01 Шілде, 2016

Органикалық өнімдердің өзекті мәселелері

426 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Органикалық ауыл шаруашылығы өнімін табиғи экологиялық таза өнім ғана деп ұғатындар қателеседі. Ол жөнінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өткен «Органикалық ауыл шаруашылығының бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева айтты. Күні кеше аталған оқу орнын­да өткен ғылыми-тәжірибелік кон­фе­ренция өмірімізге жаңа ұғым­дар алып келіп, күнделікті тұты­на­тын азық-түлік өнімдерінің жаңа стан­дарттарын алға шығар­ды. Конфе­ренцияның ашылу сал­тана­тында сөз алған агротехни­калық университеттің басқарма төр­­ағасы Ақылбек Күрішбаев әр істің жақсы аяқталуы қалай баста­луы­на байланысты екенін айта ке­ліп, органикалық ауыл шаруашы­лы­ғына қатысты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Қазақстанда бірінші рет өткізі­ліп отырғанына назар аудартты. Сөйтіп, конференцияға алыс-жақын бірқатар елдердің елшілері мен аталған салаға жетік маманданған, халықаралық деңгейде еңбектері еленіп жүрген шетелдік және отандық ғалымдар қатысып отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда еліміздегі жетекші оқу орындарының ғалымдары органикалық ауыл шаруашылығы бойынша бірқатар жобаларды қолға алып, оған шетелдік ғалымдарды да қатыстырып жатқанын айтты. Оған қоса алда атқарылатын ауқымды жұмыстар жөнінде әңгімеледі. «Қазақстанда халықаралық ережелер бойынша 300 мың гектарға жуық жер сертификатталған, оннан астам қазақстандық фирмалар өздерінің эколо­гиялық таза өнімдерін экс­порт­қа шығарып жүр. Олар негі­зі­нен дәнді дақылдар. Елімізде орга­ни­калық нарықтың толыққанды дамуы үшін, алдағы уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан ұлттық инспекциялық және сертификациялық органдар құру қажет. Бұлармен бірге, рес­пуб­ликаның органикалық ауыл шаруа­шылығы жағдайындағы топырақ-климаттық аймақтарына арналған ауылшаруашылық өнім­дерін өндіру мен оларды қайта өңдеу және сақтаудың жаңа адди­тив­ті технологияларын енгізу жұмыс­тары бар. Сондай-ақ, оларды жетіл­діру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу міндеттері тұр», деді басқарма төрағасы. Өткен жылы елімізде «Орга­ни­калық өнімдерді өндіру» туралы заң қабылданғанын алға тартқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі, бұл өнімнің алыс-жақын шетелдерде нарығы кең, болашағы зор екеніне тоқталды. «Біздің кейбір фермерлер мен түрлі шаруа қожалықтарының жетекшілері органикалық өнімді табиғи экологиялық таза өнім деп түсінеді. Негізінде бұл дұрыс емес, органикалық өнім табиғи таза болумен қатар, тиісті тыңайтқыштар пайдаланылған және озық технологиялар арқылы өндірілген өнім. Біз шаруаларымыз бен жер өңдейтін дихандарымызға және олардың өнімін экспортқа шығаратын фирмаларға осы мәселелерді, яғни органикалық өнімді жетілдіріп жинаудың белгілі бір талаптары бар екенін дұрыс ұғындыра білуіміз ләзім», деді Г.Исаева. Үкімет өкілінен кейін сөз алған Қытай Халық Республикасының елшісі Чжан Ханьхуэй Ұлы Дала елі мен Аспанасты елінің көршілік, достық қарым-қатынасымен қатар, экономикалық байланысы жақсы дамып келе жатқанына тоқталды. Ол Қазақ ауыл шаруашылығына Қытай инвесторларының қызығушылығы зор екенін айта келіп, олардың саны да көп екенін білдірді. «Себебі, Қытайда органикалық өнімдердің нарығы жыл сайын ұлғайып келеді. Өйткені, осы таза өнімдерді тұтынушылардың саны сәт сайын артып жатыр. Біздің елде органикалық ауыл шаруашылығы дамып жатыр дегенімізбен, Батыс елдеріндегі осы саланы мықтап қолға алған елдерден үйренеріміз әлі де көп. Біз бір бірімізден үйреніп, бір бірімізге көмектесіп осы саланың кең өрістеуіне жол ашуымыз керек», деді елші. Іс-шарада елдегі органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс секторының жан-жақты проблемалары мен болашағы талқыланды. Бұған қоса, осы саланы жақсы дамытып отырған елдермен тәжірибе алмасу шарасы да айтылды. Органикалық өнімдердің сырттағы нарығымен танысып, отандық органикалық өнімдерді оған жеткізу жұмыстарына назар аударылды. Конференцияның екінші жартысында «Органикалық өнімді Азия және Еуропа нарықтарына жеткізу мәселелері мен оның келе­шегі» атты дөңгелек үстел өтті. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан»