29 Маусым, 2016

Жастар және журналистика

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасы кітапханасКеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Ақпарат және байланыс қызметкерлері күніне арналған «Жас медиа. Ақпараттық технологиялар мен Қазақстан медиа саласының заманауи тұжырымдамасы» тақырыбында форум өтті. Бүгінгі таңда журналистика саласына құлшыныс танытып келетін жастарға қолдау көрсету және олардың қоғам арасын­да ақпарат алмасу жүйесін дамы­туға үлес қосу, сондай-ақ, ақпа­рат­тық технологияларды дамыту және IT-мамандықтардың беделін арттырып БАҚ және баспасөз қызметтерінің білік­тілігін көтеру мақсаты кө­з­делген форумды «Пресс-центр Азия» қоғамдық қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеу­меттік жобаларды дамыту қоры ұйымдастырды. Сонымен қатар, Қазақстан Жастар конгресінің қатысуы­мен өткен іс-шарада жас жур­налис­тер­дің кадрлық әлеуетін арттыру, оқиғаларды халыққа объек­тивті әрі сапалы жеткізу тақы­рыптары жан-жақты қам­тылды. Бұл ретте сөз ал­ған Білім және ғылым ми­нистрі Ерлан Сағадиев жалпы алған­да, еліміздің жастарына мол үміт артатынын және осын­да бола­шақ министрлер мен медиа басшылары отырғанына сене­ті­нін жеткізді. Бүгін­гі күн­нің білім саласындағы өзек­ті тақырыпқа айналған үштілді­лік мәселесіне тоқталған ол, осы мәселе көтерілсе болғаны, жұрт­­шылықтың бірінші кезекте ағыл­шын тілін ойға алатынын айтты. Бұл ретте ол үштілділік – ең бірінші қазақ тілі туралы бағдарлама екендігін ескерте отырып, әуелгіде қазақ тіліне мән берілуі тиістігін назарға алды. Оның айтуына қарағанда, қазақ тілінің жағдайы қазіргі таңда жаман емес, яғни бүгінде оқу­шылардың 70 пайызы қазақ тілін­де оқиды. Оған дәлел, күні кеше өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуді 72 пайызға жуық оқу­шы қазақ тілінде тапсырған. Дегенмен, орыс мектептерін­де оқитын 500 мың баланың қазақ­ша сөйлемейтіндігі басты мәсе­лелердің бірі екендігін айта келе, министрлік алдында алдағы 3-4 жылда осы балаларды қазақ­ша сөйлету міндеті тұрғандығын көлденең тартты. «Түсінікті жағ­дай. Әдістеме дұрыс емес. Ең алдымен дұрыс әдістеме жасау керек. Бірнеше зияткерлік инс­титут бірлесіп осы бағытта жұмыс­тар жүргізіп жатыр. Жаңа әдістеме дайын болса, 2017 жылдан бастап орыс мектептерінде қазақ тілінде өтетін сабақтар өзгере бастайды. Заманауи ғылыми негізде жасалған, компьютерлік модельдеуден өткен, алты айда тіл үйрететін әдістеме жасап жатырмыз. Үш жылдың ішінде балалардың барлығы қазақша сөйлейді. Мен оған сеніп отыр­мын», деді министр өз сөзінде. Сондай-ақ, әлемде екі тілде бірдей ойлайтын жастары бар елдің аз екендігін, осы орайда екі тілді еркін меңгерген аза­маттардың басқа да тілдерді білуі тіпті оңай болатынын атап айтты. Көрші елдермен салыстырып көріңіз, кімдер бар орыс тілін мінсіз сөйлейтін? Біз осы жерде ұлт ретінде қаншалықты ерекше екендігімізді, тілді тез уақытта меңгеруде қазақтардың қабілетін білеміз.Тек дұрыс әдістеме мен оқыту жүйесін жандандыру қажет», деді министр. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»