29 Маусым, 2016

«Алтын орта», қайдасың?

616 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
US-RELIGION-ISLAM-RAMADAN-EIDБүгінде өзге ағымдардың жетегінде кетіп жатқандардың 80 пайызы жұмыссыз жастар Дін – рухани өміріміздің құбы­ласы іспетті. Алайда: «Біз шынайы құлшылық қылудың мәнісін білеміз деп айта аламыз ба?», «Иман ұғымын ғибадат түсінігінен, Құдай ісін дін ісінен айыра алып жүрміз бе?», «Неге тура жолдан адасқан, ақыр аяғында басын қай жарға соғарын білмей «дағдарған» жандардың көптеп кездесуі бізге таңсық болудан, я таңданыс тудырудан қалды?», «Ондайларға не жетпейді?» деген сауалдардың көп туындайтыны заңды. Әрине, бұған иманымыз бен рухани тіні­міздің әлсіреуінен деп жауап беруге де болар еді. Бірақ, бұл мә­се­­ле­нің «күрделену бағытына» қарай бет алып бара жатқанына қарап, әсіредіншілдік көріністерге үрке қарауымызға түрткі болған жайттар тамырының тым тереңде жатқанын аңғарамыз... Жалпы, діни сананы қауіптің түр-түрінен қорғау мен оның алдын алудың жолдары көп жағ­дай­да қазақы дүниетанымға, ұлы ойшылдардың ілімдерімен сусын­дауға да келіп тірелетінін уақыт көрсете бастады. Мәселен, нағыз асылдың жасық дүниемен алмас­тырылуы, діни әрі рухани ілім мен танымда қандай да бір ауытқулар мен адасулардың орын алуы, шын дін мен шатақ діннің аражігін айы­ру турасында Шәкәрім қажының «Тура жолда қайғы тұрмас» деген өлеңінде былай суреттеледі. Онда: «Таза ақылмен таппаған дін Шын дін емес – жындылық. Қармалаған бір соқырсың, Өлген ой мен көз, құлақ», – делінсе, тағы бірде: «Таза діннің шын негізін, Ұстаған бір пенде жоқ, Дүние толған көп шатақ дін, Бәрі бірдей шатпырақ», – дейді Шәкәрім. Осындайда, Құран Кәрімнің бір аяты еске түседі. Онда: «Біз сен­дерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық...», – деген жолдар бар. Орта жол немесе байсалды ислам ұстанымы – қазақ қауымы үшін жаңалық емес. Қазақ халқы мың жылдан бері мұсылман ел, демек, бұл – қазақ қауымының мың жылдық толеранттылық тәжіри­бесі бар деген сөз. Ендеше, орта жол­ды ұстану – Пайғамбар сүннетінен. Ал «алтын орта» деп аталатын дәстүрлі діндерге ортақ құн­ды­лық осы орта жолды ұстану не­месе байсалды ислам ұстаны­мын қастерлеуден басталып, оның те­реңі­нен тамыр тарта­тын­­дай кө­рі­неді. Себебі, біздің мың жыл­дық мұсылмандық-толерант­ты­лық тә­жірибеміз қазақ дүние­таны­­мын, болмысын нағыз шектен шық­пайтын, байсалды, орта жол­ды ұстанған болмыс ретінде қалып­тас­тыра білді. Дін істері агент­ті­гі­­нің Діни оқу орындарымен бай­ла­­ныс және дінтану сарап­тама­сы бас­қармасының басты­ғы Айнұр Әб­дірәсілқызының пікі­рінше, бұл айтылғандарға дәлел бола алатын екі қайнаркөз бар. Олардың бірін­шісі – ислам ілімін жетік мең­ге­ріп, қазақы дүние­таныммен ас­тас­тыра білген, қазақы мұсы­л­ман­дыққа негіз болған біре­гей ілім­дер қалыптастырған ұлты­мыз­­дың көрнекті тұлғалары­ның еңбек­тері болса, екіншісі – хал­қы­­мыз­дың діни танымын, руха­ни құ­ндылықтары мен ұс­таным­да­рын танытатын шығар­ма­шылық мұралары екен. «Исламдағы «орта жол» ұс­та­н­ымына біз халқымыздың дүние­танымында бұрыннан негізі қа­лан­ған, ғасырлар бойы қол­да­ныс­та болған қалыпты ислам­ға сәйкес қағидалар мен ілім­дер не­­гі­зінде ұлттық діни таным тұр­­­ғы­сынан келуіміз керек. Қазақ­­та дін мәселесінде ешқа­шан шек­тен шығушылық көзқарас­тар, іс-әрекеттер орын алмаған, Алланың парызын, Пайғамбардың сүн­нетін тәрк етіп, күпірлікке салыну фактілері де болмаған, қазақы ислам ғасырлар бойы өзі­нің ор­­нықты арнасымен дамы­ған. Әрине, «бес саусақ бірдей емес», адасу­шылықтар мен сауат­сыз­дық­тар жекелеген адамдар мысалында орын алған болуы мүмкін, бірақ мұндай келеңсіздік ешқашан топтық деңгейге көтеріліп көрген емес»,– дейді Айнұр Әбдірәсілқызы. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның бұл мәселеге қатысты көзқарасы өзгеше көрінеді. Ол «алтын орта» тек исламның ғана тұжырымдамасы емес, кез келген діннің өзегінде болатын, негізі, дінге де көп қатысы жоқ нәрсе деген ойын алға тартады. «Менің ойымша, бұл – әрбір қоғамның, әрбір ортаның, мемлекеттің өзіндік ұс­та­ны­мы. Қай қоғамды алсақ та, олар­дың өз ішінде қарама-қай­шы­лық­тар кездеседі. Бір-біріне мүл­дем сәйкес келмейтін азаматтар, пар­тия­лар, топтар, ойлар, көз­қа­рас­­тар, идеялардың болары анық. Солар­­дың барлығын біріктіріп оты­­ра­т­ын мемлекеттің мәдениеті болуы керек. Яғни, біздің өзіміздің мә­де­ниетіміз дұрыс қалыптаса алса, оны дұрыс орнықтыра білсек, бұл, шын мәнінде, көп қай­шы­лық­ты азайтар еді. Себебі, өзі­міз кө­ріп отырғандай, әсіресе, бү­гін­­­гі қо­ғамда кейбір кезде тым шек­­­­тен шы­ғатын пікірлер бар. Кей­­де ашық, үлкен әңгіме болмай жа­­тады, кей кездері өзіміздің басы­­мыз­да, қоғамымызда бар мә­се­­­ле­­лерді ашық айтпауымыз, талқ­ы­­­ла­мауымыз мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, мұның екінші де астары бар. Қазақ «әңгіме сыртқа шықпасын, жаманатты болмайық» дегенді ұстанатын ырымшыл ха­лық қой. Кейде өзіміздің ішімізде болып жатқан әңгімелерді, шына­йы проблемаларды жасырып та жата­мыз, мойындамай да жатамыз. Ал не­гі­зінен, кез келген мәселені шешу­­дің ең бірінші жолы – сол нәр­се­нің дұрыс мойындалуы, оған дұ­рыс диагноз қоя білу»,– дейді Айдос Сарым. Яғни, сарапшы «алтын орта» құн­дылығы дегенде, оны өз мәде­ниетімізбен, қоғамның ішін­дегі ашық талқылармен, үлкен демо­кратияның басқа да үрдіс­терімен байланыстыра қарау қажет деп санайтынын жеткізеді. «Біз, ең алдымен, осы «алтын ортаның» қандай болуы тиіс екенін белгілеп алуы­мыз керек. Ол сырттан таңылып, я болмаса, төбеден түсетін нәрсе емес. Жалпы, адамның табиға­тын­да «орта жолмен жүру» деген бар ғой. Сондықтан, бүгінгі қоғамда болып жатқан түрлі дау-дамайдың өзін – осы «алтын ортаны іздеу» деп түсінемін»,– дейді саясаттанушы өзінің сөзінде. Осындайда, «Пайғамбардың: «Еш нәрсеге, тіпті, дінге де шектен тыс берілмеңіздер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен, өкініште қалған», деген хадисі де ойға оралады. Оны Құранды «теріс оқитын», діни фанатизмге берілген жастардың санасына қалай құю­ға болады? Мәселен, бүгінде өзге ағым­дардың жетегінде ке­тіп жат­қандардың 80 пайызы – жұмыссыз жүрген жастар екен. Мұндай азаматтардан бөлек, діни көзқарасы толық қалыптаспаған, алғашқы теологиялық білім алма­ған жігіттердің шетелдерде оқып, сол жақтың діни көзқарасы бо­йынша пікір таратып, бүлік тудырып жүргені де жасырын емес. Яғни, адам санасы түрлі білімді, танымды, психологияны, дәстүрді, құндылықты сіңіріп алғаннан кейін, өз еліне табиғи тұрғыдан «бөтен» болып қалады. Соның әсе­рі­нен оның бұл қоғамға жоға­ры­дан қарамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Міне, белгілі бір шек пен шеңбер сызығынан асу осындайдан басталса керек. Жастық – діни танымды өзіне сіңіріп, ұлттың тарихындағы негізгі эстафетаны алып өтетін, жалауды ұстап жүретін феномен. Демек, уахабизммен қаруланып келген немесе теологиялық тұр­ғыда басқа да ағымдарды «басшы­лыққа алған» жастарымыз өз еліне оралғанда қоғамдағы кейбір жайттарға шекесінен, я болмаса агрессиялық тұрғыда қарауы, бұл жердегі көзқарастар мен діни таным дұрыс емес деп ой түюі – заңдылық. Бұл – діни сауат­сыз­дық «дертіне шалдығып», адасу­шылыққа бой алдырған жастарға тән қасиет. Яғни, діни танымның қуаты жастардың психологиясынан анық көрінетіні, я болмаса аңғарылатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ал ондай жастарға: «Дінге шектен тыс берілмеңдер. Орта жолды ұстаныңдар!» – деп кеңес берудің нәтижесі бола қояр ма екен? Әрине, Қазақстан мұсылман­дарының діни басқармасы бұл мәселені қолға алып, өзге ағымның жетегінде кеткен жастар туралы мәселені назарда ұстап, екіжақты келісім бойынша оқуға түскен шәкірттердің білімін, тәрбиесін қадағалап, бақылау бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Алайда, бүгінде қоғамда көбіне «орта жолды ұстанатын» байсалды, ұлтжанды, зиялы, елге жанашыр, ең бастысы, иманды ортаны қалыптастыру – тек Діни басқарманың ғана жұмысы емес екенін, бұл барлық зиялы қауым өкілдеріне, өзге де ме­кеме жетек­шілеріне, қолына қалам ұста­ған жандарға, жалпы алғанда, ұрпақ болашағы мен тағ­дырына алаңдай білетін, бейжай қарай алмайтын әрбір азаматқа ортақ міндет екенін жете түсіне бермейтіндейміз. Сондықтан, бабалар салған жолды жаңғыртып, «қазақы орта жолды», мәмілегер ислам түсі­нігін қоғам болып қайта қалпы­на келтірсе, бүгінгі қазақ рухания­ты үшін осыдан үлкен олжа болмас еді. Бұл орайда, халық­тың ғасырлар бойы жинаған руха­ни-діни құндылықтарын қайта жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратудың да маңызы зор болмақ. Себебі, кез келген шектен шыққан көзқарастарды ұстанатын идеоло­гия­лық ағымдардың қандай да бір көрінісі – өз соңынан азшы­лы­қты емес, көпшілікті ілестіруді мақ­сат тұтатын теріс бағыттағы ұйым­дар ұяшығының ұлғаюы десек, мұның ұлтаралық, дінаралық қатынастарға жік түсіріп, ұлт пен мемлекет тұтастығына, дәстүр­лі діни құндылықтарға қауіп төн­дірері хақ. Ал: «Өзгелерден нені үй­рен­геніміз жөн?», «Тағы не жетіс­­пейді?» – деген секілді сауалдарға жауап­ты кейін де іздеуге болатыны күмәнсіз. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»