01 Шілде, 2016

Медиация міндеті – ымыраға үндеу

408 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ERA_0657+Елордадағы Ұлттық музейде Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отырысы өтіп, онда республикалық Қоғамдық келісім кеңесі мен Жоғарғы Сот арасында медиация институтын дамыту жөніндегі екіжақты меморандум бекітілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко мен Жоғарғы Сот жанындағы Соттар қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департамент жетекшісі Ілияс Испанов қол қойған бұл құжат қоғам арасындағы шиеленістің деңгейін төмендетуге әсер ететін дауларды сотқа дейін реттей отырып, бірлескен іс-шараларды іске асыруды көздейді. Судьялардың Астанада өткен VI съезінде Мемлекет басшысы сот тәртібінде қаралатын даулардың санын қысқарту мен оларды шешудің баламалы түрлерін енгізудің, татуластырудың рәсімдерін және медиацияны дамытудың маңыздылығын айтқан болатын. Осыған орай, бүгінгі таңда бұл бағытта игілігі мол шаруалар қолға алынуда. Қоғамдық келісімді нығайтып, азаматтарды татулыққа үндейтін құжатты әзірлеуге шалғай жатқан ауыл-аймақтар мен халқы тығыз орналасқан қалалардың тұрғындары қатыстырылған. Сондықтан да, бұдан былай құзырлы органмен қоғамдық келісім кеңесінің қызмет көрсету аясы кеңейе түсетіндігі шүбәсіз. Ассамблея мүшелері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан жиынға жетекшілік еткен ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов ендігі қызметтің басымдығы ел ішінде медиация саласын кеңінен насихаттауға бағытталатындығын атап өтті. «2011 жылы Қазақстанда арнайы медиация туралы заң қабылданған еді. Сол заңды іске асыру туралы сұрақтар әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Ал бұл мәселемен көп жылдан бері сот жүйесі нақты айналысып келеді. Сондықтан да біз өз жұмысымызды нақтылап, медиация туралы заңды іске асыру үшін Жоғарғы Сотпен осындай меморандумға қол қойып отырмыз. Мұндай шара аймақтық деңгейде де жүзеге асырылып, тіпті, аудан, ауылдық жерлерде де кең ауқымда қызмет ететін болады», деді Е.Тоғжанов. Ералы Лұқпанұлының айтуынша, мұндай меморандумдар барлық облыстық соттар мен әкімдіктер арасында заңды түрде бекітілген. Оның аясында дауларды сотқа дейінгі және соттан тыс реттеу жөніндегі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, медиа-жос­пар қабылданады әрі елді мекендерде медиация кабинеттері ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл қызметке отставкадағы судьяларды тарту арқылы кәсіби емес медиаторлардың рөлін күшейту секілді бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қарастырылған. Қазіргі уақытта медиация институты қоғамда және кәсіби заңгерлер тарапынан қолдау тауып отырғаны белгілі. Ал медиация қызметін қолданысқа кеңінен енгізу ісімен айналысып жүрген мамандардің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 5 айында ымыраға келтіру арқылы шешілген істер былтырғыға қарағанда екі есеге жуық артқан. «Мәселен, 2015 жылы 5 347 іс медиаторлардың көмегімен шешілсе, биыл бұл көрсеткіш 9394-ке жетті», деді Е. Тоғжанов. Қоғамдық келісімді нығайтуға үндейтін құжатқа Ассамблея атынан қол қойған Леонид Прокопенко мұндай шара ҚХА қызметін ресмилендіре отырып, ел ішінде татулықты ту ету үшін жүзеге асырылып жатқандығын алға тартты. «Расымен де, біз осы құжат аясында өз жұмысымызды журналға тіркеп, қағазға құнттап жазып қою үшін ғана емес, керісінше, азаматтар арасындағы ашу-араздықты болдырмай, оның алдын алудағы іс-әрекетімізді заңнамалық талаптарға сәйкестендіре отырып орындамақпыз. Ол үшін біздің аймақтарда орналасқан Достық үйлері мен Қоғамдық келісім кеңестерінің кеңселерінен арнайы кабинеттер ашылады. Қызмет көрсететін білікті мамандар тарту мақсатында осындай меморандум бекітудеміз. Бұл құжат аясында құқық қорғау органдарында ұзақ жыл қызмет етіп зейнетке шыққан немесе отставкадағы судья сынды кадрларды қатыстыруды көздейміз. Осылайша, медиация саласындағы білікті кадрлар санатын көтермекшіміз», деді ол. Құзырлы орган атынан қол қоюға қатысқан өкіл Ілияс Испанов болса, Жоғарғы Сот пен ҚХА бірлесіп атқаратын бұл жұмыс ел бірлігін бекемдеп, ұлттарды ынтымақтастыққа ұйыта түсетіндігін айтты. «Елбасымыздың медиация туралы қызметін кеңінен қолданысқа енгізуде Ассамблеямен бірлесе қызмет етуіміз, келешекте өз тиімділігін көрсететіндігі сөзсіз. Себебі, ауыл-аймақтар мен шалғай елді мекендерде тұратын сан түрлі жанжалдар мен дау-дамайларды шешуде құқық қорғау органдары өкілдерінің толық мүмкіндіктері бола бермеуі мүмкін. Бұл меморандум бізге осы олқылықтың орнын толтыруға оң септігін тигізбек. Яғни, жергілікті жерлердегі сот саласының білікті қызметкерлері ҚХА мамандарымен кеңесе отырып, өз көмектерін көрсететін болады. Осылайша, Жоғарғы Сот аймақтардағы медиация орталықтарын білікті кадр­мен қамтыса, Ассамблея олардың материалдық қажеттіліктерін оңтайлы шешіп бермек», деді. Жалпы, ымыраға үндейтін құжатқа бүгін ғана қол қойылды дегеніміз болмаса, қазірдің өзінде үш облыстағы Достық үйінде арнайы кабинеттер жұмыс істейді екен. Онда жергілікті жердің судьялары мен өзге де органдардағы құқық қорғау саласының мамандары тұрмыстық жанжал мен шұғыл шешімін табуды қажет ететін әлеуметтік түйіндерді тар­қатуда белсенді әрекет етуде көрі­неді. Атап айтқанда, дүрдараз­дыққа ұшырап, талас-тартысты мә­селеде тараптарды сотқа жеткіз­бей ымыраға шақыруда осы мемо­ран­думның мүмкіндігі кеңейе түспек. Сондай-ақ, Жоғарғы Сот өкілінің түсіндіруінше, қазіргі қоғамда медиаторлық қызметтің екі түрі бар. Олар – кәсіби және кәсіби емес медиаторлар. Бұл жерде кәсіби медиатор санатына мемлекет атынан әрекет ететін құқық қорғау саласының қызметкерлері болса, кәсіби емес медиаторлар санатына осы ҚХА аясында қызмет ететін сертификатсыз медиатор мамандары жатқызылады. Алайда, екеуінің де мақсат-міндеті мен көздеген әрекеті бір болғандықтан, медиация туралы заң жобасы жоғарыда айтқан сертификатсыз медиаторлардың да қызметіне тыйым салмайды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»