30 Маусым, 2016

Көңіл айту жеделхатын жолдады

202 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақ орда кишиМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Прези­денті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолда­ды, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қыз­меті. Жеделхатта Ыстанбұл қаласы әуежайындағы қайғылы оқиға салдарынан көптеген жазықсыз адамдардың қаза болғаны және зардап шеккені туралы хабарды Қазақстан Президенті зор күйзеліспен қабылдағаны аталып өткен. Нұрсұлтан Назарбаев күллі мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында террорлық акт жасалғаны ешкімді бейжай қалдырмағанын айтты. «Қазақстан әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіретін халықаралық экстремизм мен терроризм әрекеттерін қатаң айыптайды. Ыстанбұлдағы жантүршігерлік оқиға қандыбалақ радикалды топтар мен олардың идеологиясына өркениетті қоғамда орын жоқ екенін тағы да растады», – делінген жеделхатта. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың жақындары мен туыстарына, сондай-ақ, бүкіл Түркия халқына Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.