30 Маусым, 2016

Сенат осы сессиядағы жұмысын қорытындылады

203 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Парламент (2)-жанаКеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен палатаның жалпы отырысы болды. Оны ашарда палата Төрағасы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевты және барша қазақстандықтарды сенаторлар атынан Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануымен құттықтады. «Бұл Елбасы бастаған отандық дипломатияның тарихи жеңісі, сыртқы саясатын бүкіл әлем таныған сындарлы ел екеніміздің айқын көрінісі. Дүрбелеңге толы аса күрделі ғаламдық ахуал жағдайында Қазақстанның осындай беделді әрі жауапты миссияны абыроймен атқаратынына кәміл сенеміз», – деді Қ.Тоқаев. Күн тәртібіне сәйкес алғашқы болып Қазақстан мен Ресей арасында жер қойнауын игеру мақсатымен Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін бөлу туралы 1998 жылдың 6 шілдесінде қол қойылған Келісімнің Хаттамасына өзгерістер енгізу туралы Хатта­маны ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. Бұл туралы негізгі баяндаманы Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов жасады. Оның айтуына қарағанда, бұл Хаттамаға Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары 2015 жылғы 15 қазанда қол қойған. Хаттама «Центральный» кен орнына жеке барлау құқығын беру туралы жасалған. Кен орны Каспий теңізінің Ресей секторында орналасқан. Ақтау қаласынан 150 шақырым жерде. Мұнай қоры алғашқы болжам бойынша 90 млн. тонна. Хаттамаға өзгерістер енгізудің негізгі себебі: Ресей Федерациясының жер қойнауын пайдалану жөніндегі «Роснедро» агенттігі «Нефтегазовая компания «Центральный» БК-нің геологиялық зерттеу, барлау жүргізу және өндіру туралы лицензия сұраған өтінімін қараудан бас тарту болып табылады. Өйткені, Ресей заңнамасында зерттеу мен барлау жұмыстарына шектеу мерзімі белгіленген. Атап айтқанда, зерттеу мерзімінің барлық уақыты 5 жылдан аспауы керек. Осы себепті Хаттамаға тиісті түзетулер енгізу талап етілген. Жаңа Хаттамаға сәйкес зерт­теу, барлау жұмыстарын Ресей тарапы өз мойнына алған. Алайда, «ҚазМұнайГаз» бұл шы­ғынның 50 пайызын қайтарады. Депутаттар қаралып жатқан заң жобасын қолдайтындықтарын бірден байқатты, ал сұрақ беру рәсімі басталғанда вице-министрден мұнай саласының басқа мәселелерін сұрады. Соның ішінде сенатор Сәрсенбай Еңсегенов экология мәселелеріне назар аударды. Оның айтуынша, біздің еліміздің Атырау қаласында Каспий теңізін төгілген мұнайдан тазартатын арнайы құрылған база бар екен. Сенатор сондай базаның Ресейде бар-жоғын сұрады. Болса, қай қалада орналасқан? – деді сенатор. Оның екінші сұрағы мұнай өндірудің шекті мөлшеріне арналды. Ғалымдар мен мамандардың айтуларына қарағанда, Каспийден мұнай өндіру әрбір жылға шақталып, шектелмесе теңізге және оның айналасындағы жердің экологиялық жағдайы күрделеніп кететін көрінеді. Теңізді төгілген мұнайдан тазартатын арнайы база Ресейде де бар екен, ол Астрахань қаласында орналасыпты. Олардың қажетті жабдықтары, құралдары жеткілікті деп ойлаймыз, деді вице-министр. Екінші сұрақ бойынша айтқанда, теңізден өндірілетін мұнай өнімдерінің жоғарғы шегін белгілеген ешкім жоқ деді. Алайда, Каспийдің жағалауында отырған бес ел «Тегеран конвенциясына» қол қойған екен, бұл құжат бойынша тараптар теңіздің экологиясын бүлдірмеу туралы мойындарына міндет алыпты. Осыдан кейін сенатор Ж.Нұр­ғалиев те осы мәселені анықтап, теңіз экологиясын бүлдірмеу бойынша қандай нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады. Бұл мәселеде көптеген жұмыстар атқарылу үстінде екені айтылды. Ақан Бижанов Каспий табанын бөлудің геосаяси маңызы барына назар аударып, оны бөлу мәсе­лесінің бүгінгі таңдағы қорытын­дысы туралы сұрады. Әсет Мағауов оған Ресей, Әзер­бай­жан және Түрік­мен­станмен теңіз табанын бөлу тура­лы келісім жасал­ғанын айтты. Иранмен көпте­ген сұрақтар туып жатыр, бірақ біздің елмен шектес­пейтін болғандықтан, оған біздің қаты­сымыз жоқ, деді вице министр. Қосымша баяндаманы сенатор Л.Қиынов жасады. Талқылаудан кейін заң жобасы қабылданды. Екінші мәселе болып қаралған «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң жобасы да қабылданды. Құ­жат төлем жүйелерінің жұмыс істеуі­нің құқықтық негіздерін қалып­тастырады, көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттейді, сондай-ақ, төлемдерді және ақша ау­дарымдарын жүзеге асыру сала­сындағы ережелерді жетілдіруді қалыптастырады. Сонымен қатар, ілеспе заң жобасы ретінде қарастырылған кейбір заңнамалық актілерге төлемдер және төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құжат «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң жобасының нормаларын іске асыру және кейбір заңнамалық актілердің нормаларын оның қағидаларына сәйкес келтіруді мақсат етеді. Заң жобасы бойынша он кодекс пен он бес заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Отырыс соңында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев палатаның VI шақырылымы I сес­сиясының жұ­мысын қорытын­дылады. Оның айтуынша па­латаның заң шығар­машылық жұмысы нәтижелі болған, Елба­сының стратегиялық реформаларын және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыруға қа­жетті заңдар дер кезінде қабыл­данған. Мәжілістің жаңа құрамы жасақталған уақыт ішінде Сенат еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына қажетті 57 заң жобасын қабылдап, Парламенттің заң қабылдау жөнiндегi функциясын ойдағыдай орындап шыққан. Жалпы алғанда, жылдың басынан бері Парламент 73 заң қабылдапты. Сенат депутаттарының баста­ма­шылығымен Еуразиялық эко­­номикалық одақ және Дүние­жүзілік сауда ұйымы жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны тәжірибелік тұрғыдан іске асыру мәселелеріне арналған маңызды парламенттік тыңдау өткізіліпті. «Дүниежүзі парламенттері мен дін лидерлері өкілдерінің, сон­дай-ақ, саясаткерлердің қаты­суымен терроризмнің алдын алу­дағы діндердің рөліне арналған халықаралық конференцияны ойдағыдай өткіздік. Әлемнің 41 елінен келген 200-ден астам делегат терроризм мен экстремизмді үзілді-кесілді айыптап, әлемдік қоғамдастықты жаһандық індетке қарсы күрес жолында күш біріктіруге шақырған мәлімдеме жасады», – деп атап өтті Қ.Тоқаев. Осыған байланысты Сенат Төрағасы форум делегаттары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесіне қызу қолдау көрсеткенін айтты. «Тарихи манифестің маңызы мен ядролық қарусыз әлем құру мәселелері парламентшілердің ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі одағы бірлесіп ұйымдастыратын халық­аралық конференцияда жан-жақты талқыланатын болады. Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған конференция Елбасының қатысуымен 29 тамызда Астанада өтеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар, Төраға Пар­ла­менттің күзгі сессиясында депутаттарды Мемлекет басшысының VI шақырылымның бірінші сессиясын ашуда белгілеп берген міндеттерді орындауды жалғастыру бойынша ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанына назар аударды. Ол жер, қаржы, салық, кеден, бәсекелестік және басқа да маңызды мәселелер жөніндегі заңнамалық актілерге түзетулер енгізілетін, терроризм мен экстремизмге қарсы әрекеттерді күшейтуге, қару айналымын, көші-қон мәселелерін және діни бірлестіктердің іс-әрекетін реттеуге қатысты заңнаманы жетілдіру бойынша аса маңызды заң жобалары келетінін жеткізді. Отырыс барысында де­пу­таттық сауалдар жария етілді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»