30 Маусым, 2016

Жалған медициналық анықтама

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
29-06-2016 Медициналық анықтама80-нен астам ұшқышқа берілген Ұшақ қызметкерлеріне қатысты тағы бір дау шықты. Мәліметтерге сәйкес, бүгінде 80-нен астам адамға жалған медициналық анықтама беріл­ген. Алдағы уақытта мұндай заңсыз әрекеттерге қатысы бар дәрігерлерге 212 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Еліміздегі авиациядағы қауіпсіздікті қадағалау үшін осындай өзгерістер енгізілмек. Бұл жөнінде жаңа заң жобасы Мәжілісте таныстырылды. Құзырлы орындар қыз­меткерлер құрамымен қатар оларды тексеретін мамандарды да бақылауға алады. Жал­пы, республикамыздағы эки­паж мүшелерінің жұмысқа жарам­дылығын Мәскеудегі халық­аралық ұйым куәлан­дырады. Экипаж командирін ешкім жіті тексермейді. Ұшқыш тек жылына бір рет қан тапсырып, тыйым салынған препараттарға қарсы сараптама жасатса бол­ғаны. – Медицина қызметкерлері өз ісіне жауапкершілікпен қа­рамаса, ертеңгі күні істің анық-қанығы белгілі болғаннан кейін 100 айлық есеп көрсеткіш айып­­пұл салынады. Ал екі рет қайталанған жағдайда, оның көлемі екі есе артады, – деді Ин­вестициялар және даму ми­нистрлігі авиация коми­тетінің төрағасы Бекен Сейдахметов. Айта кетейік, осыған дейін Air Astana компаниясының Мәскеуден Алматыға қатынаған ұшағының қызметкерінен марихуана есірткісі табылған еді. Мәлім болғандай, оны бірнеше жылдан бері тұрақты пайдаланып келген. Осыдан кейін ол екі жарым жылға бас бос­тан­дығынан айырылған болатын. Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»