30 Маусым, 2016

Белгілі ғалым Скандербек Жолдасбеков қайтыс болды

389 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

30-06-16-joldasbekov

Қазақстанның белгілі ғалымы, техника ғылымдарының докторы, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, профессор, ұлттық инженерия ғылымдары академиясының академигі Скандербек Жолдасбеков 61 жасында кенеттен қайтыс болды. Марқұм өмірінің соңына дейін Қазақстан Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ө.А.Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының бас директоры болып қызмет атқарған. «Ғылым ордасы» (Ғалымдар үйі) республикалық мемлекеттік кәсіпорнының хабарлауынша, академикпен қоштасу 2 шілде күні сағат 10-да осы кәсіпорынның Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29-үйде орналасқан ғимаратында өткізіледі. Скандербек Жолдасбеков – қазақ ғылым мен білім беру саласында айрықша орны бар тұлға Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің ұлы. Жолдасбеков Скандербек Өмірбекұлы — қозғалмалы көп сатылы жоғары класты кеңістікті тетік механизмі саласындағы белгілі ғалым. Америка инженер-механиктер қоғамының, халықаралық инженерлер академиясының, Халықаралық «Экологиялық реконструкция» академиясының, Қазақстан Республикасы ұлттық инженерия академиясының толық мүшесі, Қазақстанның теориялық және қолданбалы механика ұлттық комитетінің мүшесі. Ол жоғары класты механика теориясын дамытуға қосқан зор үлесі үшін В.Г.Шухов атындағы алтын медальге ие болған. Ғалым 140-тан астам ғылыми жұмыстар мен жаңалықтардың, 5 оқу және тәсілдеме құралдарының, 4 монографияның авторы. Талғат РАЙЫМБЕК.