28 Маусым, 2016

Түркі руна жазбаларын түгендеуші

604 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
13-06-16-ensegenov-recenziaБүгінде белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор атанып отырған Тоқболат Еңсегенұлы облыстық газеттің қызметкері болып жүріп-ақ ғылымның соңына түскен, сол кездердің өзінде ғылым кандидаты атағына қол жеткізіп үлгерген бесаспап журналист еді. Күнделікті шығып тұратын мерзімді басылымда қызмет ете жүріп, ғылыммен айналысудың қаншалықты қиын тірлік екенін көбіміз шамалай аламыз. Осылай ілім іргесіндегі ілкі қадамын жасап қойған Тоқаң 90-шы жылдарының басында ақыры бір жағына шығып, біржола ғылымның соңында кетті. Сөйтіп, облыстық «Сыр бойы» газетіндегі бөлім меңгерушілігін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтындағы аға оқытушы қызметіне алмастырды. Мұның өте бір оңды шешім болғанын көп ұзамай байқа­дық. Бұрыннан жазушы, сыншы, журналист ретінде өзін көрсеткен ғалым салаға келгеннен бұрынғы бейнеткештігіне белес аралай тартты. Және фи­лология ғылымының таптаурын болған тараптарын емес, әлі де болса толық игеріліп біте қоймаған Орхон-Енисей жазулары жағының жалына жармасты. Тоқаң осыдан бас­тап білімнің шынында инемен құдық қазғандай бейнет екенін білдіретін ізденіс жолына іркілмей бет қойды. Арада бірқатар жылдар өткесін ғалым көне түркі бітік-сына жазулары әлеміне бекер беттемегенін көрсете бастады. Осы іргелі ізденістер нәтижесінде көптеген құнды еңбектер бұрқырата жазылып, оның аяғы кітап болып басылып шығып жатты. Сол кезде Тоқаңды жақсы білетін, аралас-құралас жүрген ағайын түгел бұл кісінің ғылымға дер кезінде ауысып үлгергеніне ра­зылық пен сүйініс танытып еді. Енді, міне, Тоқболат Ең­сегенұлының соншама жылдардан бері зерттеп жүрген басты тақырыбы – көне түркілердің жартастар мен қағазға түсірілген төл жазулары туралы еңбек 5 томдық болып жарыққа шы­ғып отыр. Ғалым осылайша ежелгі түркі руна жазула­ры жөніндегі зерттеулерін ха­лықаралық дең­гейге тұңғыш рет тұтастай алып шықты. Бұл монографияларда Енисей, Талас, Алтай, Тұрфан және Орхон бойларындағы көне түркі шығармалары мүмкіндігінше түгелдей қамтылған. Жай қам­тылып қана қойыла сал­маған, сонымен бірге тастар мен қағаздағы негізгі мәтіндер бір жүйеге кел­тіріліп, транскрипциясы жасалып, қазақ тіліне аударылып, бірден пайдалана беретін дайын дүниеге айналған. Кітаптарда түркі халықтарының тарихы, мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі, жазуы, бейне-суреттері, кәсібі, қаһармандық ерлігі, түркілік мінезі, түркілік рухы, түркілік философиясы түгел назарға алынып, синтездік тұрғыда тереңдетіле талдау жасалған екен. Көне түркі руна жазба шы­ғармалары поэзиялық үлгіде жа­салғаны ғылыми негізде дәлел­деніп, халықаралық дең­гейде мойындалды. Осы­­­ған орай, аталмыш рухани мұралардың жанры, құры­лысы, мазмұны, образы, көркемдік ерекшелігі, дәстүр жалғастығы, байырғы даналық шығармалармен сабақтастығы арнайы тексеріліп, орнықты тұжырымдармен түйін­делген. Осы арқылы оқырман көне түркі алфавитінің ежелгі мысыр, шумер, қытай жазуларымен жарыса туғанына көз жеткізе алады. Соның ішінде түркі сөзі, түркі атауы қашан, қалай пай­да болғаны ғылыми негізде бір­шама дәлелденіп көрсетіледі. Мұнда, сондай-ақ, көне түркі руна жазба ескерткіштерінің қазақ халқына қаншалықты қатысы бар екені тарихи деректермен, теориялық түйіндеулермен, нақты мәліметтермен біл­ді­ріледі. Сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, қыпшақ секілді көптеген ба­йырғы тайпалардың қазақ хал­қының құрамын қалай құрағаны, қазақтың арғы тегі мен «қазақ» деген сөздің қай заманда қалай туғаны жөнінде ғылыми байлам жасалады. Әлбетте, қазір бес томдық еңбектің әрбіріне жеке-жеке тоқталып өту мүмкін емес. Ал олардың ғылымға қосқан үлесінің орасан зор екенін екі ауыз сөзбен түйіндеп ай­туымызға толық негіз бар. Бұған қоса, әр томның көтеріп отырған өзіндік жүгі, тақырыптары бар екенін де айта кеткен ләзім. Мәселен, бірінші том «Енисей бойындағы көне түркі руна жазба өлеңдері, оған қазақ тайпаларының қатысы» деп аталады. Онда тақырыпты зерт­теудегі тарихи және тео­риялық негіздемелер, түркі руна жазба шығармалары мен философиясы, қазақ таң­ба-бейнелері арасындағы үйлесімділік, қазақ халқының арғы тегі, қазақ тайпаларының түркі руна жазуын жасауға қатысы сөз етіледі. Ал «Ырқ бітіг» кітабы және қазақ шығыс даналығы» деп аталатын екінші том ұлттық ғылымда бұрын-соңды қозғалмаған күрделі тақырыптарды қаузайтынымен есте қалады. Сол сияқты «Ал­тай, Талас жазбалары: уақыт пен кеңістіктегі көне түркі іздері» деген атпен жарық көрген үшінші том осы уақытқа дейін Таулы Алтай жоталарынан табылған 83 көне түркі руна жазба ескерткіштерінің төңірегінен сыр шертсе, «Күл­тегін ескерткішінің сарыны және қазақ тайпаларының іздері» қазір тасқа түскен 500-ден астам ескерткіштер ауқымынан арқау тартады. Бә­рінің соңындағы «Түркі империясын құрудағы Орхон жорық жазбалары және қазақтың батырлық жырлары» деген кітап ежелгі бабаларымыз жасаған көне мәде­ниетіміздің, әсіресе, түркілік дәстүрдің жоғалып кету қаупінде тұрғанын қаперге салады. Қорыта келгенде, профессор Тоқболат Еңсегенұлы көне түркі руна жазуларын зерттеп, оны тұтас бір әлем етіп жасап шығаруда орасан зор еңбек атқарған. Бұған осы бес томдық еңбек толық куә. Осыған қарап тұрғанда, та­қы­рыбын тапқан ғалымның өз мақсатын жете алғанына ешбір күмәніміз қалмайды. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»