28 Маусым, 2016

Ту құламай, қайта желбіреген күн

317 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
СуреТ11 Бата«Егеменді ел болудың жүгі де жеңіл болмайды. Ендігі жерде қалай өмір сүретініміз қалай еңбек ететінімізге байланысты. Дәулетті тұрмыс құрудың жұмысты жақсы істеуден басқа жолы жоқ...».

(Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ 1991 жылғы 10 желтоқсан күнгі Ант беру сәтіндегі сөзінен)

Қандай жұмсақ еркiндiктiң самалы, Кеуделерге бiрлiк отын жағады. Емiн-еркiн төрт түлiгiң жайлауда, Бұлақ қырда емiн-еркiн ағады... Шiркiн-ай! Еркiндiктiң Самалы бетiңе жұп-жұмсақ тиедi. Аймалап өтедi. Тынысың кеңейiп, кеудеңдi кере дем аласың. Ән салып, күй шертіп, жыр арнағың, би билегің келедi. Аспанға самғауды аңсайсың. Бұл Еркiндiк Самалы (бас әрiппен жазылатын) бiздiң бетiмiздi қашан желпiп едi? Бiлем... Есiмнен кетпейдi... Әлi күнге дейiн көз алдымда... 1991 жылдың 10 желтоқсаны болатын... Бұл күні Алматы қаласындағы Республика сарайында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi сессиясының салтанатты мәжiлiсi өтті. Онда бірінші желтоқсанда бүкіл халық сайлаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев депутаттар мен Үкімет мүшелері және әр облыстан келген өкiл­дер ал­дында Ант қабылдады. Осы тарихи жиынға қатысуға Маңғыс­тау облысындағы Бейнеу аудан­дық «Рауан» газетінің қарапайым редакторы менің де об­лыстағы БАҚ журналистері атынан шақырыл­ға­нымд­ы естiгенде қуанышымда шек болмаған. Ел өмі­рінде алтын әріппен жазылатын мұндай рәсiмге қатысу бақытына ие болу әркiмнiң маңдайына жазыла бермейдi. 9 желтоқсанда бір топ делегат Алматыға ұш­пақ болып, Ақтау әуе­жайында тұрмыз. Алып ұш­қан көңiлдi кенет су сепкендей басып тастаған хабар келдi. Әлгi бiз ұшатын рейс жанар­май жоқ­тықтан Алматыдан Ақ­тауға ұшпай қалыпты. Мәссаған... күнделiктi қарапайым рейс болса бiр жөн. Тәуелсiз Қазақ елiнiң Тұңғыш Пре­зи­дентiнiң Антын алуға бара жат­қан бiлдей бiр өлкенiң өкiлдерiн әкелмек ұшақты астанадан ұшырмай тастауды қай саққа да жүгiртiп, алып-қашпа әңгiмелер желiсiне айналдыруға болатын едi. Бұл жерде бiздердi бастап бара жатқан жетек­шiмiз – Маңғыстау облыс­тық кеңесi төрағасының орын­басары Дүйсембi Әрiпов сабырлылықпен «бұлай болуы тиiс емес, астанаға ұшудың бар мүм­кiн­­дiгiн қарастырамыз», деп көңілімізді жұбат­ты. Хабар­ды күтуге тура келдi. Қай тараптан бол­са да Ал­ма­тыға бағыт алатын өзге рейс жоқ еді. Жетекшiмiз облыстағы аэрофлотты басқара­тын адамды iздесе таптырмапты, сөйтiп, Алматы­ның әуежайына бiр-ақ шығып мән-жайды тү­сiн­­дiрiптi. Сонымен ұзын сөздiң қысқасы, Сочи-Атырау-Жамбыл-Алматы маршрутымен ұша­тын ұшақты Атырау емес, Ақтауға бұрғызып­ты. «Қыр­сыққанда қымыран iридi» дегендей, әлгi ұшақ­­тың салонында бәрiмiз түгел сиятын орын бол­май шығыпты. Бiзден төрт адам қалуы керек бол­ды. Бұл жерде де әлгi жетекшiмiз мәй­мөң­ке­ле­­мей, бiрден об­лыстың да өз алдына тер­ри­тория­­­лық-әкiмшiлiк еке­нiн, бұл адамдардың жай сапар­мен емес, респуб­ли­ка өмiрiндегi саяси мәнi зор жиынға кетiп бара жат­қанын, сондық­тан да еш­кiм­­нiң де қалуына болмайтынын әуе­жай қыз­мет­­керi­не түсiндiрiп, егер мәселе шешiл­мей­тiн­дей жағ­­дай­­да өзін экипаж командирiне жолықтыруды өтiндi. Осы жерде бiзбен бiрге Ақтау қала­лық кеңесi­нiң әрі төрағасы, әрі қалалық партия комитеті­нің бірінші хатшысы Н.