29 Маусым, 2016

Ана тіліндегі аудандық газет

393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ScanАқкөл өңірінде 2006 жылдан бері ғана жарық көре бастаған еді Ақкөл ауданы тарихы мол, көне аудандардың біріне жатады. Еліміз егемендік алғаннан кейін басқа ұлттың өкілдері тарихи отандарына бет бұрды да, шетелдегі өз ағайындарымыз, алыс аудандарда тұратын қазақтар астанаға жақындау мақсатында күре жолдың үстінде тұрған, табиғаты әсем Ақкөл ауданына қоныстана бастады. Аудан орталығында қазақша оқытудың қажеттілігі туды. 1990 жылы бәріміз жабылып жүріп, зорға ашқан бірінші қазақ сыныбы қазақ мектебінің іргетасы болды деп толық айта аламыз. Онымен қоса, қазақтар басым тұра­тын ауылдардағы мектептерді ана тіліне көшірдік. Қазақша тәрбиелейтін балабақшалар мен топтар жұмыс істей бастады. Мәдениет ошақтары да ұлттық салт-дәстүрлерімізді дамыту жолында болды. Енді түйіні шешілмей тұрған мәселенің бірі – ана тілінде газет шығару еді. Алғашқыда сол кездегі газет редакторы Бәтима Қамыспаева «Знамя Роди­ны» газетіне қазақ тілінде қосымша шығарып жүрді. Ол өте аз, маз­мұны жағынан да талапқа сай болмайтын. Осы мәселенің түйіні егемендік алғанымызға 15 жыл болғанда ғана шешілді. 2006 жылдың мамыр айында «Ақкөл өмірі» атты қазақша газеттің бірінші саны шықты. Алғашқы редакторы Қуаныш Дәулетханұлы Нұрсадықов. Қуаныш інімізге біраз қиындықтарды жеңуге тура келді. Қазақ тілінде жазатын кадр жоқ.Редакцияның ғимараты бірнеше жыл жөндеу көрмеген. Бүгінгі күн талабына сәйкес келетін бас­па техникалары болмады. Ал­ғашқыда өзі тілші, өзі редактор. Бірте-бірте қоғамдық тілшілерді тарта бас­тады. Газетті тарату мәселесі де қиындықтар туғызды. Осы қиындықтарды жеңуге өмір тәжірибесі, өткен жолдары үлкен көмек берді. Қуаныш Шығыс Қазақстан облысының табиғаты әсем Алтай тауларының бөктерінде дүниеге келген. Ауылда өсіп, орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнын тә­мамдағаннан кейін қызметке жолдама алады. Осы кезеңнен бас­тап Қуаныш Дәулетханұлы өз қызметінен басқа қоғамдық өмірге белсене араласады. Қатардағы ұстаздан аудандық білім бөлімінің меңгерушісіне дейін көтерілген. Бұл жауапты жұмысы Кеңес Одағы ыдырап, еліміз егемендік алған кезге сай келді. Сол кезеңде біздің кейіпкеріміз Қатонқара­ғай ауданының білім саласын басқарған. Одан кейін аудан басшы­ларының ұйғарымымен газетке редакторлық қызметке ауыс­тырылған. Мұнда да мол тәжірибе жинақтаған. Сол тәжірибесі Ақкөл ауданына келіп, қазақ тілді «Ақкөл өмірі» газетін шы­ғару кезінде көп септігін тигізді. Міне, ақкөлдіктердің ана тілінде өз ауданының газетін оқи баста­ғандарына 10 жыл толды. Газеттің шығару сапасы, мазмұны жылдан жылға жақсарып келеді. Сонда да шешілмеген проблемалар шаш-етектен. Олардың негізгілері –  қаржы, кадр мәселелері. Соған қарамастан, газет ауда­нымыздың мол тарихын оқыр­мандарға жеткізуде. Ауда­ны­мыздан шыққан тұлғалы азаматтарымыз Жайық Бектұров, Сағадат Нұрмағамбетов, бірнеше Кеңес Одағының батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлері, т.б. туралы мақалалар жүйелі беріліп тұрады. Ауданның белгілі азаматтары туралы «Ақкөл – азаматымен ажарлы» деген айдармен естелік кітаптар сериясын шығара бастады. Қуаныш Ақкөл ауданы­ның тарихында көрнекті із қалды­рып келеді. Ол орыс тілді ауданда бірінші болып газетті мемлекеттік тілде шығарды. Әрі алғашқы редак­тор, Ақкөл аудандық мәс­лиха­ты­ның депутаты. Өр Алтайда өсіп, Сарыарқа төсіне ер жасы 50-інде келіп, 10 жыл баспа жұмысының қиын­шылықтарын жеңе отырып ал­пыстың асқарына абыроймен шыққан Қуаныш Дәулетханұлы адал да әділ мінезімен, қайсар­лығымен ауданымызда мемлекет­тік тілдің өз дәрежесіне көтерілуі жолында әлі талай белестерді бағындыратынына зор сеніммен қараймын. Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, Ақкөл ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ақмола облысы