30 Маусым, 2016

Кәсіпорын теміржолдың дөңгелектерін шығарып жатыр

217 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
30.06.2016-AST Қазіргі кезде елімізде Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында көптеген жұмыстар жасалынып жатыр. Өндіріс орындарында, өнеркәсіпте біраз маңызды жұмыстар қолға алынды. Солардың бірі – теміржол дөңгелектерін шығарумен айналысатын «Проммашкомплект» ЖШС 2017 жылдың екінші жартысында өндірісті 1,7 есеге арттыруды жоспарлап отыр. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, осы жобамен «Бәйтерек» АҚ холдингінің еншілес ұйымы «Қазақстанның даму банкі» АҚ айналысуда. Банк жобаны 2015 жылдың шілде айынан қаржыландыра бастады. Бұл жоба елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Оның жалпы құны – 50,9 млрд. теңге. Осы соманың 71 пайызы Қазақстанның даму банкі тарапынан қаржыландырылады. Банк әрине, ақшаны қарызға береді. Қарызды өтеу мерзімі 19 жылға дейін. Бүгінгі таңда банктің несиелеуге берген қаржысы 90 пайызға игерілді. Кәсіпорын толық жобалық қуаттылығына шыққаннан кейін өнімнің 40 пайызына дейін ішкі нарыққа – негізінен «Қазақстан темір жолы» АҚ қажеттілігіне, ал қалған 60 пайызы Иран, Әзербайжан, Ресей мен Түрікменістанға экспортталады. Қазіргі уақытта теміржол дөңгелектері өндірісінің орнында қайта газдандыру стансаларын орнату бойынша монтаж жұмыстары басталды. Қолда бар деректерге қарағанда, биылғы жылдың соңына дейін Өнеркәсіптік машина кешені компаниясына Австрия, Германия, Чехия мен Польшадан 4 000 тонна жоғары технологиялық жабдық жеткізіледі. Дастан КЕНЖАЛИН