30 Маусым, 2016

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланды

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайланды. Бұл туралы 2016 жылғы 28 маусымда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде мәлім болды. Дауыс беруге қатысқандардың ара­сынан 138 мемлекет Қазақ­стан­ның кандидатурасы қолдады. Қазақ­стандық өтінімнің жалғыз бәсе­келесі – Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс бер­ді. «Бүкіл Қазақстан үшін бұл тарихи күн, өйткені, біздің еліміз БҰҰ Жарғысы бойынша жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттенген ең маңызды саяси органның құрамына тарихта бірінші болып сайланған Орталық Азияның мемлекеті болды. Бүгінгі нәтиже –  Қазақстанның және Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың жеке тұлғасының халық­аралық деңгейдегі биік беде­лінің, оның жаһандық және өңір­лік мәселелерді реттеуге, ядро­лық қарусыздану мен таратпау мәселелерін ілгерілетуге қосқан бірегей үлесінің жарқын айғағы», – деп мәлімдеді осыған орай Қа­зақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. БҰҰ ҚК-ге сайлану, сондай-ақ, біздің мемлекетіміздің бей­біт­сүйгіш дәйекті сыртқы және ішкі саясатының халықаралық қоғам­дас­тықта жоғары құрметтелетінін дәлелдеді. Ал енді анықтама ретінде айта кететін болсақ,  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 15 мемлекеттен құралған, олар­дың бесеуінің тұрақты мүше­лік мәртебесі бар (Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Фран­ция), ал қалған онының әрқайсысы екі жылдық мерзімге 5 өңірлік топтар­дың атынан сайланады. Қазақ­стан 2017 жылдың басынан Азия мемлекеттері тобының өкілі ре­тінде Малайзияны алмастыратын болады. «Егемен-ақпарат»