01 Шілде, 2016

Тәуелсіздік - текті сөз

962 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

SHA_101425 жылдың 25 сәті

Осыдан ширек ғасыр бұрын Тәуелсіздіктің елең-алаң сәтінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда», деген еді. Арада 25 жыл өткен уақыт бедерінен қарағанда, бұл пікірдің бәсі төмендемейді. «Еңселі ел бола алдық па?» деген мәңгілік сауалға жауап іздеу арқылы біз әрдайым биіктерге ұмтыламыз. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы ең бір жарқын кезеңдері мен айшықты мезеттерін ашып көрсетуге арналған «25 жылдың 25 сәті» атты бірлескен жобаны жүзеге асыруды қолға алды. Оның аясында жарық көретін мақалаларда еге­мендікке қол жеткізген осы ширек ғасырлық мер­зім ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шы­лығымен еліміздің асқан асулары мен жеткен жетіс­тік­тері, әлемдік деңгейде атқарған айтулы шаралары мен республиканың кемел келешегін қамтамасыз етуге ба­ғытталған шаруалары – ел өміріндегі, халық тағдырын­дағы маңызды сәттері мүмкіндігінше ашылып, талдап көрсетіледі. Әлбетте, бүгінде жаһан жұрты жақсы танып үлгерген, халықаралық қоғамдастық арасында зор беделге ие, алдына әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуді мақсат етіп қойған Қазақстанның 25 жылдық тарихында біздің бәріміз қуана еске алатын, сүйіне сөз ететін жарқын беттер, шырайлы сәттер, маңыз­ды мезеттер бұдан әлдеқайда көп. Алайда, жоба­ның мезіретті межесі осының барлығын ғасырға бергісіз 25 жылдың бел-белестеріндегі 25 толайым сәт­тің қауызына сыйдыра баяндап беру болғандықтан, олар­дың әрқайсысына түгел тоқталудың орайы келмеді.  Ал таңдаулылардың топтамасынан табылған осынау 25 мезеттің бедерінде еліміз үшін Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан шақты әңгімелейтін көсемсөзден бастап, Президенттің алғаш рет БҰҰ-ның мінберінен сөз сөйлеген кезін, еліміздің құрыш қалқаны – дербес Қарулы Күштерінің құрылған мезгілін, Қазақ елінің тұңғыш Елтаңбасы мен Әнұраны қабылданған күндерді, атажұртқа оралған қандастарды қарсы алудың қуанышты қайырын, тәуелсіз мемлекеттің төл ақшасы – теңгенің айналымға қосылған кезеңін, ел байтағының Алматыдан Астанаға көшірілген бетбұрысты беттерін, шекаралық шептерімізді шегендеп шығуды шегіне жеткізіп бітірген бекем істерін суреттеп беретін мақалалар жарияланатын болады. Бұлардың сыртында Астананың халықаралық тұсау­кесері, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, Азат елдің Ата Заңының қабылдануы, Астана саммиті, Қазақстанның тұңғыш жер серігінің ұшырылуы, индустриялық революция сияқты еліміздің әлеумет­тік-экономикалық, мәдени дамуына үлкен үлес қос­қан тарихи оқиғалар жайында сыр шертетін дүниелер бар. Біз бүгін сол бірлескен жобаның бірінші беташар жарияланымы – Еркін Қыдырдың «Тәуелсіздік – текті сөз» атты толғау-мақаласын газетіміздің 3-бетінен  оқи аласыздар.

Тәуелсіздік - текті сөз

логотип к 25 летию ДНК-11991 жылғы 16 желтоқсан! Қазақ елі тари­хын­дағы ақжарылқап сәттің туғанын күллі әлемге айғақ еткен ең ұлы күн. Бұл – сонау сақ, ғұн, түркі, қыпшақ замандарынан бері уақыт көшімен бірге жарысып келе жатқан, сол ұзаққа созылған ұлан жолдардың табанында мың өліп, мың тірілген хал­қы­мыздың шежіресінде алтын әріптермен айшық­талып жазылатын аяулы да ардақты күн. Бұл күні біз өзімізге сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшы­­мен кеңдігінен ұшқан құстың қанаты талып, жүгір­ген аңның тұяғы тозатын осынау ұлан-байтақ даланы аманат етіп, еншімізге қалдырып кеткен ата-баба­лары­мыздың сан ғасырлар бойы аңсаумен өткен асқақ арманына қол жеткізіп, қазіргі заманғы тәуел­сіз мемлекеттік құрылым құруға қарай батыл қадам бастадық. Бабалар арманын бұдан үш ғасыр бұрын өмір сүрген әйгілі Ақтамберді жырау: Кеуде бір жерді жол қылсам, Шөлең бір жерді көл қылсам, Құрап жанды көп жиып, Өз алдына ел қылсам! – деп төгіп өткен жыр жолдарымен де анық аңғартып еді. Сол арманға, сол мақсатқа екі ғасырдың тоғысар тұсында бақ қонып, қыдыр дарыған біздің ұрпақ жетті. Үміт, төзім, сабыр, жігер жетегіне ерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен, басшылығымен жетті. Ғасырлар бойы тәтті қиял, тәтті сөз болып қана келген тәуелсіздік енді текті сөзге, күнделікті қолданыстағы қасиетті ұғымға айналды. Тәуелсіз ел, азат ұрпақ, Тәуелсіздік сарайы, Тәуелсіздік алаңы, Тәуелсіздік даңғылы, Тәуелсіздік феномені санаға сәуле түсіріп жатты. Бұл тәуелсіздік бізге бастапқыда тағдырдың төтеннен жасаған тосын сыйындай, көптен бері бір аңсап күткен бәсірелі бұйымдай, кенеттен әнтек соғып өткен жанға жайлы құйындай, түнек түннің арайлап атқан таңындай, аптап ыстықта себелеп өткен жауындай, бір белестің белінен қол бұлғаған сағымдай болып керемет әсер етіп, өзімізді нұрға бөледі. Жүректі толқытып, жанды тебіренткен сол бір мәртебелі мезеттерде ойда-жоқта асып-тасқан абыржулы көңілден, ақеділ күйде ақтарылған аласапыран пейілден көкіректі шадыман шаттық пен шерлі шемен кезек кернеді, тамаққа өксік тығылып, көзге мөлтілдеп жас тұнды... Міне, содан бері де табаны күректей 25 жыл уақыт өте шығыпты. Ширек ғасыр! Бұл, әлбетте, дәуір дүрмегінің деңгейінен қарағанда, тым көп те мерзім емес. Бірақ менің тәуелсіз елім, егемен жерім осы жылдарда ғасырға бергісіз жолдардың жондарымен жүріп өтті. Оның ғасырға бергісіз болатыны, біз осы жылдары бұрынғы жүз жылдықтар аумағына әсте сыя бермейтін орасан зор істерге құлаш ұрып, толағай табыстарға тұяқ іліктірдік. Жас мемлекетіміз қысқа уақыттың ішінде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда көптеген келелі, белесті кезеңдерден өтті. Қазақстанның әлем қауым­дастығын құрайтын БҰҰ-ға мүше 193 елдің қатарына енуі өз алдына, ол жер-жаһанның жұрт санасып, ел ақылдасатын белді де беделді мемлекеттерінің бірі­не айналды. Ғалам ғақлиясында өзіндік орны мен даусы бар биік беделге ие болды. Екі құрлық тоғы­сындағы ел Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынты­мақ­тас­тық ұйымына төрағалық етіп, Астана саммитін өткіз­ді, Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды, Қазақстан БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне сайланды, ширек ғасыр бұрын бұл біздің түсімізге де енбейтін жұлдызды оқиғалар ғой. Бүгінде Қазақстан тек өзі орналасқан аймақ қана емес, сонымен қатар, планета проблемалары төңірегінде пікір айтып, ой бөлі­сетін дәрежеге жетті. Соның нәтижесінде дүние жүзінің дәргейі мықты, дамуы жоғары ең үздік 50 елі қатарына қосылуды асыл мұрат етіп алдына қоя алатындай мүмкіндік жасалды. Елбасының көрегендігі, көпшілдігі, бітімгершілігі, тегеурінділігі арқасында ұзындығы 14 мың шақырымнан астам атырапты жалғайтын шекарамыздың өн бойын шегендеп, алып көршілерімізбен келісімге келіп, іргесін бекітіп алдық. Төл валютамыз – теңге төрімізге озып, айналымға енді. Жаңа Ата Заңымыз қабылданып, онда қасиетті Қазақ жерінің мемлекет пен халықтың еншісі екені нақты атап көрсетілді. Дегенмен, Президент Нұрсұлтан Назарбаев орынды атап көрсеткендей, «Тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес» еді. «Ол – өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақ алдындағы зор жауапкершілік». Себебі, «тарихсыз болашақ жоқ. Ұлы далада күллі Еуразия құрлығын уысында ұстаған алып мемлекеттер болған. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген». «Бүгінгі Қазақстан – сол бабалардың заңды мұрагері, – деп жалғастырады Мемлекет басшысы осы ойды бұдан әрі. – Адамзат тарихында қазіргі қалыптағы мемлекет үлгісі тек соңғы бірнеше ғасырда ғана пайда болды. Бұл кез халқымыздың бостандықтан айырылып, бодандыққа түскен мезетіне тап келді. Көк түріктер мен Алтын Орданың айбарын айтпағанда, Қазақ хандығы – біздің елдігіміздің түп-тамыры. Тәуелсіз Қазақстан халқымыздың азаттық жолындағы сан ғасырлық арманын ақиқатқа айналдырды. Біздің буын жаңа тарихқа Қазақстан Республикасы деген атпен аяқ басып, жас мемлекетті әлемнің төріне оздырды». Осылайша қазақ халқы әлемдегі 4 мыңға жуық ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзінің мемлекеттік құры­лымы бар екі жүзге жуық нәсілдің ортасынан ойып тұрып орын алды. Ал Жер шарында мөлшері мил­лион­дап саналғанымен, дербес мемлекет құру мүм­кін­дігіне жете алмай келе жатқан халықтар қаншама! Тәуелсіздік бізге 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» Заңына қол қоюы арқылы келді. Заңда Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демо­кра­тия­­лық, құқықтық мемлекет екені жарияланды. Республиканың өз территориясы аумағында өкімет билігін толық иемденуге, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге құзырлы екені атап көрсетілді. Мемлекет тәуелсіздігінің экономикалық негіздері ретінде жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеті атап өтілді. Осында республиканың халық­аралық хұқтың субъектісі болып табылатыны, оның басқа елдермен дипломатиялық және консулдық өкілдіктер алмасатыны, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне кіруіне және олардың қызметіне қатысуына болатыны көрсетілді. 05 (345)Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін небәрі 18 минут өткенде Түрік Республикасы бірін­ші болып үн қатып, оның тәуелсіздігін таныды. «Қазақ­стан Тәуелсіздігін тану үшін ертеңгі күннің таңы атуын күтіп отыра алмадық», деді біздің дербес дәулет атанғанымыз үшін қуаныштан жүрегі жарылардай күй кешкен Түркия президенті Тұрғыт Өзал. Осы бауырмалдығы мен адалдығына сай Нұрсұлтан Назарбаев оны айрықша құрмет тұтты, жанашыр досқа санады. Соның артынша жаһанның АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания секілді тағы бірқатар ірі державалары біздің егемен елді мойындайтындарын білдіріп үлгерді. Ал өзімізбен бірге жаңа мемлекеттер шеруін түзуге қатысқан бұрынғы одақтас республикалар арасында қайырылып қайта қарап, қайырлы қадам тілемегендері тіпті жоқ. Сол тұста әлі шекара шебі де толық белгілене қоймаған, ертеңгі күнінің ережесі қалай қалыптасып, құралатыны беймәлім Қазақстанға алғашқы екі аптаның бедерінде әлемнің 18 елі достық қолын ұсынып үлгерді. Ал бір жыл мұғдарында Қазақстан Тәуелсіздігін таныған мемлекеттер қатары 108-ге жетті. Тәуелсіз елдер тағдырына жалғанған 3 айдың белесінде Қазақстан БҰҰ-ға мүшелікке қабылданды. Осындай ертеңгі күнге деген мол үмітке желкен көтерген, қуаныштан туған шабыттың шаттығына шомылған Қазақстан қаз тұрып, қадам басқан шағынан көп ұзамай шетелдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Ал Алматыға сырт елдердің елшілік миссиялары, халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдері келіп жұмыс істей бастады. Осылайша Жер шарының картасына Тәуелсіз Қазақстан Республикасы атты мемлекеттік құрылымның контуры қосылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев кейін атап көрсеткендей, «елдігіміздің тұмары, ерлігіміздің шынары болған» Тәуелсіздік «көк байрағын шалқытып, әлем тарихына мөрін басқан» Қазақстан сынды болашағы кемел, мақсат-мүддесі одан да кенен еңселі елді сахнаға шығарды. Қазір сол күндердің дүбірлі дүрмегі санада қалған сартап суреттей болып, көз алдыңнан көлбеңдеп, бірінен кейін бірі көшеді. Бәрі күні бүгінгідей жадымызда, соның алдында ғана, 1991 жылғы 1 желтоқсан күні Қазақстанда тұңғыш рет бүкілхалықтық Президент сайлауы өтіп, оның қорытындысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 98,78 пайыздық көрсеткішпен осы жоғары лауазымға сайланған еді. Ал 10 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында Жоғарғы Кеңестің мәжілісі шақырылып, онда Президентті ұлықтаудың салтанатты рәсімі болды. Арада тура алты күн өткенде, 16 желтоқсан күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң да өмірге келді. Бірақ қазір көп жұрттың ойлап жүргеніндей, еліміздің келешектегі тағдырын белгілеп алу жолында орасан зор орны бар бұл құнды құжатты қабылдау оңайға түскен жоқ. Оған қатысты талас-тартыс Жоғарғы Кеңестің 14 желтоқсандағы сессиясының күн тәртібінен туындады. Басында бәрі депутаттардың басым көпшілігі үміт еткендей, ың-шыңсыз өтетіндей көрінген. Бүйректен сирақ шығаратын себеп жоқ сияқты еді. Өйткені, бұл кезге дейін одақтас республикалардың бәрі тәуелсіздіктерін жариялап, Кремльден іргелерін аулақтатып әкетіп қойған. Сондықтан жалғыз қалған Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауы тек келесін күтіп тұрған кезең-тін. Сөйтсек... «Сөйтсек, көп екен көргеніңнен көрмегенің дегендей, дау-дамайдың көкесі алда тұр екен, – деп жазады сол кездері Жоғарғы Кеңес депутаты болған қоғам қайраткері, танымал жазушы Шерхан Мұртаза сессияның жүру барысы турасында. – Ә дегеннен осы заң керек пе өзі? – деп депутат Чернышев шықты. – Бұрынғыдай империя жоқ, сонда Қазақстан кімнен тәуелсіз болғысы келеді? Бұл әңгімені қозғамай-ақ қояйық. Мұны бүкіл халық шешсін, референдумға қояйық, деді депутат Козлов. Депутат Водолазов «асықпайық» деді. Депутат Жаворонкова: «Мемлекеттік тіл үшеу болсын – қазақ, орыс, ағылшын тілдері» деді. Депутат Сухов: «Қайда шапқылап барамыз?» деді. Деді, деді, деді...». Мәжіліс желтоқсанның 16-сы күні қайта жалғасты. Бұл жолы пікірталас бұрынғыдан да өрши түсті. Кертартпа даукестердің қыза-қыза қатты кетіп қалғандары соншалық, енді әрі-беріден соң Қазақстанда мемлекеттік құрылым емес, азаматтық қоғам құрылсын дегенге дейін барды. АҚШ-та осындай деген себеп айтылды. Мемлекеттің ұлттық сипатының болмауын ұсынды. Бұлай дегендердің бәрі де осыдан бір жыл ғана бұрын, 1990 жылдың 25 қазанында өздері қабылдаған «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» табан астында тарс ұмытып, естерінен әдейі шығарып жіберген болып шықты. Осындай жайларға қарап-ақ біздің респуб­лика­мыздағы саяси күштердің сол кездегі ара салмағын, депутаттық корпустың негізін кімдер құрап отырғанын білуге болар еді. Таразының екі басын ұстаған депутаттардың пікір қайшылықтары шегіне жеткенде заң жобасын пысықтау үшін редакциялық комиссия құрылды. Ол бірден енгізілген ұсыныстар мен ескертулерді зерттеуге кірісіп кетті. Соңынан халық қалаулылары құжаттың пысықталған жобасына баптар бойынша дауыс берді. Осылайша Заң тұтастай қабылданды. Сөйтіп, Жоғарғы Кеңес салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Халық депутаттары мен Президент Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы маңызды заңның қабылдануын орындарынан тік тұрып, ұзақ қол шапалақтап қарсы алды. Тағы бір күннен кейін, 17 желтоқсанда Алматы­дағы Орталық алаңда Қазақстанда мемлекет тәуел­сіздігінің жариялануына және Желтоқсан оқиғасының 5 жыл­дығына арналған митинг болып өтті. «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Сол күнге де жеттік. Қуанышымыз ұзағы­нан болсын, ағайын!.. Тәуелсіздіктің біздің бәрі­мізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәу­леті­міздің тасуы да өз қолымызда», – деді Мемлекет басшы­сы осы жиында. Кең-байтақ жеріміздің көл-көсір бай­лығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосуымен осында тұрып жатқан басқа нәсіл өкілдеріне де молынан жететінін, ендігі керегі тек екі жақтың тату-тәтті, келісті келісім жолымен бірлесе тіршілік етулері екенін ұғынықты етіп баян­дап берді. Ұғынықты етіп дегеннен шығады, Парла­мент­тегі жағдайды жоғарыда айттық, осы тұста қазақ ұлтшылдарының қоғамдық қозғалыстары да отқа май құйғандай әсер туғызатын ұшпалау ұрандар тастауды үрдіске айналдырған еді. «Не істесек те, ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бер­мейік дегім келеді... Тарих көші ұзақ. Асықсақ та, аптық­пайық. Қазақстанның көп­ұлтты халқының жұл­дызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәу­летті өмір орнайтынына кәміл сенемін», – деді тұң­ғыш басшымыз бұдан әрі. Назарбаевтың осы бір қысқа ғана сөзінде сол кездегі жағдайдың шынайы суреті көрініс береді. Осы күндері тәуелсіздікті одақтас республикалар арасында біздің кештеу алғанымыз туралы да пікірлер айтылып қалып жатады. Біз мұны сол кездегі ахуалды жіті бақылап тани алмағандықтан туған асығыс айыптау деп санаймыз. Ал жағдай дәл біз үшін шынында да ауырлау еді. Осы жерде Елбасының: «Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын», дейтіні бар. Бұл тұжырымның мәні жоғары. Себебі, алып Одақтың бір сәтте күйрей құлап, ыдырап кетуі бүкіл тіршілігі шикізат дайындап, тауар өндіруші емес, тұтынушының қызметін атқаруға құрылып келген Қазақстанның бұрынғы серіктестерінің бәрінен байланысы үзілгеннен кейін қайта қалыпқа келуі өте қиынға соғатын еді. Республикадағы барша өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының 95 пайызы Мәскеуден басқарылатын. Горбачевтің қайта құруынан кейін бөз азайып, сөз көбейген заман еді. Дүкендердің сөрелері босап қалған, ұзын-сонар кезекке тұрғандар ызалы әрі ашулы еді. Инфляция құрық салдырмай тұрды. Азық-түлік тауарларының бағасы 1 жылдың ішінде 9 есе қымбаттаған. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев бұл орайда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», дағдарысты сәттерден аса көп шығынсыз шығып кетуді бірінші кезекке қойды. Бұл үшін кешегі Одақтың нақты мұрагері болып қалған Ресеймен байланысты бірден кілт үзіп алмау керек болды. Осы кезде-ақ тұралап қалған зауыттар мен фабрикалар, жалақысыз қалған жұмысшылардың ереуілдері мен шерулеткен көпшілік, сепаратистік пиғылдағы топтар мен ұлтаралық араздықты қоздыруға дайын тұрған арандатушылар безбеннің бір басын қаттырақ басып жіберудің лап ете түсетін өртпен тең екенін пайымдатып қоятын. Президенттің осы күндерде ТМД секілді құрылымның құрылуына айрықша мүдделілік танытуында да осындай сыр бар еді. Өйткені, кеңес кезеңінде 70 жылдай уақыт бойы дағдылы жолға түскен жоспарлы экономиканы бірден, бір-ақ күнде күйретіп тастап, оның орнына бұрын бұл жақта мүлдем қолданылмаған нарықтық экономиканы қондыра салу мүмкін емес-тін. Сол себепті де Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «алдымен – экономика, сосын – саясат» дейтін әйгілі қағидатын осы кезеңнен қолға алды. Сол арқылы жаңа қоғамдық формацияға көшу үдерісінің барынша жеңіл жолмен өтуіне күш салды. Егер халық аш-жалаңаш болса, жұмыс таппай, көше кезіп жүрер болса, елдің ішін ұры мен қары билеп кететін болса, сенің қаныңмен суарып тұрып жеңіп алған тәуелсіздігіңде бақыр құрлы баға болмай қалады. Ондай «тәуелсіздіктен» ертең жұрттың өзі қашқан болар еді. Ал жағдай  расында қиын болатын. Тәуелсіздіктің жолы салғаннан бірден тақтайдай тегіс, егістей көгіс бола қойған жоқ. Егемендігіміздің алғашқы елең-алаң жылдарында оның іргесіне қауіп төнген, қатер туған сәттер аз кездеспеді. Уыздай ұйып отырған елдің ішін ала тайдай бүлдіріп кете жаздаған оқыс оқиғалардың талайын тайғақ жолдан тайдыру үшін таңдар атты, күндер батты. Үй ішінен үй тігіп, оның іргесінен мұржа шығарғысы келген қаншама әрекеттердің жолына тосқауыл қойылды. Мұндай алтыбақан алауыздықты шақыратындай себептер де жоқ емес-тін ол кезде. Егемендікке енді қол жеткізген сол емен-жарқын кезімізде өз еліміздегі қазағымыздың саны 40 пайыздан аспайтын. Сондықтан Елбасының 2014 жылғы тамызда Ұлытауда берген сұхбатында: «Тәуелсіздік жариялаған кезде Қазақстандағы қазақтың саны 40 пайыз болатын. Басқалар: «Сендер азсыңдар мына мемлекетте, қайдағы тәуелсіздік сендерге?» деп айтпайтын ба еді? Дегенмен, елге соның бәрін түсіндіріп, күресе жүріп, тәуелсіздік жарияладық. Қазір қазақтардың саны 65 пайызға жетті. Қазақстан халқының саны сол кездегіден азайып, біразы көшіп кетті ғой... Осы тұста халық 13-14 миллионға жуық болған еді. Қазір 4 миллиондай халық қосылып, 17 миллионнан астық. Тіпті Кеңес Одағы кезіндегіден де көбейіп келеміз. Құдайға шүкір, жыл сайын халқымыз саны артып жатыр. Оның ішінде қазақтың саны көбеюде», – деген анықтама беріп өтуінің ерекше мәні болды. Енді статистикалық деректерге жүгінсек, 2016 жылғы 1 мамырда республикада барлығы 17 753 200 адамның тұратыны есепке алынып, солардың ішіндегі қазақтардың саны 11 748 179 екені анықталып, оның мөлшері 66,48 пайызды құрайтыны белгілі болып отыр. Мұның бәрі тек тәуелсіздік қана емес, сол тәуелсіздікті мүлтіксіз қорғай білудің арқасында орындалды. Ел ішіндегі ұлттар арасында қалыптасқан татулық пен келісімнің мамыражай тіршілікке бастауының нәтижесінде қол жетті. Осының бәрінде  тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан халқы өзі мен елінің тағдырын сеніп тапсырған дара басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алысты болжай білетін көреген саясатының айшықты таңбасы жатыр. Осы жылдардың бәрінде кәміл пірі жар болған көреген басшымыз елімізде тұратын басқа барша халықтардың теңдігі мен бірлігіне лайықты кепіл бола білді. Бұған Елбасының бастамасымен 1995 жылдың 1 наурызында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қосқан үлесі де аз емес. Президент өзінің халық аманатымен сайлап алған орынтағына отырған ең алғашқы күндерінен оның егемендігінің ертеңіне қолайлы негіз қалау үшін халықаралық қауымдастықтың көрнекті өкілдерімен кездесіп, жақын да жақсы қарым-қатынас орнатуға көп күш жұмсады. Сондай пайдалы кездесулердің бірі Тәуелсіздік жариялаған күннің ертеңіне, 17 желтоқсанның кешінде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкермен өтті. Екі сағаттан астам уақытқа созылған сұхбаттасу барысында дербес мемлекет статусына енді ғана жетіп жатқан Қазақстанның болашақтағы бағыты қандай болмағы талқыланды. Бұл әңгімелер арнасы Белоруссия жеріндегі Беловежье орманында үш славян респуб­ликасы басшыларының қатысуымен жасалған үшжақты келісімнен тартылды. Алайда, мұндағы ең  маңызды әңгіме бұл да емес, Қазақстандағы ядролық қарудың ендігі жайы не болатыны туралы өрбіді. Пікір алмасуда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бұл жаппай қырып-жою қаруынан өзінің қауіпсіз болуына кепілдік берілген жағдайда ғана бас тарта алатынын айтты. Ал Джеймс Бейкер «Мәмілегерлік саясаты» деген кітабында Қазақстан Президентімен сол кездесуі туралы өте жақсы ой айтты. Ол ондағы бір мақаласында: «Мен таңғы үште ғана өз бөлмеме оралдым. Сонда Назарбаевпен болған әлгі үш сағаттық жолығысуымның бұған дейін өткізген кездесулерімнің ішіндегі ең жақсысы болғанын іштей сезіндім. Ол ешбір асыра бағалаусыз-ақ айта қаларлықтай әсер қалдыратын айтулы лидер екен... Назарбаев керек нәрсені дәл көре алады, түсінікті нәрсені жүзеге асатындай жүйелі жолға қоя алады», – деген түйірі мол түйін түйеді. Кездесуде Джеймс Бейкер АҚШ басшысы Джордж Буштың Қазақстан Президентін Құрама Штаттарға ресми сапармен келіп қайтуға шақыруын жеткізді. Мұның аяғы біздің еліміздің ядролық державалардың қауіпсіздікке кепіл болу уәдесіне қол жеткізу арқылы әлемдегі төртінші арсеналдан бас тартуына алып барды. алматы-1Дүниені дүр сілкіндірген осы күндерде еліміздің болашағына қатысты бірнеше шешуші қадамдар жасалып, құнды құжаттар қабылданды. Соның бірі – «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» құжат 20 желтоқсанда өмірге келді. Сол күні  «Қазақстан Республикасының Кеден комиссиясын қалыптастыру туралы», «Қазақстан Республикасындағы 1992 жылғы шаруашылық байланыстарды ұйымдастыру туралы», «Қазақстан Республикасындағы халықты әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы» жарлықтар шықты. Ал 21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған 11 тәуелсіз мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды. Сөйтіп, 8 желтоқсанда Минск түбінде басқосулары кезінде Беларусь, Ресей және Украина елдері басшылары ұйғарған Достастықты құру туралы келісім іске асырылды. Қазақстанда нарықтық қарым-қатынастарды орнықтырудың алғашқы нақты қадамдары қолға алынды. Атап айтқанда, бағаларды ырықтандыруға байланысты шешім, тұрғын үйді жекешелендіруді тездету жөнінде қаулы қабылданды. Президент 1991 жыл парағы жабылар сәтте  Қазақстан халқына жаңажылдық сөзін арнады. «Қазір сіздерді баураған сезімнің бүкіл қарама-қайшылығын да, күрделілігін де мен жақсы түсінемін. Біз қиын да шиеленіскен оқиғаларға толы жылды бастан өткердік. Бұрын мұндай тауқымет ондаған жылдарға артып жетсе, қазір 12 айда халықтың үлесіне тиген ауыртпалықтың көптігі сондай, оны бір ортақ көрсеткішке келтіру, аз сөзбен бағасын беру, тіпті болашаққа болжам жасау оңай емес», – деп атап өтті онда Мемлекет басшысы. Бұл Тәуелсіздіктің талықсып атқан таңымен бірге, тосыннан туып, пайда болған қиындықтар мен кедергілердің көбейіп кеткенін көрсетті. Алайда, мұндай сын сағаттар кемел келешекке деген үміт отын өшіре алған жоқ еді. Осымен Тәуелсіздіктің талайлы тағдыры үшін талмас табан жол салып беріп, оның ақ таңының арайлап атуына куә болған 1991 жылдың желтоқсан айының теңдессіз күндері дүйім елді дүр сілкіндіріп өте шықты. Зымыран уақыттың керуен-көші «Тәуелсіздік» деген текті сөздің мәні мен мағынасын тереңнен қопарып, аша түсу үшін тағы бір жылдың табалдырығынан аттады. Иә, сәт!. Еркін ҚЫДЫР, «Егемен Қазақстан»