01 Шілде, 2016

Бағдарламалық басымдықтардың шешуші рөлі

286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
сыртқы істер министріҚазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Нью-Йоркке сапары аяқталды. Ол 2016 жылғы 27-29 маусымдағы Нью-Йоркке сапарының аясында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің (БҰҰ ҚК) тұрақты емес мүшелерін сайлауға қатысып, бірқатар елдердің сыртқы саясат ведомстволарының басшыларымен кездесті және америкалық, сондай-ақ, басқа да елдердегі әріптестерімен келіссөздер жүргізді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайлануы сапардың маңызды оқиғасы болды. Қазақстанның кандидатурасын дауыс беруге қатысқан БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 138-і қолдады (қарсыласымыз Таиландқа 55 мемлекет дауыс берді). Е. Ыдырысов қазақстандық өтінімді мақұлдауда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың оны белсенді ілгерілетуі мен БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы барысында ұсынылған бағдарламалық бастамалары шешуші рөл атқарғанын атап өтті. «Қазақстан үшін бұл – тарихи күн. Біздің еліміз БҰҰ Жарғысы бойынша жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттенген ең маңызды саяси органның құрамына тарихта бірінші болып сайланған Орталық Азия мемлекеті болды. Бұл – Қазақстанның және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғасының халықаралық деңгейдегі биік беделінің, оның жаһандық және өңірлік мәселелерді реттеуге, ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелерін ілгерілетуге қосқан бірегей үлесінің жарқын айғағы», – деді осыған орай Е.Ыдырысов. Министрдің айтуынша, Қазақ­стан­ның осындай аса көрнекті табысқа Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығы, сондай-ақ, Қазақстан­ның дипломатиялық қызметі күні (2 шілде) аясында қол жеткізуінің символдық мәні бар. Дауыс берудің қорытындысы бойынша Сыртқы істер минис­трі Қазақстан тарапынан өтіні­мімізді қолдаған барлық деле­гацияларға шынайы алғысын білдірді және барлық кандидат мемлекеттердің шын, ашық науқан жүргізгендеріне жоғары баға берді. Е. Ыдырысовтың айтуынша, қазақстандық дипломатия БҰҰ ҚК-ге алдағы мүшелікті қауіпсіздік пен бейбітшілік, қару­сыздану, терроризмге қарсы күрес, өңірлік дауларды реттеу мә­селелерін шешуге және орнықты дамудың мақсаттарын жүзеге асыруға үлесімізді ең жоғары жаһандық деңгейде қамтамасыз ету үшін пайдалануға ниетті. Қазақстан БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болуға өз кандидатурасын ұсынуды алғаш рет 2010 жылғы маусымда жария етті. Сол уақыттан бастап қазақстандық дипломаттар өтініміміздің тәжі­ри­белік мәні мен негіздемесін ха­лық­аралық қоғамдастыққа жет­­кізу, мүше мемлекеттердің мей­­лін­ше ауқымды тобының қол­дау­ын алу үшін бірізді жұмыс атқар­ды. Қазақстан өзінің БҰҰ ҚК шеңберінде атқаратын жұ­мы­сының төрт басым бағы­тын белгіледі: ядролық, энерге­тикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі. Осы басымдық­тарды әлемнің көпжақты дипло­матия­сының ең басты алаңында ілгерілете отырып, Қазақстан Қауіп­сіздік Кеңесімен, жалпы БҰҰ-ға мүше барлық әріптес­терімен өте тығыз іс-қимыл жасауға ниет білдірді. Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Астана бүкіл Орталық Азияның мүдделерін де осы алаңда қорғайтын болады және өңір үшін маңызды мәселелерді көтермекші. Е.Ыдырысов сайлау қарсаңында құрамына сәйкесінше БҰҰ-ның 120 және 33 мемлекеті кіретін екі ірі бірлестігінің, яғ­ни Қосылмау қозғалысы мен Латын Америкасы және Ка­риб бассейні мемлекеттері тобының тұрақты өкілдері алдында сөз сөйледі. Осы кездесулер барысында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы дипломаттарды терроризмге қарсы күрес, қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау салаларындағы Мемлекет басшысының жаһандық бастамаларына және «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің мазмұнына жан-жақты тоқтала отырып, Қазақстан сыртқы саясатының өзекті басымдықтарымен таныстырды. Бұдан басқа, Е.Ыдырысов Италия, Швеция, Нидерланд, Эфиопия, Таиланд сыртқы сая­сат ведомстволарының басшыларымен, Ұлыбритания, Франция, Қытай, АҚШ, Жапония, Финляндия, Үндістан, Пәкістан, Иран, Түркия және т.б. елдердің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдерімен кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізді. Олардың барысында екіжақты қатынастар мен көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Еліміздің Сыртқы істер ми­нистрі сапарының соңғы күнінде АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ниша Бисвалмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан-Америка стратегиялық үн­қатысуын ілгерілету, екіжақты ынты­мақтастықтың және халық­аралық күн тәртібінің кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты. Жалпы, Е.Ыдырысовтың Нью-Йоркке сапары БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне мүшелікке мемле­кетіміздің өтінімін табысты бекітіп қана қоймай, Мемле­кет басшысының сыртқы саясат­қа қатысты жаһандық басымдық­тарын одан әрі ілгерілетуді қамта­масыз етті. Сәулебек БІРЖАН