01 Шілде, 2016

Индустрияландыру игілігі

299 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
30-06-01Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада индустриялық даму бағдарламасын жүзеге асыру кезінде салынған бірқатар нысанда болды Мемлекет басшысы алдымен «Астана» көлік-логистика орта­лығына барды. Онда орта­лық жұмысымен танысып, жеңіл­детілген кедендік ресімдеу айма­ғын көрді. Жалпы аумағы 46 гек­тар «Астана» көлік-логистика орта­лығы терминалдық өңдеу ин­фрақұрылымы бар Қазақстандағы «А» санатындағы ірі орталық болып отыр. Бұл халықаралық және рес­публикалық жүк ағымы­на қызмет көрсету, сондай-ақ, тауар­лардың қала мен өңірлерге таратылуы үшін қойма және ілеспе қызметтер ұсыну мақсатымен құрылды. Орталықтың қойма кешен­дері қойма шаруашылығын жүргі­зудің заманауи талаптарына сай келеді және тиеу-түсі­ру аймағының өткізу қабілетін кү­ніне 1000 паллетке дейін арт­ты­руға мүмкіндік беретін жаңа құ­рылғылармен жабдықталған. Жобаны іске асыру аясында Астана мен Шымкентте логис­ти­калық орталықтар желісін құрудан басқа, Қорғас, Ақтөбе, Алматы жә­не Павлодар қалаларында кө­лік-логистика кешендерін салу және іске қосу көзделген. Президент орта­лық­ты аралаған соң кәсіпорын­ның еңбек ұжымы өкілдерімен жүздесті. Олармен әңгіме барысында Елбасы елдің индус­триялық дамуында көлік-логис­тика қызметтері нарығы маңызды рөл атқаратындығына тоқталды. «Сыртқы экономикалық қыз­мет өкілдері бұрын құжаттарын үш тәулікте ресімдейтін, ал мұнда ол жеңілдетілген, 1 сағаттан 3 са­ғатқа дейін ғана уақыт алады. Біз Астанада тауар өңдеу жөні­нен Орталық Азия ғана емес, Кав­каз бен Сібірді қоса алған­да ең ірі логистикалық хаб сал­дық. Ол қазірдің өзінде 70 пайыз жүктемемен жұмыс істеп тұр. Бұл – біздің индустрия­лық бағдарламамыз бен инфра­құрылымдық дамуымыздағы ауқымды іс», деді Н.Назарбаев. Бұдан соң Мемлекет басшысы «GLB» үй құрылысы ком­би­натында болды. Мемлекет бас­шы­сы нысанды аралау бары­сында комбинаттың арматура және қалыптау цехтарының жұмысымен танысты, сондай-ақ, көрме павильонын қарап шықты. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тұрғын үй бағдар­ламасын жүзеге асыру барысын­да кәсіпорынның өндірістік қуатын кеңінен пайдалану қа­жеттігіне назар аударды. Елбасы 1200-ге жуық адамды жұмыс орны­мен қамтамасыз етіп отыр­ған ком­бинаттың әлеуметтік маңы­зын айрықша атады. Өндірістік 8 цехтан тұратын «GLB» үй құрылысы комбинаты ірі панельді және каркас-жинақтау құрылысы үшін темір-бетон бұйымдарының барлық түрін шығарады. Жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске асырылды. Жалпы аумағы 15 гектарды қам­титын кәсіпорын Германия мен Австрияда шығарылған зама­науи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Комбинаттың жетілдірілген технологиялық үдерісі жылына құрылыс нысандарының 250 мың шаршы метрге дейінгі ау­мақ өнімділігін қамтамасыз етеді. Өнімді іске асыру көлемі жөнінен жылына 130 000 текше метр темір-бетон бұйымдары өндіріледі. Елбасы, сондай-ақ, «Тұлпар-Тальго» ЖШС-тің жолаушы­лар вагонын шыға­ратын зауыт­та да болды. Онда зауыт­тың индустриялық паркі жұмы­сы­мен танысты. Прези­дентке теміржол машиналарын жасау саласының өсім қарқыны мен жүрдек қозғалысты дамыту бағдарламасы туралы баяндалды. Кәсіпорынның өндірістік орын­­жайларының жалпы аумағы – 31 мың шаршы метр, өндірістік қуаты – жылына 150 вагон. Еу­ропалық сапа стандарттарына сай озық технологиялар мен мате­риалдарды қолдану пойыздың са­ғатына 200 шақырымға дейін­гі жылдамдықпен жүруін қамта­масыз етеді. Вагондардың пайда­ланылу мерзімі – 40 жыл. 2012-2015 жылдар аралығында «Жо­лаушылар тасымалы» АҚ үшін 436 вагон жасалып, жеткізілген. Өткен жылы шанағының ені кеңейтілген вагондар өндірісі қолға алыныпты. 2020 жылға дейін осындай сериялы 603 вагон шығару жоспарланған. Осы рет­те Мемлекет басшысы елдің кө­лік жүйесінің тиімділігін арттыру үшін өндірісті одан әрі ұл­ғайту қажеттігін айтты. «Құрылысы жөнінде Испа­ния Королі Хуан Карлоспен көп жыл бұрын мен келіскен Тальго вагон­дарын шығару зауытының өнімдері елімізде кеңінен пайдаланыла бастады. Біз теміржол саласы үшін электровоздар мен тепловоздар ғана емес, заманауи жүк және жолаушылар вагондарын да жасаймыз. Қазір олар түрлі бағыттарда жолаушы таситын жүрдек пойыздарда пайдаланылады. Жалпы, Астананың индустриялық паркі қарқынды дамып келеді. Біз осы технологиялық паркке инвестиция тартып, жобаларды табысты жүзеге асыру үшін жағдай жасап жатырмыз. Соның арқасында қала экономикасы дамып, жыл сайын бюджет түсімдері ұлғайып келеді», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан әрі Мемлекет басшысы Олимпиадалық су спорты орталығына барды. Қазақстан Пре­зиденті елорданың көп­функ­­циялы мұз сарайында орна­ласқан жаңа орталық ғима­ратын аралап, жұмысымен танысты. Іс-шара аясында су спорты өкілдері келушілер назарына трамплиннен суға секіру, мәнерлеп жүзу және су полосы ойынын ұсынды. Әлемдік сапа стандарттарына сәйкес салынып-жабдықталған спорт ғимараты халықаралық ауқымды жарыстар өткізуге ар­налған және толыққанды оқу-жаттығу үдерісіне жағдай жасал­ған­дығымен ерекшеленеді. Таяуда Олимпиадалық орталықта Қазақстан Республикасының суға секіру, мәнерлеп жүзу, су по­лосы және жүзу бойынша ұлт­тық құрама командалары дайын­дық өткізеді деп жоспарлануда. Елбасы, сонымен қатар, «Forte Bank» акционерлік қоғамы ғи­маратына да барды. Мемлекет басшысы банктің жаңа кеңселік орынжайларын көрді, сондай-ақ, қаржы ұйымын одан әрі дамыту жөніндегі жос­пармен танысты. «Forte Bank» АҚ құрылыс учаскесінің жалпы аумағы – 2 гектар. Бас ғи­ма­раттың инфрақұрылымына арт-галерея, VIP-бөлімше, WorkCafe, фитнес орталығы, аудитория және террасса кіреді. Филиал ғимаратында жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету аймағы, сондай-ақ, банк қызметкерлеріне арналған кеңселер орналасқан. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» 30-06-03 30-06-05 Форте банк_30.06.2016