29 Маусым, 2016

Ауылдастар алғысы

342 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG-20160627-WA0007Айнұр Байрамованың кіндік қаны тамған жері – Әзербайжан Республикасы болса, ортасын таныған Отаны – Қазақ елі. Жөргекте жатқан сәби кезінде ата-анасы Қазақстанға қоныс аударыпты. Әкесі орман шаруашылығында, анасы ауруханада медбике болып еңбек етеді. Осындай отбасында дүниеге келген Айнұр Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында өсті. 1997 жылы аудан орталығындағы мектептің табалдырығын аттаған ол тоғызыншы сыныпқа дейін ауылда оқыды. Одан кейін Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы колледжге аудармашы-референт мамандығы бойынша оқуға түсті. Колледжді бітірген соң арнайы орта білім базасы негізінде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде шет тілдер мамандығы бойынша білім алды. Ағылшын және қытай тілдерін меңгеруге талпынды. Жанына жақыны – әлем халықтарының байланыс тіліне айналған ағылшын тілі болып шыққан бойжеткен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін де тілді тереңдете меңгеруді тоқтатқан жоқ. Соңғы жылдары еліміздегі қанатқақты жоба ретінде Шығыс Қазақстан өңірінде көптілділдік бағдарламасы енгізіліп жатқаны белгілі. Осыған орай Айнұрдың алған білімі сұранысқа ие мамандықтардың біріне айналды. Себебі, ауылдарда үш тұғырлы тіл бағдарламасының бір бұтағы саналатын ағылшын тілінің мамандары тапшы, тіпті, жетіспейді деуге де болады. Осы олқылықтың орнын толтыруға ұмтылған ол 2012 жылы оқу бітірген соң Бесқарағай ауылындағы өзі оқыған Борас орта мектебіне мұғалім болып орналасты. Шәкірттерін әлемдік тілде сөйлетуге күш салған ағылшын тілі пәнінің мұғалімін бүгінде барша ауылдастары құрмет тұтады. 24 жастағы жас ұстаздың мектептегі еңбек өтіліне – 4 жыл. Аз уақытта алғырлығымен ауылдастарынан алғыс алып үлгерді. Ана тілімен бірге мемлекеттік тілді һәм ағылшын, орыс тілдерін еркін меңгерген әзербайжан ұлтының аруы бесқарағайлық жастарға үлгі. Айнұр – қоғамдық өмірде бел­сенділік танытып, облыстық, аудандық деңгейде өткен іс-шаралардың бел ортасынан табылды. Жастар форумына, түрлі келелі басқосулар мен конференцияларға қатысып келеді. «Жасотандықтар» құрамында тікелей өзі де ауқымды шаралар ұйым­дастырады. Айталық, Айнұр Ров­шанқызы бүгінде Бесқарағай аудан­дық Достық үйінің әзербайжан этно­мәдени бірлестігінің жетекшісі, аудан­дық «Достар» этномәдени жас­тар тобының белсенді мүшесі ретін­де жастарды тағаттылыққа тәр­бие­лейтін жобаларды қолға алды. – Қазіргі кезде балалардың тіл үй­ренуге деген құштарлығы ерекше. Барлығы да бірнеше тіл білгісі келеді. Бірақ, қабілет-қарымына қарай оқушылардың тілді меңгеру деңгейі әртүрлі болып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде үштілділікті дамытуға басымдық бергені белгілі. Осы орайда оқушылар ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқуға ден қоюда. Балалар қосымша сабақтарға келу арқылы тіл меңгеруге белсене қатысуда, – деген Айнұр өткен жылы Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатына ие болғанын зор мақтанышпен жеткізді. – Конституция күнінде берілген бұл марапат мерейімді ғана өсіріп қойған жоқ, сонымен бірге, ертеңгі күнге деген сенімімді де нығайта түсті, – дейді мұғалима қыз. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы