01 Шілде, 2016

Өңірлердің белсенділігі қажет

242 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
100-851«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы офисінің мәжіліс залында вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында өңірлермен қарым-қатынас және оны ілгерілету мәселелері бойынша кеңейтілген мәжіліс болып өтті. Оған ЭКСПО көрмесін өткізуге байланысты жауапкершілік жүктелген еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Кеңейтілген мәжіліске қатыс­қан­дардың алдында «Астана «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың бас­қар­ма төрағасы Ахметжан Есі­мов баяндама жасады. «Осы жиын барысында атап көр­се­тіл­ге­ніндей, біз елордада өтетін ЭКСПО көрмесін тамаша­лаушы­лардың қатары көп бола­тын­дығына тәнті болғандаймыз. Осыған байланысты барлық өңір­лердің әкімдіктерін көрмеге келетін туристер легін реттеп оты­руға шақырамыз. Көрме өтетін күндері өңірлерден Аста­наға ағылатын адамдар легі көп болады. Сондықтан тәр­тіп пен реттілік өте қажет. Екін­шіден, біз көлік-логистика мәсе­лесіне, келген қонақтарды, оқу­шы­ларды орналастыруға және олар­дың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бұл ретте өңір­лердің әкімдіктері ұлттық компаниямен және Астана қаласы әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек», деп атап көрсетті баяндамашы. Одан әрі Ахметжан Есімов ЭКСПО көрмесіне билет сату науқанының басталғанын атап көрсетті. Қазіргі күндері онлайн режімі бойынша билет са­ту барлық өңірлерде өріс алған. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйе­гінен бастап офлайн режімін­дегі билет сату үрдісі бастау ала­ды. Бұл ретте ұлттық компа­ния бастығы еліміздің турис­тік бизнесі саласының өкілде­ріне үлкен жауапкершілік жүкте­ле­тіндігін атап көрсетті. «Халықаралық дәрежедегі мұндай ірі шаралар өткізілген кезде туристік компаниялардың бел­сенділік көрсетуі дәстүрлі жағдай. Жақында біз ЮНВТО-ның (БҰҰ-ның бүкіләлемдік турис­тік ұйымы) бас хатшысы Талеб Рифаимен кездесіп, меморандумға қол қойдық. ЭКСПО көрмесі ке­зінде кемінде 100 мемлекеттің туризм министрлері қатысатын халықаралық конференция өт­кізу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Испанияның туризм жөніндегі агенттігінің бас дирек­торы Марто Бланкомен жүздес­кенімізде, ол Испания елінің ІЖӨ-сінің 11 пайызы туризм үлесіне тиесілі екенін, тұрғындардың 13 пайызы осы салада еңбекпен қамтылғандығын, туризм ұлттық экономиканың екінші ірі саласы екендігін атап көрсетті. Ел эко­номикасына жыл сайын туризм саласынан 67 миллиард еуро түсім түседі екен. Ал еліміздің Ұлттық банкінің деректері бойынша Қазақстанның туризм сала­сының төлем балансы кері кеткен (минус 400 миллион АҚШ долларына тең). Елімізге келетін қонақтардың ішінде туризм мақ­сатымен келетіндері 1 пайызды ғана құрайды, яғни 60 мың адам мөлшерінде. Ал ЭКСПО көр­месі өтетін 3 ай ішінде біз бұл көрсеткішті 5-7 есе арттыруымыз керек. Ендеше, жағдайды түбі­рімен өзгерту үшін біз барлық ұйым­дастырушылық шараларын ұтымды өткізуіміз керек», деді ұлттық компания басшысы. Одан әрі ұлттық компания бас­шысы волонтерлік корпустың жұмысын ойдағыдай ұйым­дас­тыру мәселесіне тоқталды. Волон­терлар – ЭКСПО көрме­сінің айнасы ғана емес, сонымен бірге, еліміздің де айнасы бо­луға тиіс. Ұлттық компа­ния бас­шысы еліміздің көпте­ген өңір­лерінде ЭКСПО лого­типі тиісті дәрежесінде пайда­ла­ныл­майтындығын айтты. Сонымен бірге, кейбір шенеу­ніктер орын алған кемшіліктерді ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу шарасымен бүр­кемелігісі келетін көрінеді. Мәсе­лен, өткен аптада Астана қала­сы автомобиль жолдары басқар­масының басшысы теледидар арқылы қаладағы кейбір көптеген көшелердің жолдары ЭКСПО көрмесін өткізуге байланысты қолға алынбай отырғандығын айтқан. Ал Қосшы кентінің әкімі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында жол жөндеуге бөлінген барлық ақшаның ЭКСПО-ға аударылғандығы жөнінде теріс мәлімет таратқан. Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы осы шараға байланысты тежеліп отырғандығы алға тартылған. Осындай мысалдарды көптеп келтіре келіп, Ахметжан Есімов жергілікті ше­неуніктердің жұмыстағы кемші­ліктерді халықаралық шара өткізу оқиғасымен бүркелемек болған пиғылдарына қатаң тыйым салу керектігін ескертті. Ұлттық компания басшысы атап көрсеткендей, ЭКСПО көр­месінің қалашығын салу бүгін­гі таңда еліміз үшін нақты дағ­дарысқа қарсы жоба болып отыр. Көрме қалашығының құры­лысында бүгінде 11 мыңнан астам қазақстандықтар еңбек ету­де. Сонымен бірге, көрмеге қатыс­ты өнімдер шығаратын бар­лық өңірлердегі отандық кәсіп­орындарда 30 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Көрме нысандары құрылысын тұрғызуға 262 отандық тауар өндіруші кәсіпорындар тартылып, жалпы көлемі 36,8 миллиард теңгенің келісімшарттары жасалған. Жалпы көлемі 244 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске асырылуда. Тек осы инвестициялық жобалардың нәтижесінде ғана 5300 қосымша жұмыс орны ашылған. Қазірдің өзінде әлемнің 91 мемлекеті және 15 халықаралық беделді ұйым «Астана ЭКС­ПО-2017» халықаралық маман­дан­дырылған көрмесіне қатысуын растады. Жалпы, елордадағы көрмеге 100 мемлекет, 15 халық­аралық ұйым қатысады деп күті­луде. Сиско, Самсунг, Шелл, DHL, Дженерал Электрик сияқты әлемге танымал ірі компаниялар елордада өтетін ЭКСПО-2017-нің серіктестері болып табылады. Ұлттық компания басшысы сөзі­нің қорытындысында ЭКСПО көр­месін өткізуге дайындықты барын­ша ыждаһатты жүргізудің халық­аралық дәрежеде еліміздің беде­лін арттыруда зор маңызы бола­тындығын атап көрсетті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»