01 Шілде, 2016

Исекешев іске кірісті

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әсет ИсекешевАстана әкімі Әсет Исекешев өзінің жаңа қызметіне кіріскен күн­нен бастап бас қаланың барлық аудандарын аралап, тіршілікті қам­тамасыз етудің тіректі нысандарымен танысты.  Шаһар басшысы ең алдымен осы уақытқа дейін талай сынның айтылуына арқау болған атышулы Талдыкөлге ат­­басын бұрды. Қаттырақ жел соққан­да қолқаны қабар жағымсыз иіс елор­далықтарға едәуір қолайсыздықтар тудыратыны туралы жайсыздау әңгіменің әркез көтеріліп жүргені жасырын емес. –  Бұл мәселені ұдайы назарда ұс­тай­тын боламыз. Елбасының осыған бай­ланысты тапсырмасы белгіленген мерзімінде әрі мүлтіксіз орындалуға тиіс, – деді ол тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып. Сол арада жұмыс жүргізіп жатқандар әкімге көлді құрғату бағытында басы қайырылған шаруалардың барысын баяндап берді. Бұл ретте, әсіресе, лас суды тазалайтын қосымша қондырғылар орнату мен тозған тораптарды қайта жөндеуге айрықша назар аударылуда екен. Былтырдан бері мұнда қаланың қалдық суларын жіберу тоқтатылған. Осы жылдың аяғына қарай көлдің табаны тегіс тазартылмақ. Елорда мэрі, сондай-ақ, астаналық­тардың күнделікті тұрмысында айтар­лықтай орын алатын екінші және үшінші жылу энергетикалық орталықтарына барып, алдағы жылыту маусымына дайындық деңгейін тексерді. Аталмыш кәсіпорын жетекшілерінің айтуына қа­рағанда, екінші ЖЭО-да қыр астындағы қыс түскенше №5, 6, 7 қазандық агрегаттарын іске қосу жоспарланып отырған көрінеді. Егер осы жоба ойдағыдай жүзеге асса, жалпы жылу беру мүмкіндігі 400 Г-калға шейін артпақ. Ал үшінші ЖЭО-ның бірінші кезегін салу жұмыстары кестеге сәйкес жалғасуда. Астана қалалық энергетика басқар­масының басшысы Бақтыбек Жапаевтың сөзіне сенсек, кәсіпорынның тапқан, таян­ған табысы толықтай инвестициялық бағдарламаларды орындауға жұмсалады. Демек, бұлар өзін өзі қамтамасыз ететін­діктен, бюджет қаржысы шығындалмайды. Оның үстіне үшінші ЖЭО-ның екінші кезегі мемлекет-жеке меншік әріптестігі аясында пайдалануға берілмек. Энергетиктермен әңгіме кезінде Ә.Исе­кешев қуат көздерінің құрылысын жүргізу мен қайта жарақтандыру­дың кез келген қала үшін стратегиялық зор маңызы барын, ал елордада оның қажеттілігі тіптен арта түсетіндігін атап өтті. Өйткені, қазір екінші және үшінші ЖЭО-дағы ауқымды істер аяқталса, жылу жетіспеушілігін жауып, Астананы үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге жан-жақты жағдай жасалатын болады. Табиғаттың тасыр мінез танытуы себепті кейінгі күндері Астананың ком­муналдық қызметтері күшейтілген ре­жімге көшірілді. Толассыз жауған жаңбыр салдарынан кейбір көшелер көлкіп кетті. Осыған орай әкім Әсет Исекешев су басу­дың салдарын жою жөнінде жедел кеңес өткізіп, барлық күштерді ортақ мақ­сатқа жұмылдыруды тапсырды. Әзірге аспан қабағының ашылатын түрі байқалмай тұр. Алдымызда айтулы мереке – Астана күні тойланбақ. Оған әзірлік шарықтау шегіне жеткені әмбеге аян. Ендеше, елорда басшысының қаланың қарбалас тірлігінен бір сәт бой тартып, ентігін басуына уақыты жоқ екендігі талас тудырмаса керек. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»