Баев та ұшқалы тұр едi. Өкi­нiшке қарай, ол қала басшысы ретiнде ше­шiм­дiлiк таныта алмады, оның есесiне «аэропорт­тың өз заңы бар, оларға әкiм­шi­лiк жүргiзе алмаймын» деген­дей сыңай танытты. Егер, олай болған жағ­дайда қалуы тиіс төрт адамның бірі мен болатыным сөзсіз еді, себебі, лауазымы ең кішісі менмін және бір кітапханашы болатын. Не керек, Дүйсембі ағаның табандылығы арқасында бәрiмiз де әлгi ұшаққа сыйып кеттiк. Жоғарғы Кеңестiң салтанатты мәжi­лiсi түс қайта, сағат 15.00-де Рес­пуб­лика Сарайында өтедi екен. «Қазақ­стан» қонақүйiнiң дәл жанын­да. Бұрынғы «Қазақстан» мейрамханасын корея­лық­тар жалға алыпты. Корейлердiң ұлттық тағамдары ғана даяр­ланады екен. Бiз арнайы талон бойынша осы мейрамханадан тамақ­­та­натын болдық. Иiлiп-бүгiлiп тұрған даяшы жас қыздар мен жiгiттер. Келушiлерге қызмет ету­дiң адам таң­ға­ларлық үлгiсi бар. Әрi тамағы да дәм­­дi болып көрiндi. Бұл болашақта Қазақ­станға әке­лін­бек инвестицияның алғашқы қарлығашы іспетті еді... Салтанатты мәжiлiстiң де мезгiлi жақындады. Атақты сарайға адамдар легi ағылуда. Сарай ал­дын­да ұлы Абайдың алып ескерткiшi тұр. Жа­нын­­да топ-тобымен суретке түсушiлер. Бiз де суретке түстiк. Абай атаның ескерткiшi жанына тоқтаған машина iшiнен бiр топ адам ақ сарыбас қошқарды түсiрiп жатты. «Анау – Президент Ант берiп жатқан кезде құдай жолына шалынатын құрбандық», дедi әлдекiм. Жоғарғы Кеңестiң салтанатты сессиясы да ашылды. Уһ, бұл күнге де жеттiк-ау. Кейiн осы мәжi­лiс­тен берген репортажында «Егемен Қазақстан» былай деп жазды: «Қазақстан Рес­пуб­­ли­касы Жоғарғы Кеңесiнiң бұл мә­жiлiсiн көрген де арманда, көр­меген де арманда. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Ақ киiзге отыр­ғызып, хан көтеру халқымыздың сана­сында қалғанмен, көзден бұл-бұл ұшып едi. Мiне, өшкенiмiз жанды, өлгенiмiз тiрiлдi. Қазақстанның жарқын күнiн армандап өткен, сол үшiн күрескен мың-мыңдаған айтулы азаматтардың, жүздеген қайрат­керлердiң көкейiндегiсi орындалды». Төрағалық етушi Президент Нұрсұлтан Назар­баев­ты өзiнiң құр­меттi орнына отыруға шақыр­ды. Бүкiл зал тiк тұрып, қол соғып қарсы алды. Президент Республика Конс­ти­туциясына және Егемендiк туралы Декларацияға қолын қойып тұрып, халық алдында салтанатты түрде Ант бердi. Президент өз орнына барып, сахна ашылып, оркестр Республика гимнiн орындады. Бұл өз гимнiмiздiң дербес тұңғыш ойналуы еді, бұрын ең алдымен КСРО гимнi ойналатын. Оркестр гимн ойнап болған соң, торғын сахна жаймен ысы­­рылып, жабылып келе жатты. Сахна әуелi жо­ға­ры­да iлулi тұрған Республика туын қақты. Әри­не, бұл ешкiм күтпеген оқыс, келеңсiздеу оқи­ға. Ту отырған Президенттiң үстiне қарай қиса­йып құлап келе жатты. Осы сәтте Нұр-Аға аса сер­гек, шапшаңдықпен туды құлатпай ұстап қалып, өз тұғы­рына түзетiп қойды. Сөйтiп, Ту құламай қалды. «Егемен Қазақстан» газетi өзiнiң 11 желтоқсан күнгi №284 санында осы көрiнiстi былай тұжырымдады: «Ел өмiрiнде тосын оқиғалар болып жататыны сияқты, бұл жиында да күтпеген оқиға болды. Республика гимнi ойнағаннан кейiн, сахна жабыла бергенде, шымылдық Қазақстан туын қағып, Ту қисая бердi. Бiрақ Қазақстан туы құламады. Оны Президент Нұрсұлтан Назарбаев құлатпай ұстап қалды. Алғашқыда «ойпыр­май» дегiзген осы оқыс сәттен бiз үлкен нышан байқадық. Нұрсұлтан Назарбаевтың ешқашан да, ешқандай сәтте де Қазақстан Туын қисайтпайтынына кәмiл сендiк». Иә, салтанатты мәжiлiске қатысу­шылар­дың бәрiнiң де көкейiнде «Туды құлатпай ұстап қалды, Нұрсұлтан ешуақытта да қазақ Туын қисайтпайды, Қазақ елi өсiп-өркендеп, тарих сахнасында өзiнiң елеулi орнын алуы тиiс», деген ой-пiкiр, берiк сенiм кеттi. Салтанатта алғашқы құттықтау сөзді жазушы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ұлт саясаты, мәдениетті және тілді дамыту коми­тетінің төрағасы Әбіш Кекілбаев алып: «...Ойда­ғы­мыз болды. Ортамыз толды. Төбедегі келді. Төрелескенде де ренжитін ретіміз жоқ. Тек ұзағынан сүйіндіргей. Ақ жол­дың алдындамыз. Үлкен тілектің үстіндеміз... Біз шын мәнінде өз тари­хы­мыздың жұлдызды сәтін бастан кешіп отырмыз...», деп тебіренген. Сахнаға шыққан бір топ ақсақалдар – тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов Президентке өлеңмен ақ батасын берген... Халық жазушылары Д.Снегин, Х.Ерғалиев, КСРО халық әртісі Қ.Қожамияров, т.б. Нұрсұлтан Әбішұлына зерлі шапан жауып, басына киетін тымақ пен беліне буа­тын кемер белдікті табыс етті. Осы тұста бір айта кетер жай – Тұңғыш Президентіміздің тұңғыш ант беру сәтіндегі иығына қазақы дәстүр бойынша тұңғыш жабылған шапанды арнайы тіккен маңғыстаулық тігінші Тайжан Досанов болатын. Қазір Алматы қаласындағы Ұлттық музейде сақтаулы тұрған бұл шапанның аты «Таутеке». «...Нұрсұлтан, ел сыйласын есіміңді, Бір айтқын жалтақтаусыз шешіміңді. Халық үшін қабырғаңды қайыстыр да, Бола бер парасатты, кешірімді. Халқыңнан алтын алма, алғысын ал, Тілегі барша жұрттың осы күнгі...», деген абыз ақынның сол батасы қабыл болып, айна-қате­сіз келген... Егер алға аттап кетіп, бүгіні­міз­ді ай­тар болсақ, символын БАРЫС еткен тәуелсіз ҚАЗАҚСТАН әлемдегі еңселі елу елдің қатары­нан орын алып, енді отыз елдің ортасынан көрінуге ұмтылуда. Президент өз сөзінде халқына арнап былай дегені әлі есімізде: «...Алды­мызда қиын-қыстау күндер, биік белдер, айбынды міндеттер тұр. Оның үдесінен шығу үшін ең алдымен БІРЛІК, ЫНТЫМАҚ керек. Тілі бөлек болса да тілегі бір, үміті бір, тіл табысып ежелден келе жатқан іргелес елдермен татулық керек... », дей келіп: «Егемен ел болудың жүгі де жеңіл болмайды. Ендігі жерде қалай өмір сүретініміз қалай еңбек ететінімізге байланысты. Дәулетті тұрмыс құрудың жұмысты жақсы істеуден басқа жолы жоқ...», деп бүкіл қазақстандықтарды адал еңбек етуге шақырған. Иә, Қазақстанның жұлдызды сағаты соқты. «Өз еркiмен өзгеге бодан болған елден асқан сорлы жоқ», деген екен Сенека ғұлама. Дәл айтқан. Ал бiз 70 жыл бойы Ресейге өз еркiмiзбен қосылдық, бодан болдық, рахатқа жеттiк деп бөркiмiздi аспанға атып, мақтанып келдiк емес пе? Ендi осы сорлылықтан арылатын, өз бетiмiзбен күн кешетiн мезгiл жеттi. Мейлi, мем­ле­кетiмiздiң қаз басқан кезеңi болсын, бiр сүрiнiп, бiр тұрармыз, бiрақ уақыт төрешi ер жеткiзедi ғой. Мейлi, бұл кезең атып келе жатқан таңымыздың рауаны болсын, шығып келе жатқан күн бәрiбiр таң атырып, сәскесiн, шаңқай түсiн алға тосады емес пе? Демек, бiз – болашағы бар халықпыз. Этностар тарихын зерттеуші ғалым­дардың пікірін келтіре отырып, дарынды ақын досым Кеңшiлiк Мырзабеков: «Әр халықтың тарих сахнасына шығатын өз кезеңi болады, мың жылдық мерзiм iшiнде әлгi халық ең шарықтау биiгiне шығып, қайтадан құлдырап, өзiнен төмендегi халықтар қатарына түседi де, екiншi бiрi биiкке көтерiледi. Қазақтың болашағы алда, өйткенi, бiздiң мемлекетiмiзге – 500-ақ жыл, ал алда әлi 500 жылдық жол жатыр ғой», дейтiн. Сол күнi дәуiрлеу жолына бастар көреген көсемiмiздi бiз тағына отырғызып қайтқанбыз. Тоқсандағы абыз ақынның ақ батасы қабыл болып, Ұлы Дала елі бүкіл әлемді өзіне қаратты. Күні кеше БҰҰ мінберінен қазақ тілі саңқ етіп, адамзат болашағына қатысты күрделі мәселелерді батыл көтерді. Мәңгіліктің көкжиегіне бет алған керуен кетiп барады. Ол – Қазақстан атты талай азап пен тозақты бастан кешiрген көнбiс халықтың, сол азап пен тозаққа мойымаған, рухын әркез биiк ұстаған халықтың көш-керуенi. Өткен мыңжылдық, Бiзге не бердi? Талай қынжылдық, Талай көгердiк. Қазақтың жел есiп айдары, Батыры, бағыланы, билерi, байлары. Ту ұстап жадырап, сүт бетi қаймағы, Ұлы Даланы еркiн жайлады. «Сүйем деп сұлу қыз, Iшем деп қымыз». (Бiлемiз бұлардың қызықты буын бiз), Желiге құлын байлады. Ұл туса келiнi, көкпар сап тойлады, Қайтадан желбiреп көк бөрi байрағы. Сөйтiп, бiз әр жақтан жиылып, Ортада бiр көлге бұлақ боп құйылып. Ақбоз ат шалынып, ақ киiз оранып, Аллаға сыйынып, Ұлт болып ұйыдық. Ай тұрды төбеде күлiмдеп қиылып. Сонан соң... Бiз талай сөнiп қала жаздадық, Бiрақ... қайта маздадық. Өзгеге бодан боп көнiп қала жаздадық, Бiрақ... үмiттен көз жазбадық. Жұлқыстық, Қырқыстық, Қастастық, Достастық, Таластық, Жарастық. Қол созып ғасырдан ғасырға Әйтеуiр әрi астық. Сөйтiп, өткен мың жылдың жартысы, Бiз үшiн Өмiр мен Өлiм тартысы Болыпты. Мен соны ұқтым. Соңында толыстым, толықтым, Бұғаудан босанып, Қайта жасарып, Бақпен, Бақытпен жолықтым. Мiне, ендi Үшiншi мыңжылдық келiп тұр. Төгем деп Қазаққа көрiк-нұр. Ей, Алла! Қадыр түн өзiңнен тiлерiм: Келiндер құрсағын бос қылмай, Барыстың етiне жерiк қыл. Болады бұл ғасыр, Ендi өрлеу, өркендеу, Өмiрдi көркемдеу. Атанып Алаштың арысы – АЗИЯ БАРЫСЫ. Қазағым гүлдейдi, Гүрлейдi Ертеңдер...  Айтуар ӨТЕГЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі АҚТАУ