30 Маусым, 2016

Көкжал Барақ – Күршім төрінде

600 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_6285Асқақ Алтайдың күн­гей бауырын Мар­қакөл, Зайсан, Бұқтырма толқындары шайып жатқан Күршім өңірінде көңіл төрінен орын алған көрікті думан өтті. Осы жерге есімі таңылған қалмақтың Күрсін батырын жекпе-жекте жеңіп, ел мен жерді сақтауда талай жорықтарда қан кешкен батыр баба Көкжал Барақтың 315 жылдық тойы болды. Ұлан-асыр мерекеге күршімдіктер жан-жақты әзірленген екен. Бұқтырмадан пароммен өткен меймандарды құшақ жая қарсы алған батыр ұрпақтары әйгілі Көкжарлы Көкжал Барақ батырды ұлықтауға арналған іс-шаралар легін бастап кетті. Алдымен аудандық мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясының «Ұлы Дала елі» партиялық жобасы аясында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов құттықтау сөз сөйлеп, батырдың ұрпағы, Теректібұлақ орта мектебінің мұғалімі Танаш Қайырбаев, «Ба­рақ Батыр» қорының құрылтайшысы Төлеген Кінәсілов, белгілі тарихшы Советхан Қалиғожин және басқа да қонақтар батырдың ел тәуелсіздігі жолындағы арпалысқа толы өмірі туралы тұ­щымды баяндамалар жасады. Күршімдіктер айтысты сағынып қалған екен. Республиканың әр түкпірінен, Баян-Өл­гей аймағынан келген айтыскерлер өнерін халық төрт сағат бойы табандап тыңдады. Арқа-жарқа ағайын сәтті сөз орамдарына сүйсіне дуылдасып, ақындарға зор қошемет көрсетті. Айтыстың бас жүлдесін қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алып, жарты миллион теңге сыйақыға ие болды. Келесі күні аудан ор­­талығына кіребе­ріс­тегі биік қыр басында Көкжал Барақтың қо­ладан құйылған ескерт­кіші салтанатты түрде ашылды. Жан-жағы абаттандырылған сәулетті ескерткіш алыстан айбындана көз тартады. Батыр рухына арналып ас берілгеннен кейін Сарыөлең ауылының тұсындағы бәйге төбеде ұлттық ойындар сайысы той көрігін қыздыра түсті. Боз кілемдегі бәсекеде үшінші орынға ие болған Мереке Тұрашов өзіне берілген сыйақыны арбаға таңылса да, күресті жан-тәнімен тамашалаған мүмкіндігі шектеулі ба­лаға ұсынғанында жи­ылған жұрт «бәрекелді» десті. Бұл белдесуде 2014 жылғы «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсынов бас жүлдені жеңіп алды. Ал 32 қылқұйрық қатысқан 15 шақырымдық бәйгеде тарбағатайлық Қайрат Құнсафиннің аты, 25 шақырымдық жергілікті жабы жылқылар ара­сындағы аламан бәй­геде Күршім ауданы Қайнар ауылының тұр­ғыны Дәулетхан Бие­кеновтің тұлпары, осы қашықтықтағы таза қанды сәйгүліктер сайысында қаройлық (Күршім) Жомарт Сайболатовтың бәйгесі қара үзіп келді. Ауыздығымен алысқан арғымақтардың иелері бір-бір темір тұлпардан еншіледі. Сондай-ақ, бәйге төбе басында жор­­ға жарыс, қыз қуу, тең­ге ілу, көкпар сынды ұлттық ойындардан да қан қыздырған жарыстар өтіп, батыр баба ерлігіне тағзым еткен ел-жұрт ерекше көңіл күймен тар­қасты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы