30 Маусым, 2016

Ән тауын көтерген толағай

818 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
2542_oko-2Илья Жақанов мерейтойын айтулы құрдастарымен бірге Оңтүстікте атап өтті Сонау Біржан сал, Ақан сері әндеріндегі ұлттық сарынды, қазаққа тән қоңыр бояуды жоғалтпай халықтық дәстүрде ән жазып келе жатқан Илья Жақановты бүгінде көдедей көп композиторлардың қатарына қоса салу қиянат болар еді. Замандасы Шәмші Қалдаяқовпен бір қатарда тұрған Илья Жақанов ұстазы Ахмет Жұбановтың дем беруімен музыка тарихын зерттеуге ден қойды. Жақында Ж.Шанин атын­дағы облыстық драма театрында өткен Илья Жақановтың шы­­­­ғармашылық кешінің шы­мылдығы Сәуле Жан­пейі­со­ва­ның орындауындағы «То­лағай» әнімен ашылды. Тау бау­райында жылқысын жусатып салып, қайың құрығына иегін төсеп, толғанып салған әнім жетер ме екен деп сүйгенін аңсаған жылқышы жігіттің әні. – «Толағай» үлкен тау ма? – дей­ді қасымда отырған Мем­лекеттiк қызмет iстерi министрлiгiнiң ОҚО бойынша департаментiнiң бастығы Берік Бекжанов. Не дерсің. Біздің ауылдың тауы ғой. Сол Толағайдың баурайында аунап-қунап өстік. Таудан гөрі жота, одан биігірек төбе десең де болады. Талай рет шөбін шаптық. Алатау емес, Қаратаудың бір қолаты сияқты ғой. Атақты композитордың әні арқы­лы өзін он, жүз орайтын таулардан бағы асып, мәшһүр болып жатқан Толағай сағыныш әні болып құйылады. Әдемі кешті қазақтың айтыс өнеріндегі тұлғалардың бірі, өзі де, сөзі де көркем Аманжол Әлтаев жүр­гізіп отырды. Бүгінгі айтыс өнері­нің анасына айналған Әселхан Қалыбекова ағасына арнау өлеңін оқыды. ОҚО мәслихатының хатшысы Қа­мытбек Айтөреев мерейтой иесіне облыс әкімінің құттық­тау хатын оқып, иығына шапан жа­­уып, ат мінгізді. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, арынды ақын Маралтай Ыбыраев құттықтау хатпен бірге 70-ке келгенде суретші мамандығын алған ағасына арнаған «Натюрморт» өлеңін оқыды. Аманжол Әлтаев сахна төріне Илья Жақановтың өмірдегі сыйлас жақын достары, бүгінде 80 жасқа қатар толып жатқан академиктер Өмірзақ Айтбаев пен Мырзатай Жолдасбековті шақырған. Сах­нада қазақтың үш бәйтерегі жарасып отырды. Бірі – еліміз Тәуелсіздік алғанда Елбасының қасында болып, Қазақстанның баянды болашағының негізін қалаған, қазақ тарихының шегін Орхон-Енисей жазбаларына тіреген айтулы тұлға. Бірі – Қазақ ғылым академиясының көрнекті өкілі, ғылым көкжиегін кеңейткен абыз. Үшіншісі – қазақ ұлттық музыка өнеріне теңіздей үлес қосқан, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырған айтулы композитор, ән әлемінің Алатауы. Оңтүстікте осындай тамаша кештің өтуіне ұйытқы болған белгілі заңгер Бе­кет Тұрғараев қазақтың үш ал­ып тұлғасына лайықты құрмет көр­сетті. Атыраудан келген әншілерден бөлек, Алматы, Арқа өңірінен өнерпаздар келіп, Илья әндерін шырқады. Сарысу ауданының әкімі туған елінің ыстық сәлемін жеткізсе, қара­ғандылық ақын, сазгер Зағыпар Шә­кентаев пен Есжан Әбеуовтің Илья ағаларына арнайы жазылған «Ән болып жа­ралдың» шығармасы орындалды. Илья Жақанов бүгінгінің жарқ етіп жанып, ертең өшіп қалатын сазгерсымақтары емес, ешқашан өл­мейтін, өшпейтін, ғұмырлы ән­дер авторы екендігін жоғарыда айттық. Осы кеште композитордың «Әселім жанымнан» бастап «Арқа аруы», «Арыс», «Теміртау түні», «Мең­ді­қыз» «Жайлаукөл кештері» сияқты жау­һар әндері шырқалды. Атақты «Еділ мен Жайық» – қазақтың қалың тарихы, киіз туырлықты Алаштың ардағы. Бұл әнді ел бірге шырқады. – Бүгінгі жеткен жетістігіміздің бәрі – Тәуелсіздігіміздің тәтті жемісі, – деді Илья Жақанов. – Елбасы­мыз­дың сындарлы саясатының арқасында кеше ғана есік көзінде отырған, бұ­ра­тана атанған қазақ жұрты ең­селі елге айналды. Мәңгілік мұраты «Мәңгілік Ел» болу. Осы мақсат жолында бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шы­ғарып, Елбасымыздың жанында болайық. Мен 72 жасқа келгенде сурет салуды да меңгере бастадым. Мы­нау сексен деген түк емес екен. Өзімді әлі жас сезінемін. Шығар­машы­лығым­ның шығар биігі әлі де алда. Мақсат, ниет бар. Шығармашылық кештің со­ңында ұйымдастырушылар «Оң­түстік қабылдау үйінде» 500-ден астам адамға ауызашар берді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы