30 Маусым, 2016

CASIE-2016 симпозиумы

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанада Орталық Азияның білім берудегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі симпозиумы (CASIE-2016) өтті. Орталық Азия мемлекет­терінің білім беру жүйесі аймақ­тардың жылдам дамып отырған экономикаларының сұраныстарына сай іс-әрекеттер жасап отыр. Бұл оқушылардың ХХІ ғасырда қажет болып отырған дағдыларды игеруін және Орталық Азия елдерінде көптеген мүмкіндіктерді іске асыру мақсатында мектеп түлектеріне жағдай жасау қажеттігін туғызуда. Ақпараттық-коммуника­ция­лық технологиялар (АКТ) ха­лық­тың жұмыспен қамтылуын арттыру, білім беру мен кәсіптік даярлау сапасын өсіру, сондай-ақ, жылдам икем­делетін еңбек нарығы мен тиісті білім беру және кадрлар даярлау секторын құру сияқты өзекті мәселелерді шешуге, сондай-ақ, білім беру жүйелерін жетілдіруге айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Аталған симпозиумның күн тәр­тібіндегі негізгі мәселе осы әлеует­ті ашу жолдарын айқындау болмақ. Орталық Азияның көптеген елдерінде халықтың сауаттылық деңгейі айтарлықтай жоғары, бастауыш және орта білім беру деңгейі де жоғары, сондай-ақ, гендерлік теңдік қамтамасыз етілген. Ай­мақта трансформациялық үде­рістер мен экономиканы әрта­раптандыру орын алуда. Орталық Азия халқының басым көпшілігі ауыл тұрғындары, олар жұмыс әлеміне тиісті даярлық жасау мүм­кіндігін иелене бермейді, бұл елдердегі жастардың арасын­да жұмыссыздықтың жоғары деңгейде болып отырғанының бірден-бір себебі осы. CASIE мақсаты – осы артта қалушылықты қысқартып, еңбек нарығының мұқтаждықтарына қарай білімді барынша қолжетімді етіп, кәсіптік дағдыларды дамытумен неғұрлым тығыз байла­ныстыруға АКТ қалай жәрдем бере алатынын зерттеу. Симпозиум жастардың кәсіптік білімін қол­дау мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамуының бірқатар маңызды аспектілерін қарастыруға бағыт­талған. Соның ішінде: баршаға ашық, икемді және алуан түрлі оқу мүмкіндіктерін жасау, оқы­тудың іс жүзіндегі тәжіри­бесіне қолдау көрсету, ақпараттық білімді ны­ғайту және оқуды еңбек на­рығындағы өзгерістерге бейімдеу саясатын дамыту, АКТ-ды білім беру және оқу саласына барынша терең кіріктіру бағытындағы ынтымақтастық мәсе­лелері қарас­тырылды. АКТ-ды табысты түрде ендіріп, қолдану үшін үкіметтердің, білім беру саласындағы әріптестер мен осы саладағы барлық мүдделі тараптардың арасында берік әріптестік қатынастар орнату қажет. Сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіне сай АКТ әлеуетін толық ашу үшін қажетті мате­риалдық қорды қамтамасыз ету үшін инновациялық тетіктерді пайдалану керек. Осыған байланысты CASIE-2016 симпозиумында жергілікті және халықаралық ұйымдар осы аймақта және одан тысқары жерлерде кәсіптік-тех­никалық білім беру саласында ақ­парат тарату, ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу үшін өз жобалары мен ресурстарын көрсететін көрме ұйымдастырды. Симпозиум шеңберінде 6 елден (Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өз­бекстаннан) келген 60-тан аса маман бірлескен талқылау жа­сауға шақырылды. CASIE-2016 қатысушылары Орталық Азия елдерінің кәсіптік-техникалық білім беру саласында АКТ-ды пайдалану дағдыларын дамытудағы проблемалар мен үрдістердің ахуалы туралы шолу дайындап, аймақта және одан тысқары жерлерде оны қолдану тәжірибесін жинақтап, бұдан кейінгі жұмысты жүргізу үшін ұсыныс-кеңестер әзірлеуі және жаңа ынтымақтастық жоспарларын құруы тиіс. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист