01 Шілде, 2016

Субсидия түпкі нәтижеге төленгені тиімді

670 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
субцидияТәжірибелі мал маманы, кезінде Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Күзембай Ерғалиевпен өткізген біздің бұл сұхбатымыз мал шаруашылығының дамуын мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламаларының қазіргі жайы және оны жетілдіру жолдары туралы өрбіді. – Күзембай Ерғалиұлы, Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі Агро­өнер­кәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін реформалауды, оның ішінде 2017 жылдан бастап «гектарлық» субсидия­ны және мал шаруашылығындағы «өнім­ге» берілетін субсидияны қайта қарап, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа субсидия түрлерін енгізуді жоспарлап отыр екен. Бұл не себептен деп ойлайсыз? Күткен нәтижеге қол жеткізе алмадық па, жоқ әлде жаңа министр жаңа саясат енгізуді көздегені ме? К.Ергалиев-10– Мен мұның екеуі де бар деп ойлаймын. Біріншіден, жаңа министр ауыл шаруашылығы саласының кәсіби маманы, екіншіден, министрлік жұмысы мен оның саясатын жүргізу ол үшін жаңалық емес, үшіншіден, ол ысылған, саяси да, өндірістің қай саласы тұрғысынан да өте тәжірибелі басшы. Басқасын айтпағанда, Асқар Исабекұлы еліміздегі халқы көп, экономикасы көпсалалы, ауыл шаруашылығы саласы дамыған және күрделі Оңтүстік Қазақстанды ұзақ уақыт басқарды. Жаңа өзіңіз айтып отырған, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың ол өңірде қалай жұмыс жасап, қандай нәтиже беріп отырғанын «көзімен көріп, қолымен ұстап» келді. Сондықтан, мен бұған еш таңданбаймын және субсидиялау жүйесіне енгізілетін жаңалықтар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шын мәніндегі қолжетімді, күткен нәтижені беретін, игілігін халық сезінетін қолдау болады деген сенімдемін. Сұрағыңызға орай айтарым, субсидиялар күткен нәтижемізді берген жоқ деп біржақты қорытынды жасамаймын, бірақ, бергенімізге ал­ғанымыз сай деп айта алмаймын. Ал, «гектарға» және «өнімге» берілетін субсидияларды қайта қарауы мүмкін дегенге айтарым – мен негізінен кәсіби мал маманымын. Сондықтан, маған мал шаруашылығының мәселелері жү­регіме жақынырақ тұрады, көбірек толғандырады. Бірақ, агроөнеркәсіп саласында ұзақ уақыт басшылықта болғаннан кейін, егіншілік мәселелеріне де тереңірек үңіліп, шешімін табуына жұмыстануыма тура келді. Менің пікірім әріптестеріме ұнамауы да мүмкін, бірақ мен «гектарлық» субсидия төлеуді жақтамаймын. Біз көктемгі егіс науқанын ұйымдастыруға жоспарланған тұқым себу ауданына қарай қаржылай көмек көрсетеміз. Ол ақшалай ма, заттай ма, әйтеуір бюджет қаржысынан көмектесеміз. Жоспарлы аудан себіледі, қаржы игеріледі. Комиссия жұмыс көлемін растап, қабылдайды. Сосын түрлі себеп-сылтаулар табылып, әлгі себілген аудан белгілі бір мөлшерге азая­ды. Бірақ, кеткен ақшаны сұрап жат­қан ешкім жоқ, комиссия актісі болса болды. Хош делік. Егін жиналды, мынадай өнім алдық делік, сол өніміңді қайда саттың, қанша ақша саудың деп жатқан да ешкім жоқ сияқты. Сонымен іс бітті, қу кетті. – Сіз саланың маманы ретінде қан­дай нақты ұсыныстар айтар едіңіз? – Мен «гектарлық» субсидия дегенді әлдеқашан тоқтатар едім. Сосын, қуаң­шылық бола ма, шегіртке бола ма, жаздың күні қар мен бұршақ жауа ма, келген зиянға өтемақы алғың келсе, жұмысыңды «сақтандыр» дер едім және жыл басында осы жыл үшін жоспарлаған егістік ауданына технологиялық кар­таңды жаса, қанша өнім алатыныңды көрсет дер едім. Мен субсидияны тек түпкі нәтижеге төлеу қажет деп есеп­теймін. Сондықтан, жоспарлы өнім жиналатынына сенім болса, сол өнімге норматив бойынша есептелетін субсидия көлемін айқындап, қажет болса көктемгі жұмыстарын жүргізуге «аванс» беріп, жыл аяғында нақты алған өніміне тиесілі болған субсидияның айырмасын ғана төлер едім. – Облысымыздың ауыл ша­­руа­­­шылығының негізі мал ша­руашылығы екені бәрімізге белгілі. Осы мал ша­руашылығының, өнім өн­дірісінің дамуына қандай бағ­дарламалар ар­қылы қаржылай қолдау көрсетіледі? Сіздіңше, осы бағыттағы тиімді және олқы тұстар қайсы? – Еліміздің мал шаруашылығының дамуын мемлекеттік қолдау – субсидиялау жүйесі негізінен тікелей үш бағыт бойынша іске асырылып отыр. Олар – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру, сондай-ақ, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу. Субсидиялау Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі бекіткен қағидамен қо­йылған мөлшерлерге сәйкес келіп, талаптарды қанағаттандырған жағдайда ғана беріледі. Жекелеп тоқталсақ, мысалы асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуын мемлекеттік қолдау мәселесін талдау үшін, бірінші кезекте асыл тұқымдық мәртебе беру мәселесіне тоқталған дұрыс болады. Себебі, шаруашылық субъектісі мемлекеттік қолдау алу үшін бірінші кезекте асыл тұқымдық мәртебе алуы керек, нақтырақ айтсақ, қазіргіше «асыл тұқымды өнімі» болуы шарт. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 11 желтоқсанындағы №3-3/1084 «Асыл тұқымдық өнім (материал) мәртебесін беру (тоқтата тұру, күшін жою) қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген қағида бойынша (бұрынғы қағидада да) асыл тұқымдық өнім мәртебесін беру – асыл тұқымды өнім мәртебесін алу мейлінше оңайлатылған. Әрине, бұл шаруашылық субъектілері үшін өте қолайлы және тиімді. Бірақ, осы тиімділік оң нәтиже берді ме? Қағида талабынан түйгенім, «қағаз» дұрыс болса, бар да тіркеле бер. Ал өнім сапасы ше? Оны бағалау ше? Осының салдарынан, уақыт көрсеткендей, соңғы 2-3 жылда асыл тұқымдық мәртебе алушылар мен асыл тұқымды өнім үлесі күрт артты. Мұны осы салаға салған қыруар қаржының нәтижесі десек, қателескеніміз деп санаймын. Егер, осы қаржының нәтижесі деп бағамдайтын болсақ, онда осы асыл тұқымдық мәртебе алғандар мен үлесі күрт артқан асыл тұ­қымды өнімдер бізге қандай оң нәтиже берді, соны дәлелдейтін қолымызда нақты мәлімет бар ма? Жоқ. Олай болса, бұл негізінен, асыл тұқымдық мәртебе алуды оңайлату, субсидия қаржысының қолжетімділігі мен мәртебе алғандардың субсидия алуға деген құштарлығының артуынан деп бағаласақ нақтырақ болады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күн­гі «саны бар да, сапасы жоқ» «асыл тұ­қымдылар» сапалы өнім өсіру, сапалы өнім өндірісін арттыру, оны өзгелерге тарату арқылы мемлекеттік қаржылай қолдаудың нәтижесімен агроөнеркәсіп кешенінің экономикасын көтеру үшін емес, негізінен, субсидия қаржысын алу мақсатын ғана көздеп отырғаны ащы да болса шындық. Және, біз бұған толық мүмкіндік жасап отырмыз. Сонымен қатар, күні бүгінге асыл тұқымдық өнім өндірісіне, ел экономикасына қосатын түк үлесі жоқ, бірақ мил­лиондаған бюджет қаржысынан мемлекеттік қаржылай қолдау алып отырған асыл тұқымды өнімдер де бар. Қазір өнім өндірісін, оның сапасын ысырып қойып, тек алған субсидия қаржысымен күнкөріс жасап отырғандар да табылып қалады. Оған мысалды қажетінше келтіре беруге болады. Бірақ, түсінікті болу үшін, мысалға мал шаруашылығындағы асыл тұқымды қаракөл қой шаруашылықтарын алайық. Мен осы саланың кәсіби маманымын, сондықтан өзге салаға тиіспей отырмын. Кемшілігін айтсам, таяқтың бір ұшы өзіме де тиеді. Мүмкін, осы сұхбатты оқып, әріптестерім маған ренжір, бірақ мысалға алмасқа амалым жоқ. Жасыратыны жоқ, қазір осы қара­көл шаруашылықтарының бірде-бірі технологиялық талаптарды былай қой­ғанда, негізгі өнімі – қаракөл елтірісі өндірісімен айналыспайды, қарапайым тауарлық шаруашылықтар сияқты, тек қана қой етін өндірумен шұғылданады және олардың экономикасының тірегі де осы өнім десем артық айтқандық емес. Зерделеп көрсеңіздер, олардан асыл тұқымды мал сатып алушылар да жоқтың қасы. Себебі, қаракөлдің ет өнімділігі өзгелерден өте төмен. Сон­да, еліміздегі миллиондап субсидия қар­жысын алып отырған асыл тұқымды қаракөл шаруашылықтары кімге керек? Әрине, қаракөл қойының ұзақ жылдарғы селекциялық-асылдандыру жұмыстарының нәтижесімен қол жет­кізген алуан түрлі құнды түстері мен реңдерінің, бұйраларының асылтектілік қорын сақтап қалып, қажет болған кезде дамуын қайтадан жаңғыртуымыз керек. Бұл сөз жоқ шешімін табуы тиіс. Менің ойымша, әр өңірде шашырап жатқан, кең ауқымды селекциялық мал тұқымын асылдандыру жүргізуге малы да аз, керек десең штаттық құрамында қаракөлді білетін кәсіби маманы да жоқ осы асыл тұқымды мал шаруашылықтары субъектілерінің, оларға миллиондап субсидия қаржы­сын жұмсаудың қажеттілігі қанша? Демек, бұл мәселеге басқа қырынан келу керек. Неге осы миллиондардың есебінен мемлекет қамқорлығындағы 4-5 мамандандырылған қаракөл ша­руашылығы субъектісін ұстап, оны білікті мамандармен қамтып, тиісті селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуді жалғастырып, асылтектілік қорын сақтап қалмасқа? Менің есебімше, осыны іске асырсақ, қаржы да үнемделер еді, жұмыс та талап деңгейінде жүрер еді, нәтиже де болар еді. Жалпы айтатын болсақ, осы асыл тұ­қымдық мәртебе алған, немесе асыл тұқымды мал өсіріп отыр­ған субъек­тілерде сала маманы – зоотехник-селекционерлерді былай қойғанда, саладағы ғылыми-өн­дірістік субъектілермен келісімшартпен жұмыс жүргізіп отырса, онда сөзім жоқ. Ішінде бірде-бір мал маманы жоқтары да жетіп-артылады. Сонда олар сұрыптау мен жұптауды, малды кешенді бағалауды қалай жүргізіп, қандай сапалы асыл тұқымды өнім өндіріп отыр? Мәселені түйіндейтін болсақ, асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін беру және ол мемлекеттік қаржылай қолдау алу үшін мына мәселелерді шешіп алған дұрыс: Бұдан бұрынғы қолданыста болған қағида талабындағыдай, асыл тұқымдық мәртебені саланың кәсіби мамандарының қатысуымен құрылған комиссияның қорытындысы және ұсынысымен құ­зыретті мемлекеттік орган беруге тиіс. Мәртебе беруді породаның палатасына тапсыру үлкен қателік деп есептеймін. Себебі, ол палатаға қаржы қайдан тү­се­тінін, оның аймақтардағы салаларға қалай сапалық және өндірістік бақылау жүргізе алатынын, бүгінгі мәртебе алушы, ертеңгі мемлекеттік бюджет қаржысын пайдаланушы – субсидия алушы екенін естен шығармай, мәртебені қоғамдық ұйым емес, құзыретті мемлекеттік орган бергені дұрыс деп есеп­теймін. Мал шаруашылығында асыл тұқымды малды – «асыл тұқымды өнім» деп «жаңа­лық» енгізудің де еш қажеттілігі жоқ, ол «асыл тұқымды мал» деп аталуы және «асыл тұқымды мал» деп тек қана асыл тұқым­дық мәртебесі бар асыл тұқымды шаруашылықтарда танылған және олардан сатып алынған мал, осыны дәлелдейтін құжаттары болса ғана, танылуы тиіс. Онымен қоса асыл тұқымдық мәртебе алуға үміткерге қойылатын алғашқы талапты күшейту керек. Мысалы, мал басы, оның таза тұқымдылығы, жоғары сыныпты мал үлесі, өнім өндірісі мен сапасы, мамандармен, қажетті ғимараттармен, мал азығымен және ғылыми қамтылуы, асыл тұқымдық құжаттардың нақтылығы мен жүргізілуі, ветеринариялық жағ­дайы, т.с.с. Сонымен қатар, қазіргідей емес, қойылған талаптардың орындалысын қадағалайтын құзыретті мемлекеттік органның мерзімді қадағалау жүргізуге құқығы болуы тиіс. Себебі, ол мемлекет қаржысынан қайтарымсыз қолдау алып отыр ғой. Осы мәселелер шешімін тапса, асыл тұқымдық мәртебенің де мәртебесі артып, кез келгеннің мәртебе алуына жол берілмейді, мал сапасы, одан алынатын өнім көлемі мен сапасы артады. Сөйтіп, асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуына жұмсалған бюджет қаржысы күткен нәтижемізді береді деп есептеймін. Ал қазіргі жағдай бойынша айтсақ, Үкімет 15 жылдан бері асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуын бірнеше бағыттар бойынша үздіксіз қаржылай қолдап келеді, бірақ біз одан күткен нәтижемізді алған жоқпыз. Мысалы, мүйізді ірі қара шаруашылығын дамытуға жұмсалған қаржыны есептеп көріңізші? Бергені жұмсаған қаржыға тұрарлық па? Жоқ. Ақыр соңында біз еліміздің ішінен қанағаттанарлық мал таппай, бағасы «удай» малды шет елдерден, сонау Австралия, АҚШ, Канададан сатып алып, ұшақпен тасуға мәжбүр болып отырмыз. Егер, талапты күшейтіп, бергенімізді «қаттырақ сұрамасақ», бұл келеңсіздік жалғаса береді. Мүмкін, ол әкелінген малдардың артықшылықтарын дәлелдеуге тырысатындар да табылар, бірақ, біздің ғалымдар мен малбегілерге өткен 15-20 жыл ішінде соған жұмсалған қаржы көлеміндей қаржы бөліп, жағдай мен қамқорлық жасағанымызда, олардан өнімділігі де, өнім сапасы да кем түс­пейтін, тіпті көптеген қасиеттерімен олардан жоғары тұратын малды селекция­лайтынына сенімдімін. – Түсінікті. Енді субсидиялау мәсе­лесіне де осылайша нақтырақ тоқ­тал­саңыз. – Министрліктің 2014 жылдың 19 қарашасындағы №3-1/600 бұйрығымен бекітілген отандық асыл тұқымды мал шаруашылығын, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды мемлекеттік қаржылай қолдау – субсидиялау қағидасымен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру бағыттары бойынша жүзеге асырылады. Асыл тұқымды мал шаруашылығының мүйізді ірі қара шаруашылығында тұ­қымдық түрлендірумен қамтылған асыл тұқымды ана­лықтың басына, жалпы та­бындардағы еттік бағыттағы тұқымдық бұқаларды бағып-кү­ту шығындарын ішін­ара өтеуге, ал қой шаруашылығында тұқымдық түрлендірумен қамтылған қой­лардың ана­лық басына, асыл тұқымдық зауыттар мен шаруашылықтардағы асыл тұқымды қойлардың аналық басына бекі­тілген норматив бойынша жылма-жыл субсидия төленеді. Бұл субсидия­лар тек осы екі түлік түріне ғана қарастырылған және нормативтердің қалай анықталғаны бізге беймәлім. Мақсат – асыл тұқымды малды дұрыс бағып-күтуге, азықтандыруға, селекциялық асылдандыру ісін жүргізуге жұмсалған қосалқы шығындарды өтеу болу керек, сірә?! Ал қағидамен субсидия алуға үміткерге қойылған талаптарды зерделеп қарасақ, берілген қаржыдан күткеніміздей нәтиже алу мүмкіндігі өте төмен. Осы жерде «не себептен бас­қа асыл тұқымды түліктерге осындай субсидия төленбейді? Субсидия алуға үміткерлерге неге асыл тұқымдық және өндірістік маңызы жоқ талаптар ғана қойылған?» деген сұрақтар туындайды. Субсидиялаудың келесі бір бағыты – асыл тұқымды малды сатып алу шы­­­ғындарын ішінара өтеу. Менің тү­сінуімше, бұл асыл тұқымды малға қатардағы тауарлық шаруашылықтар­дың қолжетімділігін арттыру, яғни, асыл тұқымды мал шаруашылығы субъек­тілерінен сатып алынған бағасы қымбат сапалы аналықтар мен аталықтардың сатып алу құнын арзандата отырып, тауарлық малының сапалық құрамын жақсарту және осының нәтижесінде өнімділігі мен өнім сапасын арттыру үшін жасалса керек. Ниет дұрыс. Бірақ осы жерде тағы да бірнеше түсініксіз мәселелер туындайды. Мысалы, мал басына төленетін субсидия нормативі қалай анықталған? Асыл тұқымды қой төлінің бір басына – 8000 теңге және ол төлдің сатып алу бағасының 30-50%-ы болса, жылқы төліне – 40 мың, тіпті түйе төліне – 37 мың теңге көлемінде белгіленіп, сатып алу бағасының 10%-на жетер-жетпес мөлшерде белгіленген. Мүйізді ірі қара бойынша тіптен түсініксіз. Соңғы зоотехникалық анықтамалықтарға сүйеніп, қарапайым қазақша есеп жасасақ, 1 бас сиыр, түйе мен жылқы 10 бас қойға теңгерілетінін ескерсек, онда сиыр, жылқы мен түйенің әр басына 80 000 теңгеден субсидия төлеген әділ болар еді ғой. – Субсидия кімге төленеді, сату­шыға ма, әлде сатып алушыға ма? Қай­­сы­сына төлеген тиімді деп ойлайсыз? – Субсидия асыл тұқымды мал төлін сатып алушыға төленеді, бұрын сатушыға төленген. Мұның кемшілігі сол, сатушы – асыл тұқымды мал иесі малын барынша қымбат бағаға сатуға мүмкіндік алады. Осыдан асыл тұқымды малдың қолжетімділігі төмендейді, асыл тұқымды мал иесінің малын сатуға ынтасы болмайды, себебі, сатпаса да мал басына субсидия алып отыр. Сондықтан, субсидия сатушыға төленгені дұрыс деп есептеймін және оны малын сатуға, арзан бағамен сатуға итермелейтін тетікті табуымыз керек. – Тәжірибелі маман ретінде осы мәселелер бойынша нақты ұсыныстар айта аласыз ба? – Субсидиялау қағидаларын жетіл­діріп, мән-мағынасын, эко­но­микалық-өндірістік тұрғыдан жан-жақты зерделеп, қайта жасау керек. Мақсат – бюджет қаржысынан қолдау көрсету емес, осы қолдаудан өзіне де, өзгелерге де, халыққа да оң нәтиже беретін түпкі нәтижеге бағытталуы тиіс. Менің ойымша, асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуын қолдауға субсидия нақты негіз­демелермен белгіленген нормативтермен: асыл тұқымды мал басының нақты өсіміне, яғни, өскен санына берілсе, бұл жылдан-жылға субъектіде асыл тұқымды мал басының өсіміне және тауарлық шаруашылықтарға сатылатын асыл тұқымды мал санын арттыруға ықпал етеді. Екіншіден, өткен жылмен салыстырғандағы жоғары сыныпты – элита және I сыныпты мал басының салыс­тырмалы өсімін ескере отырып берілсе – бұл асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектісінің селекциялық мал тұқымын асылдандыру қызметін нақты жолға қо­йып, шаруашылықтағы мал сапасының одан әрі жақсаруына қолдау болар еді. Үшіншіден, жоғарыда айтып кеткенімдей, саладағы өзге отандық тауарлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған бағамен тұқымдық мақ­сатқа сатқан асыл тұқымды мал басына берілгені дұрыс. Өйткені, бұл асыл тұқымды шаруашылық субъектісінің асыл тұқымды мал төлін сатуға ынтасын арттырып, тауарлық шаруашылықтардағы мал сапасының, өнімділігі мен өнім сапасының артуына жол ашады. Тиімділікке тез қол жеткіземіз десек, бір басқа төленетін субсидия нормативі малдың орта сату бағасының 50%-нан кем болмағаны жөн. Қағиданы осылайша жетілдіру, барлық асыл тұқымды мал шаруашылықтары субъек­тілерінің субсидия қаржысына тең құқылы қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Асыл тұқымды мал басына, ба­ғып-күтуге, азықтандыруға, қолдан ұрық­­тан­дыруға және өзге де тауарлық шаруа­шы­лықтарға да ортақ, жалпы өндірістік шығындарды ішінара өтеу мақсатына субсидия төлеу, бюджет қаржысын орынсыз шығындау деп санаймын. Енді қағидамен субсидия алушыға қойылған өлшемдер мен талаптарға келетін болсақ, осы негізгі өнім өн­дірушілер – шаруа және жеке үй қожалықтары өндірген өніміне мемлекет тарапынан қолдау – субсидия ала алмайды. Себебі, оның кемінде 300 бас аналық қойы, 75 бастан кем емес аналық түйесі, не аналық жылқысы болуы және олардың етке өткізу орта тірідей салмағы қойда 45 кг-нан артық емес, ірі қаранікі 350 кг-нан кем болмауы міндеттелген. Сонда біз, қағиданы «субсидияны кімге төлеу үшін жасадық?» деген орынды сұрақ туындайды. Тағы бір түсініксізі, неге етке өткізілетін қойдың салмағы 45 кг-нан аспауы керек? Сонда не, етке қозы мен тек «көтерем» ірі қой тапсыруымыз керек пе? Салмағы 60-70 кг келетін семіз «ісектеріміз» бен «құ­нан» қойларымызды, «тоқтасқан» малдарымызды етке тапсырсақ, неге субсидия төленбейді? Әлде бұларды мал сою орнымен ымыраласып, 2 қозының есебіне сойғызып, етке өткізіп, субсидия аламыз ба? Жоқ, әлде қой етімен халықты қамту мәселесін толық шешіп, енді халықты тек қана табиғи аса таза, «тіске жұмсақ» қозы етімен қамтуға бағыт ұстандық па? – Күзембай Ерғалиұлы, өз ой-пі­кіріңізді, ұсынысыңызды ашық айтып, бөліскеніңізге рахмет. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»  Маңғыстау облысы