30 Маусым, 2016

Аружанның арманы асқақ

469 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_5031Аружан Саин – қайы­рым­дылық істерімен қазақ­қа кеңі­нен танымал есім. Алғаш «Центр тяжести» ин­тернет фо­румының «Қайырым­ды­лық» саласы бойынша өз жұ­мысын бастап, көптеген игі істермен Аружан іргетасын 2006 жылы қалаған «Еркін мейі­рімділік қоғамы» деп аталатын қоғамдық қор елімізде қайы­­рымдылық ісімен айна­лы­сатын ең ірі қорлардың бірі. Екінші мыңжылдықтың басында бір топ жас еріктілер сәбилер үйіндегі жетім бала­ларға көмектесуге барып, сол жерде ауыр дертке шалдыққан бір бүлдіршінге күрделі ота жасауға көмек керек болғанынан хабардар болады. Кісі көңіліне жұбаныш, жетімге жебеу болуды көздеген сол еріктілердің қатарында Аружан да бар еді. Міне, Аружан сырқат сәбиге көмек керек екендігін ғаламтор бетінде жариялап, көпшілікке хабар таратады. Ғаламтор қолданушылар арасында бұл ақпарат жедел тарап, тіпті еліміздегі ірі компаниялар да көмек қолын созғысы келетіндігін, алайда қомақты қаражатты жеке адам қолына беру мүмкін емес екендігі анықталады. Осындай қажеттіліктерден кейін Аружан қоғамдық қор құрып, жарымжан жандардың ауыртпалығын көтеруге бел шешіп кіріседі. Алайда, жетім балалар үйін­дегі дертті сәбиге көмектесу тым кеш еді. Ауруы асқынған бейкүнә сәбиді құтқарып қалуға кешік­кенімен, Аружан басқаратын қо­ғам­­дық қайырымдылық қор күні бүгінге дейін түрлі деңгей­дегі сырқатқа шалдыққан 1419 бала­ның уақтылы ем алуына, жас өмі­рін сақтап қалуына себепкер болды. Жаны жүдеу мүсәпірді да­лаға тас­тамайтын жылы жүректі қа­зақ­­станд­ықтардың қолдауымен 1,5 мыңнан астам ауыр дертке шал­дыққан сәбиге көмек көр­сетіл­ді. Осы уақыт аралығында Ару­жан Саин басқаратын қор 2 мил­­лиард 63 миллион 309 мың 841 теңге қаражат жинап, талай отан­да­сымыздың, оның ішін­де ауыр сырқатқа шалдыққан бүл­дір­шін­дердің жанына араша бола білді. Былтыр, яғни 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің тарихында жеке тұлға жасаған ең ірі қолдау көмек ретінде Аружанға 300 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмекті табыс етіп, оның Жаңа Жібек жолының жандануына және дамуына қосқан үлесі үшін марапат-сый көрсетті. Қазірде Аружанның есімі Қазақ даласында құрметпен аталып, тағдыры қиыншылықпен басталған талай жанның ауырт­палығына қанатымен су тасыған қарлығаштай еңбекқорлығымен кеңінен танымал болды. Ол араласпаған, ол сақтап қалуға үлес қоспаған жас өмір, дертті сәби кемде-кем. Аружан бас­қаратын қайырымдылық қорға көмек сұрап келетін кісі, жазылатын хат-хабарда қисап жоқ. Әрине, оның адалдығы мен іскерлігіне тәнті болған демеушілер де реті келгенде қолдау көрсетіп, қоғамның бір мұңын да болса азайтуға, бір отандасымыздың көңіл бұлтын сейілтуге бейім. Аружанның арманы көп. Қо­ғам­­да жетім балалар үйі болма­са екен деп те, сәби атаулы сыр­қа­тқа шалдықпаса екен деп те, Қазақ елінде бүлдіршіндердің шат күлкісі мәңгі жалғасып, ешбір адам ата-ана болу құқығынан айы­рылмай, ешбір сәби шаңырақ жылуын аңсамай, тек бейбіт те берекелі ел болсақ екен деп көп ойлайды. Ойлап қана қоймай, сол жолда өміріне ауыртпалықтың көлеңкесі түскен жандарға көмек қолын созуға үнемі көмектесіп жүреді. Соның нәтижесінде «Еркін мейірімділік қоғамы» қоғамдық қоры – Қазақ­станда емделмейтін, ауыр науқас ба­ла­ларға көмек көрсетуге ба­ғыт­талған «Балаларға өмір сый­ла», «Жетімдерсіз Қазақ­стан» және «Аутизмді жеңе­міз!» қайырым­дылық шаралары­ның бастамашысы әрі ұйымдастырушысы болып талайдың алғысына бөлене білді. Аружан еліміздің, әсіресе, Ал­маты қаласының қоғамдық өмі­ріне қызу атсалысып отырады. Осын­дай сергек ойлы, азаматтық жауап­кершілікке деген саналы қадам­дарының жемісі болса керек Аружан 2016 жылы Алматы қа­ла­сында қайта құрылған қо­ғам­дық кеңеске мүше болып қабылданды. Бұдан өзге, Аружан Саин те­ле­­визиялық жобалар мен теле-се­риалдар түсіру ісіне продюсер ретінде белсене араласады. Белгілі шоумен Мұрат Оспанов жүргізетін «Такси» теле-шоуы, «Караоке-такси», «Деньги в дом», «Кухня», «Балапан» арнасын­да көрсетілетін балалар мен жас­өс­пірімдерге арналған «Биле-биле» және «Кішкентай Ньютон» бағ­дарламалары «Аружан және компания» про­дю­серлік орталығы түсі­ріп, қа­лың көрерменнің көзайы­мына айналған телетуындылар.  Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