30 Маусым, 2016

«Машат-Арасандағы» масаты маусым

537 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_8185Жайдары жаз күндері лагерьде болып, жаңа дос­тар тауып, суға түсіп, күнге қыздырынған қандай ғанибет. Әсіресе, жорыққа шығып, кешкі дискотекаларда көңіл көтеру көп уақыт бойы естен кетпесі анық. «Ембімұнайгаз» компаниясының шарапатты ісінің арқасында, Атырау облысындағы әлеуметтік-әлсіз топқа жататын халықтың 300 баласы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі «Машат-Арасан» сауықтыру лагерінде масаты маусымды ойдағыдай өткізіп дем алды.  Атырау облысының түрлі аудандарынан келген балалар он екі күн ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ-тың демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат есебінен денсаулықтарын түзеді. Олар негізінен көрікті тау қойнауындағы «Машат-Арасан» лагерінде болды.Сылдырап аққан тау өзендері мен көкмайсаға оран­ған бел-белестер, самал жел. Бәрі-бәрі жеткіншектердің көңілін көтеріп, рахатқа бөледі. Кешкі астан кейін жалпылагерьлік шараларға қатысып, командалар арасындағы әртүрлі конкурстарға қатысты. Лагерь директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Нұрғазы Албаев атыраулық балалардың бос уақыттарын барынша көңілді өткізулеріне ұйытқы болды. Олардың сүйікті істерімен айналысуына жан-жақты жағдай жасап, тікелей өзі қадағалап отырды. – Лагерьдегі барлық оқыту­шылар мен тәрбиешілер не­гізінен Түлкібас ауданындағы мектеп-гимназиялардың және мектептердің жоғары санатты мұ­ға­лімдерінен жасақталды. Алғашқы күндері алыстан келген балалар үйлерін сағынып көңілсіз жүргендері де рас. Кейіннен олар лагерь тәртібіне бейімделіп кетті. Денсаулығы нашар кейбір балалар да спорттық шараларға қатысуға ынта танытты, – дейді Нұрғазы Албаев. Сауықтыру лагерінде балғын­дардың бос уақыттарын мазмұнды өткізуіне орайластырылып бағ­дарламалар жасалды. Соның нәтижесінде белсенділік көрсеткен балалардың қатары артты. – Медициналық талдау көр­сеткеніндей, атыраулық бала­лардың көпшілігі қалқанша бе­зі, анемия, иммунитеті төмен, ішек-қарын жолының әлсіздігі сияқты сырқаттармен ауырады екен. Сондықтан мұнда күн сайын балалар шипалы шөптер қайнатпасы мен оттегі коктейлін ішіп денсаулықтарын біршама түзетті. Әсіресе, артық салмағы бар балаларға шипасын тигізді, – дейді лагерьдің дәрігер-педиатры Нәбира Әубәкірова. – Мен келесі жылы осы лагерьге тағы да келуді ұйғарып отырмын. Маған Шымкент қаласына жасаған экскурсия өте ұнады. Біз саябақтар мен хайуанаттар бағын тамашаладық. Ал бізден жасы үлкен балалар Түркістан қаласына сапар шегіп,  қызықтап қайтты, – деп өз әсерін бөлісті Атырау облысының Құлсары қаласындағы №21 мектептің оқушысы, он екі жастағы Альбина Тәжікова. – Біз лагерьдегі алғашқы күн­дері үйімізді қатты сағынып, қайтқымыз келді. Содан кейін бой үйретіп, спортпен және басқа да шығармашылықпен айналысып, бос уақытымызды көңілді өткіздік. Конкурстарға қатысып, бағымызды сынадық, – дейді Альбинаның құрбылары атыраулық Әлия Сабырова мен Гүлназ Жолдасова. DSC_0411– «Ембімұнайгаз» АҚ еліміз­дің мұнай өнеркәсібінің бастауында тұрған кәсіпорын болып саналады. Мекеме әркез балаларға ерекше назар аударады. Компания бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиевтің және басқарма мүшелерінің ті­келей бастамашылығымен бала­ларды Шымкенттегі лагерьге жі­беру бірауыздан қолдау тапты. Осы­лайша жеткіншектер Оңтүстік өңірде көңілді демалып, күш-қуат жинады. Бұдан артық қандай қуаныш болсын. Алдағы кезде де кәсіпорын игілікті ісін жалғастыра бермек, – деді компанияның әлеу­меттік саясат департаментінің ди­ректоры Қуандық Қалидуллин. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»