетті. Ержан атасы ауырғалы бері ол атқара алмаған шаруаларды аяқтап келеді. Бұрын да көріп жүрдім, ал Әлішер қайтқалы бері атасының алдындағы перзенттік парызын адал атқаруда. Сонысына разы болдым... Барлық аят-дұғалар оқылып болған соң, марқұмның зиратынан топырақ алдық. Манадан бергі күннің ыстығы жас топырақты қыздырып жібергендей, қолыма жып-жылы болып тиді. – Жарықтыққа бұйырған жер де өзі секілді құнарлы, жұмсақ екен, – деді Құрбан. – Осындайды ойласаң, мына тірліктің бәрі өткінші екеніне көзің жете түседі, – деді Вильян. – Ай, досым-ай, осылай енді томпайып тыныш жат, – деді Құрмаш. – Тыныш жату үшін де лайықты ғұмыр кешу керек екен, – деді Бостан. Қандай сөз еді: «Тыныш жату үшін лайықты ғұмыр кешу керек». Сонда бүкіл өмірің осылай ағайын-туғандарың, достарың, ауылдастарың мына қабір-төбенің басына сыймастай болып жиылып келіп, арулап жөнелту үшін, төмендегі үйде қаншама адам сүйекшілердің оралуын күтіп отыруы үшін лайықты ғұмыр кешу керек екен ғой. Кең дүниеге сыймай, шарқ ұрып жүргенде бұйыратыны алақандай ғана жер болыпты. Жер-бесіктің құдіреті қандай десеңші... Қайтар жолда Әлішердің осы жер туралы айтқан бір пікірі ойға  оралды. Алпыс жасқа келуімді тойлағалы туысқандарыммен, курстастарыммен бірге бір топ сыныптас­тарым да келген болатын. Вагонда келе жатқанда жол-жөнекейдегі ұлан-ғайыр жерді көрген экономист Әлішер қарсы алған маған бірден пікірін білдірген: «Соншама жер бос жатыр, егер әркімге 100 немесе 500 гектардан тегін әлде арзан бағамен берсе, қаншама адам мал өсіреді». Ол кезде қазіргідей жер туралы мәселе қойылып жатқан жоқ еді. Биыл мамыр айының басында телефон соқты: «Ресей президенті Қиыр Шығыстан бір гектардан жерді тегін беріп жатыр, қаншама адам сол жаққа қоныстанады дей бер». «Біз әзірге елді мекендерге жақын жерлерді игеріп алайықшы. Ал сен айтқан жерлерге де кезек келер. Берсе алар ма едің, жылқы өсіре аласың ба?» «Мен болмасам, басқалар бар ғой». Колхоздары тараған кезде Әлі­шерге де біршама жер тигенін білетінмін. Сол тұста бас бухгалтер болған Шаймұрат Мұхаметовпен сөйлескенмін. «Әлекеңе он екі гектар жер тиген. Ең бай адамдай болып отыратын, – дейді әріптесі. – Бірақ ол жерді күтіп-баптауға қажет техника берілмеді. Содан да Әлекең колхозды таратпау керек еді деген бастапқы ойына қайта оралған. Қазір енді ұсақ шаруа қожалықтары жерлерін игере алмай, бөлінген учаскелерін сатып тынды. Әлекең өте адал адам болатын, өмірден солай болып өтті де». Иә, өмірден өтті... Осы кезде қазір үйге келетініміз, тағы да қызы Құтжанның шырқырап жылайтыны есіме түсті де Мұсақанның ақырындап жүруін өтіндім. Өзге көліктер қасымыздан тізбектеліп өтіп жатыр. Тыныштықты тағы да Бостан бұзды. – Әлішер соңғы кездері өмірге айрықша құштар болып еді. – Оны қайдан білдің? – Осыдан бір айдай бұрын телефонмен хабарласқанымда бір жайды айтқан: «Соңғы кездері мен Несіпкүлді сұмдық жақсы көретін болып кеттім» дейді. – Оның несі түсініксіз дейсің, күндіз-түні көретіні бір Несіпкүл болса, әрине, белгілі ғой. – Иә, алпыстан асып, балалар ержеткен соң жан-жаққа тарайды да екеуің ғана қаласың, басқа кімді көресің, кімді сағынасың? Тек әйелің ғана! – Ал соңғы сапарға әйеліңді жақсы көріп аттану – айрықша бақыт десеңші... Жақан екеумізді Алматыға Бос­тан өз көлігімен жеткізбек болған. Үлкен трассаға шыққанда ол әйел­дерімізге қабір-төбе жақты нұсқады. – Ой, керемет-ай, айнала төңірек бұлттанып қарауытса да, төбенің үстінде күн жарқырап тұр. – Дәл осы күндері тынымсыз жауған жауын да саябырсып, күн ашық болып тұрды, – деді Бостан. – Ұлдардан бесеуің болдыңдар ғой, – дейді Жұмағыз. – Оразбек, Алдаберген, Сағын­бектің қатарына Әлішер де қо­сылды. Нұрахмет ауруханада жатыр екен. Қыздардан екеуіңнен басқа Гүлхан мен Күлия болды. Күләш Садықова мен Қантай Телемісовадан басқаларының бәрі де естіген. Әркімнің жағдайы бар ғой. Ауылдағы сыныптастарынан да біраз қыз-жігіттер келді. – Кемпір-шал десеңші... – Қой, әлден қартаймайық! Иә, өмір барынша тәтті болып тұрғанда қартаймасақ екен... Ержұман СМАЙЫЛ АСТАНА *1954 жыл. Әлішер екеуіміз Фрунзе атындағы колхозда  бірінші сыныпты осылай болып бастағанбыз. *1965 жыл. Талғар қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №2 мектепте он бірінші сыныпты осылай бітіргенбіз. Алдыңғы қатарда ортада отырған Әлішер.